Экономист Андрей Чеботарев Қазақстанның мемлекеттік қарызын өтеуге қанша шығын кетіп жатқанын бағалады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Чеботаревтің мәліметінше, еліміз қазір түрлі қарыздарды өтеуге жыл сайын жұмсайтын қаражат көлемі шамамен 2,5 трлн теңге. Оның айтуынша, бұл жағдайдың қалыптасуына бюджет шығындарының көптігі мен базалық мөлшерлеменің жоғары болуы да әсер еткен.
— Бұл – шығыстар ішіндегі ең жылдам өсіп жатқан бап. Мемлекеттік қарызды өтеу қарқынына ешбір саланың шығыны жетпейді. Бұған түсініктеме беру қиын емес: бюджеттің тәртібінің төмендігі, шығыстардың шамадан тыс болуы және базалық мөлшерлеменің тым жоғары деңгейі. Санкциясыз, соғыссыз, сыртқы үлкен күйзелістерсіз және мұнай бағасы жоғары тұрғанда біз өзімізді-ақ мемлекеттік қарызды өтеуге жылына шамамен 2,5 трлн теңге жұмсайтын жағдайға жеткіздік. Ал шындыққа тура қарасақ, қандай да бір жаңа бірыңғай қарыз офисі бұл жағдайды түбегейлі өзгерте алмайды, — деп жазды ол Telegram-арнасындағы Finance.kz парақшасында.
КОНТЕКСТ
Қазақстанның мемлекеттік қарызы қарапайым азаматтарды да, парламент депутаттарын да, тіпті Ұлттық банк басшысын да алаңдатып келеді. Алайда елдің премьер-министрі бұл мәселеге қатысты қатты уайымдаудың қажеті жоқ деп есептейді. Оның айтуынша, Қазақстанның мемлекеттік қарызы «ыңғайлы деңгейде» тұр. Бұл сөзін нақтылау үшін Олжас Бектенов Сингапур, АҚШ және өзге де мемлекеттерді мысалға келтіріп, ол елдерде мемлекеттік қарыздың ЖІӨ-ге қатысты көлемі Қазақстанмен салыстырғанда кемінде 6–7 есе жоғары екенін атап өтті.