Қазақстан Үкіметі "ҚазТрансГаз" АҚ-ның 100% акциясын "ҚазМұнайГаз "Ұлттық компаниясы" АҚ-дан "Самұрық-Қазына "ұлттық әл-ауқат қоры"АҚ-ның иелігіне өткізді, деп хабарлайды Sputnik.kz.
"ҚазМұнайГаз "ҰК" АҚ-ға "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ "АҚ-мен сатып алу - сату шартын жасасу арқылы "ҚазТрансГаз" АҚ акциялар пакетінің 100%-ын "Самұрық-Қазына "ҰӘҚ" АҚ пайдасына иеліктен шығару жөнінде мәміле жасауға рұқсат етілсін", - делінген Үкімет қаулысында.
Еске сала кетейік, президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін "Қазтрансгазды" ресейлік "Газпром" сияқты толыққанды ұлттық газ компаниясы болуы үшін трансформациялау туралы шешім қабылдағанын мәлімдеген болатын.
"ҚазМұнайГаз"-дың баспасөз қызметі қазіргі уақытта "ҚазТрансГаз" АҚ-ны "Самұрық-Қазына" АҚ-ның жеке еншілес компаниясына беру бойынша қажетті рәсімдер жүзеге асырылып жатқанын, оның ішінде "ҚазМұнайГаз" (ҚМГ) кредиторларымен және тиісті мемлекеттік органдармен бірқатар келісімдер алу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын хабарлады.
2021 жылғы наурызда ҚМГ мен" Самұрық-Қазына " ҚТГ-ның 100% қарапайым акциясына қатысты сенімгерлік басқару шартына қол қойды. Дегенмен бүгінде ҚМГ ҚТГ-ның бенефициарлық меншік иесі болып қала береді.
"ҚазТрансГаз" АҚ отандық, сондай-ақ шетелдік газ нарығында мемлекет мүддесін білдіретін Қазақстанның негізгі газ-энергетикалық және газ тасымалдау компаниясы. Компания тауарлық газды магистральдық газ құбырлары мен газ тарату желілері арқылы тасымалдау жөніндегі орталықтандырылған инфрақұрылымды басқарады, халықаралық транзитті қамтамасыз етеді және ішкі және сыртқы нарықтарда газ сатумен айналысады, құбырлар мен газ қоймаларын әзірлейді, қаржыландырады, салады және пайдаланады.