×
541.18
636.05
6.52
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
541.18
636.05
6.52

Жаңа заң: уәде көп, бірақ қарыздар сол қалпы

Бүгін, 12:00
Жаңа заң: уәде көп, бірақ қарыздар сол қалпы
Ulysmedia.kz коллажы

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова мәжіліс депутаттарына «Банктер және банк қызметі туралы» заңды таныстырды. Қазақстандықтарды клиенттерді қорғаудың жаңа ережелері, мінез-құлықтық қадағалау және шетелдіктер үшін нарықты ашу күтіп тұр деп уәде етілді. Алайда Ulysmedia.kz шын мәнінде жағдай басқаша екенін, банктердің мемлекет алдындағы қарызы 1,3 триллион теңгеге жеткенін, ал нақты бәсеке жоқтың қасы екенін анықтады.

Сандар сөйлесін

Қағаз жүзінде бәрі мінсіз көрінеді. Ал іс жүзінде тәуелсіздіктің 30 жылында Қазақстанға бірде-бір ірі шетелдік банк келген жоқ.

– Бізде қазір бар-жоғы 23 банк қана қалды, соңғы жеті жылда сегіз банктің лицензиясы қайтарылды: олар төлем қабілетінен айырылды, банкротқа ұшырады, – деді отырыста Әбілқасымова.

Реттеуші «шетелдіктер үшін қолайлы жағдай жасаймыз» деп сендіруде. Бірақ сарапшылардың пікірінше, нарық бірнеше ірі ойыншы арасында бөлініп қойған, ал ешқандай «қадағалау» бұл жағдайды өзгертпейді. Ал Әбілқасымова болса: «Біздің заң шетелдік банктерге келуге мүмкіндік беретіндей негізделген» деп отыр.

– Біз 15 жылда алғаш рет банк лицензиясын бердік: Оңтүстік Кореялық банкке (BNK Commercial Bank). Олар Қазақстанды бүкіл Орталық Азияға қызмет көрсететін өңірлік орталық бола алады деп есептейді, – деді агенттік басшысы жетістік дәлелі ретінде.

Алайда 15 жылда берілген бір ғана лицензия – шетелдік банктердің Қазақстанға келуге асықпайтынын көрсетеді.

Ескі бақылауды жаңа атаумен жасыру ма?

Жаңа заң жобасында «мінез-құлықтық қадағалау» деген ұғым пайда болды және ол «реформалық қадам» ретінде ұсынылуда. Агенттік басшысының айтуынша, бұл қадағалау «клиентпен өзара әрекеттің сапасын: өнімдердің ашықтығын, проблемалық қарыз алушылармен жұмысты, жасырын комиссияларға тыйымды» тексеруге бағытталады.

Сонымен қатар құжатқа алаяқтық кредиттерді есептен шығарудың негіздерін кеңейту енгізілген және тұтынушылар құқығына арналған жеке тарау бар. Мәдина Әбілқасымова депутаттарға бұған дейін банктердің пруденциялық қадағалауда болғанын түсіндірді. Ол кезде депозиттердің сақталуын қамтамасыз ету үшін капитал, өтімділік және басқа да көрсеткіштер бақыланатын. Енді жаңа тәсіл банктер мен клиенттердің байланысын жүйелі қадағалауға мүмкіндік береді.

– Біз бұл механизмді нақты сипаттап, құрылымдадық. Реттеушінің өкілеттіктерін және банктерге қатысты қолданылатын шараларды жазып шықтық. Енді қаржылық өнімдерді әзірлеуге, қиындық туындағанда банктердің қарыз алушылармен жұмыс істеуіне, тәуекелдерді басқару жүйесіне қойылатын талаптар енгізіледі. Алғаш рет бұрын нақтыланбаған әділетсіз тәжірибелердің тізімі жасалды, – деді ол.

