×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Ұлттық қордың инвестициялық табысы 1 млрд доллар минусқа кетті

10.03.2023, 14:03
Ұлттық қордың инвестициялық табысы 1 млрд доллар минусқа кетті
фото: ашық дереккөзден

Ақпанда Ұлттық қордың валюталық активтері 300 млн долларға азайып, 57,4 млрд долларды құрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бұл туралы ҚР ҰБ Төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова мәлім етті.

Оның айтуынша, өткен айда Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферт түрінде 273 млрд теңге аударылды. Осы мақсатта, бұрын айтылғандай, ішкі валюта нарығында 590 млн доллар көлемінде активтер сатылды.

"Қаржы нарықтары құбылмалы болып қала береді. Ақпанда тәуекел дәрежесінің төмендеуі акциялар мен облигацияларды қайта бағалауға, сондай-ақ алтын бағасының теріс динамикасына әсер етті. Сөйтіп, ақпанда Ұлттық қордың инвестициялық кірісі қаңтардағы 1,8 млрд доллар мөлшеріндегі оң мәннен кейін (-)1,1 млрд АҚШ долларын құрады. Ұлттық қор құрылғаннан бастап ақпан соңына дейінгі орташа жылдық кіріс 3,06% болды", – деді Молдабекова.

ҰБ төрағасы орынбасарының сөзінше, Ұлттық қордың активтерін қайта теріс бағалау Ұлттық қорға қомақты түсімдермен теңестірілді. Қорға валюталық түсімдер ақпанда 1,4 млрд АҚШ долларын құрады.

Теңгенің нығаюына не себеп?

Әлия Молдабекова ұлттық валютаның оң динамикасы немен байланысты екенін түсіндірді.

"Біріншіден, мұндай динамика ірі салық төлемдерінің маусымдылығына байланысты күтілді, себебі, ақпанның екінші жартысы – "үлкен" салық аптасы болды.

Еркін өзгермелі бағамға көшу басталғаннан бері ақпанның соңғы екі аптасы теңге үшін оң болды. Ерекшеленген жалғыз жағдай – пандемия мен геосаясаттың бұрын-соңды болмаған сыртқы күтпеген өзгерістері басым болуына байланысты болған 2020 және 2022 жылдар. Екіншіден, ақпан ішінде валюта нарығында позитив жеткілікті болды – ірі тоқсандық салық апталығынан басқа, біз Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздарына бейрезиденттердің ағынын байқадық", – деді ҰБ Төрағасының орынбасары.

Сонымен қатар валюта нарығына квазимемлекеттік компаниялардың сатылымы да айтарлықтай ықпал еткен.

"Ақпанда олардың көлемі 295 млн АҚШ долларын құрады. Бюджетке трансфертті қамтамасыз ету аясында Ұлттық қордан сату 590 млн АҚШ долларын құрады, бұл ретте бір сауда күні ішінде сату көлемі 30 млн АҚШ долларынан аспады. Зейнетақы активтерінің валюталық үлесін қолдау аясында БЖЗҚ 226 млн АҚШ долларын сатып алды", – деді Әлия Молдабекова.