Ұлттық банк осыдан он шақты күн бұрын базалық мөлшерлемені 9,50% деңгейінде (пайыздық дәлізі +/– 1,00 пайыздық пункт) белгілеу туралы шешім қабылдады. Бұл шешім инфляцияны тоқтата ала ма? Мұның халық өміріне әсері қандай? Ulysmedia.kz тілшісі осы сұрақтар бойынша экономистердің пікірін біліп көрді.
БАЗАЛЫҚ МӨЛШЕРЛЕМЕ ДЕГЕН НЕ?
Базалық мөлшерлеме – Ұлттық банктің коммерциялық банктерге қысқа мерзімді несие беріп, дәл солардан депозиттерге ақша қабылдау үшін белгіленген пайыздық мөлшерлемесі. Айналып келгенде бұл көрсеткіш азаматтар несие алар кезде түпкі мөлшерлеменің бекітілуіне және елдегі инфляция деңгейіне әсер етеді. Оның мөлшерін Ұлттық банк экономикалық көрсеткіштерді негізге ала отырып, белгілейді. Яғни бірде көтереді, бірде түсіреді. Осылайша, реттеуші (регулятор – Ұлттық банк) елдің ақша-несие саясатын бақылап отырады.
Реттеуші базалық пайыздық мөлшерлемені экономикаға ықпал ету үшін пайдаланады. Ол елдегі ақша айналымын бақылап, ақша массасына тікелей тәуелді инфляция деңгейін көтеру немесе түсіру арқылы реттеп отырады.
Базалық мөлшерлеме қандай жағдайда төмендетілуі мүмкін? Ұлттық банк нарықтағы ақша массасын көбейткісі келсе, яғни экономиканы, оның ішінде өнеркәсіпті, шынайы секторды, қызмет көрсету саласының өндірісіне инвестиция жеткізу үшін ақшаға толтырғысы келсе оны төмендетеді. Демек мөлшерлеме төмендетілген сайын бизнес үшін несие де қолжетімді бола түседі. Ал осы жолмен кәсіпорындарда ақша көбейсе, инвестиция артып, экономиканың өсімін ынталандыруға болады.
Базалық мөлшерлеме қандай жағдайда көтерілуі мүмкін?
Егер Ұлттық банк инфляцияның күрт «секіріп» шыға келуіне жол бермес үшін ақша массасын азайтқысы келсе, онда ол пайыздық мөлшерлемені көтере қояды. Мұндай жағдайда ақша өндірістен алынып, пайызбен депозиттерге салына бастайды.
Базалық мөлшермеле көтерілсе, ұлттық валюта бағамы да өседі (Расында да, бүгін KASE доллар бағамы 1,10 теңгеге төмендеп, 423,77 теңге құрағанын көрсетті). Негізгі мөлшерлеменің көтерілуі несиенің қымбаттауына алып келеді. Несие қымбаттаса, шағын және орта бизнестің өкілдерінің көбі бизнес-жоспарын кейінге қалдырады. Сондай-ақ несиенің қымбаттауынан халықтың сатып алу қабілеті төмендеуі мүмкін. Өйткені халық несиені аз алып, ақшаны азырақ жұмсауы ықтимал.
ҰБ БАЗАЛЫҚ МӨЛШЕРЛЕМЕНІ НЕГЕ КӨТЕРДІ?
Ұлттық банк өкілдерінің түсіндіруінше, қазір азық-түліктің жаһандық деңгейдегі сұранысы қалпына келе бастаған. Әйтсе де, азық-түлік пен шикізат бағасының жалпы әлемдік инфляциялық өсімінің үрдістері әлі де бар. Бұл айналып келіп, экономикаға басым түрде проинфляциялық қысымды туғызып отыр. Ішкі маусымаралық күтпеген өзгерістер тұтынушылық сұранысты белсенді түрде қалпына келтіретін сол қысымды, сондай-ақ электр энергиясына, газ бен ЖЖМ бағасының өсімін күшейткен. Осының салдарынан жылдық инфляция 8,7% дейін жеделдеген.
Ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтеру арқылы азық-түлік инфляциясының деңгейін жыл соңына қарай 8% түсіруді көздеп отыр.
