Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі геодезия және картография комитетінің төрағасы Қажымұқан Бекмұқашев еліміздің жаңа саяси-әкімшілік картасын әзірлеуге қанша қаржы жұмсалғанын мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Қазақстанның 6 облысының әкімшілік картасын және облыс орталықтарының жоспар-сызбасын әзірлеуге 56 млн теңге жұмсалды. Егер Қазақстан картасын (жаңа саяси-әкімшілік картасы) жеке алар болсақ, онда оған 10 млн теңге қажет болды. Толықтай алғанда, республикалық бюджеттен 56 млн теңге шығындалды», - деді комитет төрағасы брифингте.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов елімізде жаңа үш облыс пайда болғанын еске салып, картаны құрастыру кезінде нақтылық өте маңызды болғанын жеткізді.
«Үлкен жұмыс атқарылды, Қазақстанның саяси-әкімшілік картасы жасалды. Шығыс Қазақстан, Алматы және Қарағанды облыстарының карталары жаңартылды, Абай, Ұлтау және Жетісу облыстарының карталары жасалды», - деді вице-министр.