2025 жылдың қазан айында Электронды еңбек биржасында жұмыс берушілер 132 мың бос жұмыс орнын және 114,1 мың түйіндеме орналастырды. Қыркүйекпен салыстырғанда белсенділік сәл төмендегенімен, еңбек нарығы тұрақты күйінде қалып отыр, ал сұраныс пен ұсыныс арасындағы теңгерім сақталған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Негізгі үрдістер
Бос орындардың ең көп бөлігі дәстүрлі түрде білім беру саласына тиесілі — 41,1 мың немесе 31%. Одан кейінгі орында өзге қызмет түрлері — 17,5 мың (13%) және денсаулық сақтау мен әлеуметтік қызмет көрсету саласы — 11,7 мың (9%). Осы үш бағыт жалпы ұсыныстардың жартысына жуығын құрап, әлеуметтік саланың халықты жұмыспен қамтудағы маңызын көрсетіп отыр.
Өңірлер бойынша
Қазанда жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер белсенділігі өңірлерде біршама тең болды. Бұл еңбек нарығының аймақтық құрылымының тұрақтанғанын аңғартады.
Бос жұмыс орындарының саны бойынша көш бастаған өңірлер:
Түркістан облысы – 12 мың,
Астана қаласы – 11,4 мың,
Жамбыл облысы – 8,8 мың.
Түйіндемелер саны бойынша да алдыңғы қатарда Түркістан облысы – 13,4 мың, Астана – 9,1 мың, Қызылорда облысы – 8,3 мың.
Жас көрсеткіші
Түйіндемелердің жартысына жуығы (45% немесе 51,4 мың) — 34 жасқа дейінгі азаматтарға тиесілі.
35–44 жас аралығындағы топ – 26% (29,2 мың),
45–54 жас – 19% (21,8 мың),
ал 55 жастан асқандар – 10% (11,7 мың).
Әйелдердің белсенділігі жоғары — барлық түйіндемелердің 52%-ын әйелдер жіберген.
Сұранысқа ие мамандықтар
Жоғары біліктілікті қажет ететін мамандықтар ішінде қазан айында ең көп ізделгендер:
тәрбиешілер – 1,8 мың,
бухгалтерлер – 1,1 мың,
математика пәні мұғалімдері – 1 мың.
Орта деңгейлі мамандықтар арасында сұранысқа ие:
қазандық операторлары – 6,9 мың,
егіншілер – 2,2 мың,
медбикелер – 1,9 мың.
Жұмыс іздеушілердің түйіндемелері де осы бағыттарға сәйкес келеді:
ең көп түйіндеме бухгалтер (2,2 мың), заңгер (1,6 мың), тәрбиеші (1,6 мың), сондай-ақ қазандық операторы (3,7 мың), медбике (1,9 мың) және автокөлік жүргізушісі (1,6 мың) мамандықтары бойынша түскен.
Жалақы деңгейі
Жұмыс берушілер ұсынған ең жоғары жалақылар келесі лауазымдарда тіркелді:
өндіріс басшысының орынбасары — шамамен 1 млн теңге,
компьютерлік ойындар дизайнері — 990 мың теңге,
омбудсмен — 990 мың теңге.
Ал жұмыс іздеушілердің күтілетін жалақысы бұдан да жоғары.
Ең жоғары жалақы сұралған мамандықтар қатарында:
коммерциялық әуе рейстерінің ұшқышы — шамамен 2,8 млн теңге,
тау-кен жұмыстары мен өртті сөндіруге жауапты жұмысшы — 2 млн теңге,
басқарма төрағасының орынбасары — 1,8 млн теңге.