×
519.41
600.85
6.41
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
519.41
600.85
6.41

Бектенов Қазақстанның қарызы туралы пікір білдірді

Бүгін, 12:54
Бектенов Қазақстанның қарызы туралы пікір білдірді
Ulysmedia.kz коллажы

Республикалық бюджетті талқылаған Сенат отырысында премьер-министр Олжас Бектенов мемлекеттік қарыз туралы тек оның көлеміне қарап баға беретін сарапшыларды сынға алды. Оның айтуынша, қарыздың тиімділігі мен сол қаражат есебінен іске асатын жобалардың нәтижесі назардан тыс қалып жатады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мемлекеттік қарызды өтеуге кететін шығындар өсіп жатыр

Алдын ала есеп бойынша, 2025 жылы Қазақстан мемлекеттік қарызды өтеуге 6,1 трлн теңге жұмсамақ. Бұл зейнетақы мен жәрдемақыларға бөлінетін қаражаттан да жоғары. Сенаторлар осы шығындардың үнемі артып келе жатқанына алаңдаушылық білдірді.

Алайда премьер-министр Бектенов Қазақстанның мемлекеттік қарызы «ыңғайлы әрі қауіпсіз деңгейде» екенін атап өтті.

— Қазіргі таңда мемлекеттік қарыздың деңгейі ЖІӨ-нің 23,6%. Халықаралық әдістемеге сәйкес, мұндай көрсеткіш төмен деңгей деп есептеледі. Көптеген дамыған елдерде бұл көрсеткіш 50%-дан, тіпті 80%-дан да асады, — деді ол.

Ол кейбір елдердің қарыз деңгейі ЖІӨ-ден 100%-дан да жоғары екенін атап өтіп, бірақ Қазақстан ешқашан мұндай тәжірибеге ұмтылмауы керектігін айтты.

Инвесторлар сенімі және евробондтар

Премьердің айтуынша, қарыз деңгейінің қауіпсіз екеніне халықаралық ұйымдар мен рейтингтік агенттіктердің бағалауы дәлел. Қазан айының соңында Қазақстан жылдық 4,4% мөлшерлемемен евробондтар орналастырып, инвесторлардың жоғары сенімін көрсетті.

«Қанша жұмсағанымыз емес, қалай жұмсағанымыз маңызды»

Сенатор Сұлтанбек Макежанов 2026 жылы мемлекеттік қарызды өтеуге бөлінетін қаржы бүкіл бюджеттің 12%-ына — 3,5 трлн теңгеге жететінін еске салды. 2028 жылы бұл көрсеткіш 15% деңгейіне дейін өсіп, 4,5 трлн теңгеге жетеді.

Сенатор бюджеттік қаражатты оңтайландыру жөнінде қандай шаралар қабылданғанын сұрады.

Жауап берген премьер-министр қарыз есебінен алынған қаражат міндетті түрде өз-өзін ақтайтын жобаларға бағытталуы керек екенін айтты. Мысал ретінде — ақылы жолдарды келтірді.

Оның дерегінше:
• 2024 жылы ақылы жолдардан бюджетке 48 млрд теңге түсті, соның 10 млрд-ы — шетелдік транзиттен;
• Биылғы 10 айда түсім 72 млрд теңгеге жеткен, оның ішінде 17 млрд-ы — шетелдік көліктерден.

Экономикалық тиімділікті ескеру керек

Олжас Бектенов кей сарапшылар мемлекеттік қарызды «тек сандар арқылы» бағалайтынын айтып, мұндай көзқарастың үстірт екенін атап өтті. Оның айтуынша, инфрақұрылым жобалары жұмыс орындарын ашып, жол бойындағы сервисті дамытып, салық түсімін арттырады — яғни, қарыздың қайтарымы бар.

Премьердің сөзінше, негізгі мәселе — қарыз алу емес, оның экономикалық тиімділігін қамтамасыз ету.

Серіктес жаңалықтары