«2022 жылы инфляция баяулап нысаналы 4-6% жақындай түседі. Сыртқы инфляциялық шеңбердің жеңілдеуімен және азық-түліктің әлемдік бағасының болжамды төмендеуімен елдегі инфляция бәсеңдейді. Оған қоса дезинфляция үрдісі 2022 жылы Қазақстандағы бидай шығымына, жеткізілімнің әлемдік желісіне және ішкі экономиканы 2022-2023 жылдары фискалды ынталандыру тетіктеріне байланысты болады», - деп түсіндіреді Ұлттық банктен.
БАНКТЕР БЕРЕТІН НЕСИЕЛЕР КӨЛЕМІ АЗАЯДЫ
Экономист Сапарбай Жобаевтың айтуынша, базалық мөлшерлеменің көтерілуі – банктермен берілетін несиелердің көлемін азайтады. Себебі кеше ғана 14-15%-бен несие алатындар базалық мөлшерлеме 9,5% асатын болса жоғарырақ мөлшермелемен алуға мәжбүр болады. Яғни екінші деңгейлі банктердің өзі Ұлттық банктен алатын халықаралық қаражаттарды бұрынғыдай 9 емес, 9,5%-бен алады. Яғни банктер де берілетін несиені қымбаттатады.
«Сондықтан, кәсіпорындарға, адамдарға несие алу сәл тиімсіздеу, қымбатырақ болады. Сөйтіп, ақшаның бағасы қымбаттағаннан кейін кәсіпорындар азырақ ақша алады да, экономикада ақша массасы азаяды. Базалық мөлшерлемені 9-дан 9,5-ке шығару – экономикамызда ақша массасын азайтып, инфляцияны төмендетеді. Бұл - инлфяцияны тоқтату үшін қолда бар 4-5 тетіктің бірі», - дейді ол.
Экономист АҚШ Федералды резервті жүйесі, мәселен, қазір базалық мөлшерлемені 0,25% ұстап тұрғанын атап өтті. Айтуынша, АҚШ билігі экономикаға несиенің көбірек беріліп, жұмыс істеушілер оңайырақ жұмыс істегенін қалайды.
«Ал егер олар базалық мөлшерлемені АҚШ 3% көтерсе, дүние жүзіндегі ақшасы бар адамдардың бәрі де Америкаға кетіп қалады. Біздегілер де. Өйткені 3% деген сөз – біздегі 30-40%. Біз дамушы мемлекетпіз. Олар дамыған елдер», - дейді ол.
ЕСКІ ӘРІ ӘМБЕБАП ӘДІС
Ал экономист Жарас Ахметов былтырдан бері карантин талаптары қатты күшейгендіктен, халықтың тұтыну деңгейі, яғни сұранысы азайғанын айтады.
«Мемлекет біз қалағандай болмаса да, халық пен бизнеске белгілі бір деңгейде көмектесті. Сұраныс карантин салдарынан азайып, халықтың ақшасы қолында болды. Карантин талаптары әлсіреп еді – ақша массасының артығы нарыққа күмп берді. Мұның арты бағаның шарықтауына алып келді. Бұл – АҚШ болсын, Батыс Еуропа болсын бәріне тән жағдай. Бүкіл әлемде баға қымбаттап кетті», - дейді ол.
Сарапшы баға өсімін тоқтату үшін Ұлттық банк несиелеуді азайту мақсатында енді базалық мөлшермелені азайтып отырғанын атап өтті. Яғни несие ресурсы, ақша қымбаттай түседі де, несие алу көрсеткіші азайып, нарыққа түскен ақша қысымы азаяды.
«Мұның соңы айналып келіп бағаның өсімін тоқтатуы керек. Демек ақшаның құны артады. Былайша, айтқанда банктің өзі ақшаны қымбатқа сатып алса, оны қымбатқа сататыны, яғни несие пайызын көтеретіні белгілі. Бұл – инфляцияны тоқтатудың монетарлы әдісі. Әлбетте, ескі әрі әмбебап, аз болса да ықпал ететін әдіс», - дейді экономист.