Әбілқасымованың айтуынша, бұл қадам қарыз алушылардың құқықтарын күшейтіп, әділетті жағдай жасауға жол ашады. Сондай-ақ біртұтас қаржылық омбудсмен қызметі құрылады. Оның құрамына банк омбудсмені, микроқаржылық омбудсмен және сақтандыру омбудсмені енеді.

– Біз банк омбудсменін, микроқаржылық омбудсменді құрдық. Сақтандыру омбудсмені де бар. Енді біртұтас қаржылық омбудсмен қызметін қалыптастырамыз, – деп қосты ол.

Жеке тәуекелдер

Жаңа заңның жүйелік маңызы бар банктерді құтқару тетігі деген тағы бір қырына назар аудару қажет. Мәдина Әбілқасымова мұны мемлекет банктің капиталына кіре алады, мұндай жағдайда банк күйреуіне жеткізген акционерлер «банктен толық айырылып, меншік құқығынан айырылады» деп түсіндірді. Ал егер бюджет шығындары жеткіліксіз болса, «жарналар бүкіл банк секторының мойнына жүктеледі, барлық қатысушылар міндетті түрде үлес қосады». Осылайша, тиімсіз немесе адал емес менеджерлер мен акционерлердің тәуекелі тағы да қоғамға жүктеледі. Мемлекет пен басқа банктер өзгенің қателігін төлейді, ал жекеменшік пайда сол оны иеленгендерде қалады.

– Мемлекеттің араласуы уақытша әрі қайтарымды сипатта болады және ең аз қажетті көлемде жүзеге асырылады. Бұл банктің акционерлері мен басшылығының ауысуымен, дивиденд пен бонус төлеуге тыйым салумен, тәуекелі жоғары операцияларды шектеумен және қаржылық сауықтыру жоспарын іске асырумен қатар жүреді, – деп түсіндірді Әбілқасымова.

Оның айтуынша, қаржылық тұрақтылық қалпына келген соң банк жаңа инвесторға сатылып, мемлекет салған қаражат бюджетке қайтарылады. Мәжілісте «Банктер және банк қызметі туралы» заңды таныстыру кезінде агенттік басшысы қазақстандық төрт банктің әлі де мемлекетке қарыз екенін мәлімдеді. Олар: Alatau City Bank – 950,2 млрд теңге, Bank RBK – 176,8 млрд, Еуразиялық банк – 150 млрд және Нұрбанк – 46,8 млрд теңге. Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, Alatau City Bank-тан басқа барлық банк алған мемлекеттік көмекті мерзімінен бұрын – үш-бес жыл ішінде қайтаруы тиіс. 2023 жылдан бүгінге дейін банктер мемлекет алдындағы қарыздың 526,9 млрд теңгесін өтеді. Қалған берешек – 1,3 триллион теңге.

Реформа тек есеп үшін бе?

Әбілқасымова жүйелік маңызы бар банктің банкротқа ұшырауы «қаржы жүйесіне жүйелік қауіп төндіруі мүмкін» екенін және мемлекеттік қолдау «ерекше шара» болып саналатынын айтты. Алайда Қазақстан банк секторының шын мәнінде нарықтық бола алмауының басты себебі – нақты бәсекенің жоқтығы мен мемлекеттік қолдаудың шексіз мүмкіндігі емес пе?

2025 жылдың соңына дейін қабылданады деп уәде етілген реформа туралы дабыралы мәлімдемелер нарық өзгерістерге дайын деген әсер қалдырады. Бірақ шындыққа көз жүгіртсек, бәрі басқаша: жаңа заң ескі проблемаларды шешуден гөрі оларды басқа атаумен бүркемелеуге көбірек ұқсайды. Сол баяғы ойыншылар, сол баяғы мемлекет есебінен құтқару тетіктері, сол баяғы триллиондық қарыздар. Тек тұжырымдамалар мен қадағалау функцияларының атаулары өзгереді.

Банктер мемлекет өзін тастамайтынын біліп отырғанда, ал бәсеке тек қағаз жүзінде қалғанда, ешқандай заңдар жағдайды өзгертпейді.

Серіктес жаңалықтары