×
470.46
543.1
5.86
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
470.46
543.1
5.86

Қазақстан алтын қорын неге күрт көбейтіп жатыр – сарапшы түсіндірді

Бүгін, 11:12
Қазақстан алтын қорын неге күрт көбейтіп жатыр – сарапшы түсіндірді
Ulysmedia.kz коллажы

Дүниежүзілік алтын кеңесінің (WGC) деректеріне сәйкес, Қазақстан соңғы 15 жылда алтын қорын шамамен бес есе ұлғайтқан: елдегі бағалы металл қоры 67,3 тоннадан 339,9 тоннаға жетті. Ұлтық банк статистикасы да алтын-валюта қорымыз қарқынды өскенін көрсетіп отыр. Биылғы жылдың қаңтар-ақпанында жалпы халықаралық резерв 73,7 млрд доллардан асып, соның ішінде алтынның үлесі 57,8 млрд долларға жетті. Екі айдағы алтын үлесінің өсімі – 22%.  Ulysmedia тілшісі қаржы сарапшысынан Ұлттық банктің алтын қорын көбейту себебін, бұл теңге тұрақтылығына қалай әсер ететінін cұрады.

ӘЛЕМДЕГІ ГЕОСАЯСИ АХУАЛДЫҢ ЫҚПАЛЫ

Экономист Талған Демесіннің айтуынша, Қазақстанның алтын-валюта қорына қатысты шешімдерге негізінен әлемдегі геосаяси ахуал ықпал етеді.

«Әлемде тұрақсыздық, экономикалық дағдарыс болғанда қаржы активтері – акциялар, облигациялар, мемлекет шығаратын құнды қағаздар құны құбылады. Сондай шақта инвесторлар тарапынан алтынға сұраныс өседі. Былтыр алтын бағасы күрт шарықтап, 1 троя унциясы үшін 5200 АҚШ долларына дейін жетті. Сол кезде Ұлттық банк бағалы металды көп мөлшерде сата бастады. Қытай мен араб елдері Қазақстан мен Ресейден алтынды белсенді түрде сатып алды», – дейді сарапшы.

МҰНАЙ БАҒАСЫНЫҢ ШАРЫҚТАУЫ 

Экономистің айтуынша, биыл жыл басында алтын бағасы қайта төмендеді. Соны пайдаланып Ұлттық банк бағалы металды қайта сатып алуға кірісті. Ондағы мақсат – алтын-валюта қорының алтыннан құралатын бөлігін толықтыру.

«Таяу Шығыста соғыс басталғалы мұнай бағасы қымбаттады. Екі ай бұрын қара алтынның әлемдік нарықтағы бағасы 65-68 доллар шамасында болса, өткен айдан бері 100 доллардан асып жығылды. Бұған Ормуз бұғазының жабылуы себеп. Бұл бұғаз арқылы әлемдік нарыққа шығатын мұнай қорының 20%-дан астамы тасымалданады. Қытай, Үндістан, Оңтүстік-Шығыс Азия  араб елдерінің мұнайына тәуелді. Соғыс салдарынан өндіріс азайып, тасымал тоқтағандықтан мұнай баррелі наурызда 110 долларға дейін жетті.  Қара алтын құны өскелі Қазақстанның кірісі артты», – дейді Талғат Демесінов.

ҚАЗАҚСТАН НАРЫҒЫНДА ДОЛЛАРДЫҢ КӨБЕЮІ

Маман ел кірісінің басым бөлігі мұнайдан түсетінін және доллармен алынатынын атап өтті. Яғни, соңғы айда ішкі нарықта АҚШ доллары көбейді.

«Салық та, еңбекақы мен зейнетақы да теңгемен төленетіндіктен, мұнай компаниялары долларды көп мөлшерде сата бастады. Нәтижесінде Қазақстан қор биржасында АҚШ валютасы көбейді. Долларға сұраныс азайып, оның бағамы былтырғы шамадан едәуір төмендеді. Таяу Шығыстағы ахуал оғалмаса, теңге әлі де нығая түсуі мүмкін», – деп түсіндірді экономист.

ҰЛТТЫҚ БАНКТЫҢ ТҰРАҚТЫ ӘДІС-ТӘСІЛДЕРІ

Талғат Демесінов былтыр көптеп сатылып қоры азайған алтынды Ұлттық банк қазір қайтадан белсенді түрде сатып алып жатқанын айтады.

«Алтын-валюта қорында доллардың көлемі көбейгендіктен Ұлттық банк оның біршама бөлігін алтынға айырбастап жатыр. Бұл – бас банктің ақша-несие саясатын, валюта саясатын реттеу үшін ұдайы жүргізіп отыратын әдіс-тәсілдерінің бірі», – деп түйіндеді сарапшы.

Серіктес жаңалықтары