×
460.95
487.18
8.66
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
460.95
487.18
8.66

Қаңтар оқиғасы кезінде елге келген ҰҚШҰ әскеріне қазынадан қанша қаржы жұмсалды?

21.06.2022, 12:02
фото: ашық дереккөзден

Қаңтар қырғыны кезінде елімізге келген ҰҚШҰ әскерлерінің шығынын өтеу үшін бюджеттен 197 млн теңгеден астам қаржы жұмсалған. Бұл туралы журналист Мият Кәшібай өзінің Телеграм-каналында жазды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Журналистің дерегінше, 3 маусымда Алматы әкімдігінің Кәсіпкерлік және иновациялар басқармасы «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ-мен 182,3 млн теңге және Sanzheli ЖШС-мен 15,1 млн теңге тікелей бір көзден сатып алу тәсілі арқылы келісімшарт жасасты. Мемсатып алу порталындағы ақпаратқа қарғанда, екі келісімшарт та «Қаңтар қырғыны» кезінде Қазақстан билігінің шақыртуымен елге кірген Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ) әскеріне жұмсалған шығынды өтеу мақсатында жасалған. 

“Екі келісімшарттың да техсипаттамасынада Алматы әкімі Ерболат Досаевтың қаулысы тұр. Қаулыда «Алматы қаласы стратегия және бюджет басқармасы Кәсіпкерлік және иновациялар басқармасына жергілікті атқарушы органның шұғыл шығындарға арналған резервінен жалпы соммасы 197 454 551 теңге бөлсін, оның ішінде ҰШҚҰ-ның ұжымдық бітімгершілік күштері мүшелерін тамақтандыру жөніндегі шығынды өтеуге 15 127 542 теңге, сондай-ақ төтенше жағдай кезеңінде  ҰҚШҰ-ның бітімгершілік операциясын жүргізу кезінде әуеайлақтық және жер үстінде қызмет көрсету бойынша көрсетілген қызметтер үшін 182 327 009 теңге қаржат бөлсін» делінген. Қаңтар қырғыны кезінде ел аумағына ҰҚШҰ-ның 2 мың әскері кіргені белгілі. Мына қаулыға қарағанда, ҰҚШҰ әскерінің шығынын Қазақстан көтерген”, – деп жазды Мият Кәшібай.

ҰҚШҰ жарғысының ұйымды қаржыландыруға қатысты бабында «Мүше мемлекеттер өз өкiлдерi мен сарапшыларының ұйым органдарының кеңестерiне, отырыстарына және ұйым шеңберiнде өткiзiлетiн басқа да iс-шараларға қатысуымен байланысты, сондай-ақ өкiлеттi өкiлдердің қызметiмен байланысты шығындарды дербес түрде атқарады» деген тармақ бар. Осы тармаққа сүйенер болсақ, Қазақстанға әскер жіберген елдер шығынды өз мойнына алуға міндетті. Алайда Алматы әкімнің қаулысына қарасақ, ҰҚШҰ әскеріне кеткен шығынды Қазақстан өзі көтерген.