Биыл кемінде 300 мың борышкер мерзімі өткен несиесін жеңілдетілген тәртіппен қайта өтеуге мүмкіндік алады. Бұл үшін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі арнайы жаңа платформаны іске қосты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қалай жұмыс істейді?
Информбюро31 мәліметінше, енді төлемін 90 күннен аса кешіктірген азамат жүйеге кіріп, өтініш қалдыра алады. Платформа қарыз алушыға жеке жағдайына сәйкес жеңілдетілген төлем кестесін ұсынуы тиіс. Жоба борышкерлердің қаржылық жүктемесін азайтуға бағытталған.
Өткен жылы агенттік 90 күннен астам мерзімін кешіктіргендерге несие беруге тыйым салған еді. Алайда мәселе шешілмеді – керісінше, проблемалық қарыз алушылар саны өскен. Мысалы, 2023 жылы «қара тізімнен» 280 мың адам шығарылса, биыл тағы 300 мың адам соған қосылған. Сондықтан агенттік қарызды ұжымдық реттеу тетігін енгізіп отыр.
Агенттік төрағасы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, жаңа жүйе 1 тамыздан бастап пилоттық режимде іске қосылған. Жобаға ірі банктермен қатар 12 микроқаржылық ұйым қатысып жатыр. Қарыз алушы өтініш берген жағдайда оған ыңғайлы төлем кестесі ұсынылады.
– Көп жағдайда борышкердің бірнеше қаржы ұйымына қарызы болады. Бір банк айыппұлын алып тастаса, екіншісі пайызын төмендетуі мүмкін. Ал микроқаржылық ұйымдардың мұндайға бармайтыны жиі кездеседі. Жаңа платформа арқылы әрбір қарыз алушыға қаржылық жағдайына сәйкес келетін төлем кестесі беріледі, – деді Әбілқасымова.
Енді қаржы ұйымдары несие берерде қарыз алушының тек несие тарихын ғана емес, қаржылық тәртібін де бағалайды. Яғни, табысын басқару, жинау және жұмсау мәдениеті назарға алынады.
Сонымен қатар, жаңа ереже бойынша несие төлемін бір күн кешіктірген тұтынушыға да қарыз берілмейді. Яғни, банктер төлемін 30 күнге кешіктіргендерге, ал микроқаржылық ұйымдар небәрі 24 сағатқа кешіктіргендерге несие рәсімдеуге тыйым салған.