Мұндай ұсынысты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жасап отыр. Яғни ұсыныс мақұлданса, банк алдындағы қарызын 90 күннен аса төлемеген азаматтарға несие берілмеуі мүмкін, деп жазады Ulysmedia.kz.
«Банктік қарыз немесе микрокредит бойынша мерзімі өткен берешегі күнтізбелік 90 күннен асатын жеке тұлғаға кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес банктік қарыз беруге тыйым салынады», - деп жазылған «Ашық» НҚА порталында жарияланған жобада.
Мұндай бастама қазақстандықтардың көп қарыздануының алдын алуға бағытталған деп түсіндіреді агенттік.
«Азаматтардың борыштық жүктемесінің одан әрі өсу тәуекелдерін болдырмау үшін екінші деңгейдегі банктердің, сондай-ақ микроқаржы қызметін жүзеге асыратын ұйымдардың қарыздары бойынша мерзімі өткен берешегі 90 күннен асатын тұлғаларға тұтыну қарыздарын беруді шектеу ұсынылады. Бұл ретте проблемалық берешектің өсуін шектеу және қолданыстағы қарыздар бойынша қарыз алушылардың борыштық жүктемесін төмендету мақсатында қарыз алушылардың берешекті қайта қаржыландыруға, оның ішінде неғұрлым тиімді шарттарда құқығын сақтау қажет», - делінген құжатта.