Ұлттық банк қаржылық нарыққа шолу жасап, нәтижесін жариялады, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
Мамандардың зерттеуі бойынша, елде берілген жаңа несиелердің көлемі 2021 жылдың екінші жартыжылдығында 5,3 трлн теңгеге артқан. Бұл көрсеткіш – өткен жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 1,7 есе көп (кестеде). Былтыр берілген несиелер көлемінің аздығы карантин шаралары мен төтенше жағдайлар режимінің шеңберінде іскерлік белсенділіктің төмендеуіне тікелей байланысты болды.
Ал осы жылдың басынан бастап берілген жаңа несиелер динамикасы едәуір өсімді көрсеткен. Жеке тұлғаларға берілген жаңа несиелер былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 3,2 есе көп болған.
«Жеке несиелеу өсіміне тұтынушылық мақсаттағы жаңа несиелерді беру жағдайлары үлес қосты. Бұл тұрғыда жылдық өсім 3 есе көп көрсеткішке жеткен. Несие беру өсіміне халықтың табысының қалпына келуі, тұтынушылық қарыздарды алу процесінің жеңілдеуі, коммерциялық банктердің мобильді қосымшалар арқылы несие беру тетіктерін жетілдіруі себеп болып отыр», - дейді Ұлттық банк мамандары.
Сонымен қатар халыққа берілген ипотекалық қарыздардың да көлемі өткен жылмен салыстырғанда 3,1 есе артқан. Бұған ең алдымен зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалануға беру тәртібі себеп болып отыр. «Баспана Хит» бағдарламасы тоқтағандықтан, 2021 жылдың екінші жартыжылдығында ипотекалық қарыздар портфелінде «7-20-25» бағдарламасы шеңберінде берілетін қарыздар көлемінің өсетін түрі бар.
Жалпы 2020 жылдың басынан бастап берілген ипотекалық қарыздардың орташа сомасы өскен. Осы жылдың басында аталған көрсеткіш зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мерзімінен бұрын алу есебінен өзінің тарихи максимумына жеткен болатын. Одан бөлек баспана бағасының өсуіне байланысты ірі ипотекалық қарыздарға деген сұраныс та артып барады.