×
498.34
519.72
4.85
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
498.34
519.72
4.85

«Жол жөнделмей, су мен жарық өше береді»: Астанаға жақын Қараөткелдің мәселелері неге шешілмей келеді

22.04.2024, 13:13
«Жол жөнделмей, су мен жарық өше береді»: Астанаға жақын Қараөткелдің мәселелері неге шешілмей келеді
Коллаж: ulysmedia.kz.

Қазақстандағы ірі қалалардың шетіндегі ауылдардың мәселесі бір-біріне ұқсайды – жарығы жанбай, суы өшіп, жолы жөнделмей жатады. Оған қоса мұндай ауылдарда жер учаскесі оңды-солды беріліп, арықтардың үстіне үй салынып, көктемде су тасып кететіні тағы бар. Мұндай ауылдар халқы әдетте, қалаға тіркелетіндіктен, адам санын есепке ала бюджет ақшасын бөлген шақта босағада қалып жатады. Сондай ауылдардың бірі – Астана шетіндегі Қараөткел.

Целиноград ауданындағы ауыл Астанаға шамамен 20 шақырым жерде. Ақмола облысына қарайды. Ulysmedia.kz редакциясына аталған ауылдың тұрғындары хабарласып, мәселесін көтеруді өтінген. Біз олардың проблемасы неде екенін тыңдап, оны шешудің жолдарын білу үшін әкімді де сөзге тартып көрдік.

«Әкімдікке тегін жоба жасап берейін деп ұсындым»

Қараөткел ауылына Астанадан Қорғалжын тас жолы арқылы баруға болады. Қалаға кіре берістегі басты жолда сауда нүктелері шоғырланған. Көбі құрылыс дүкендері.

Ауылдағы мәселенің бірі – жарық. Біз барған күні ауылдың Мұстафа Шоқай көшесінде жарық өшіп қалған. Ауыл тұрғындары жарықтың өшірілетіні алдын ала ескертілмегенін айтады.

Қараөткел тұрғыны Фарида Аркенованың гүл дүкені бар. Жарық сөніп қалғандықтан, генератор қосып, гүл сақталатын бөлмеде +5 градусты сақтаудың амалын іздеуге тура келген.

Фарида Аркенова

– Кеше таңертең сағат онға таяу жарықты өшірген. Міне, сағат кешкі бес болды – әлі жарық жоқ. Тоңазытқыш, ет – бәрі ағып кетті. Гүл сатам өзім. Гүлдерім солып барады. Әкімдікке барып, резервті желі қайда деп сұрасақ, «екі жыл бұрын істен шыққан, содан бері оны ешкім қалпына келтірген жоқ» дейді, – деп шағымданады ол.

Ауыл тұрғыны проблема мұнымен шектелмейтінін айтады. Қараөткелдегі Мұстафа Шоқай ауылының бойындағы балалар алаңында бір топ бала доп ойнап жүр. Мұнда шағын және үлкен екі алаң бар екен. Бірі футбол ойнау үшін салынған, екіншісі әткеншектерге арналған. Алаңның үлкені қоршалмаған, екіншісінде бала ойнайтын орын әбден тозып кеткен. Ауыл балалары бос уақытында осы жерге жиналатыны көрініп тұр.

– Шынын айтқанда, балалардың ойнайтын орыны жоқ. Мына жолдың бойымен ызғытып көлік те, велосипед тепкен балалар да жүреді. Өзім жобалаушымын. Әкімдікке барып, «мен сіздерге тегін жоба жасап берейін» дедім. Жобаға жасауға негізі бірнеше миллион теңге керек. Ауылға қажетті нысандарды қосып, жобалап, жерге акт алу керек, – дейді Фарида.

Қаланың ортасында мал соятын орын тұр

Журналист келгенін естіген ауыл тұрғынының көршілері жиналып, шағымын айта бастады. Соның бірі Құман Баймұрат көршісінің әңгімесін жалғап, балалар алаңының бір жағында үлкен подстанция, мешітке жақын екінші жағында мал бордақылайтын орын барын көрсетті. Тұрғындар осы екеуінің де қала ортасында тұрғанына наразы. Подстанцияның үйлерге тым жақын орналасуы әртүрлі ауруларға душар етуі мүмкін екенін айтады.

«Қаланың ортасында мал соятын орын тұр. Малды сояды да, қан-жынның бәрі сол жерде қалады. Қара шыбын қаптайды. Екі жыл алдында (мал бордақылайтын орынға жақын жер) балалар ойнайтын орынды салып берді. Футбол алаңында сетка жоқ – алаң ашық тұр», - дейді ауыл тұрғыны Құман Баймұрат.

Аян Күлмаев атты азамат Қараөткел ауылындағы Мұстафа Шоқай көшесінің гүрілдеп үлкен көліктер де, ызғытып жеңіл көліктер де жүретінін айтады.

– Анау жерге «жеңіл көлік қана жүрсін» деген шектеу қойған. Бірақ ол белгіні алып тастады. Мына қоқыстың үйіміздің қақпасының алдына қоя салды. Бүгін ғана өздерінше жинаған түрі ғой. Жол бойына қарасаң қоқыс толы, мына жерде су жиналып қалды. Күн жылынғасын бұл жер кеуіп сасып кетеді, – дейді Аян Күлмаев.

Аян Күлмаев

Одан “қалада көше тазалайтын, қоқысын шығаратын мекеме жоқ па?” деп сұрағанымызда көшені тазалап жүргендерін көрмегенін, айқайлап, шу шығарып, «ақша төлемейміз» деген кезде ғана келетінін айтады. Аян Күлмаевтың сөзінше, Мұстафа Шоқай көшесі бойындағы қаншама елге қоқыстары үшін төрт контейнер ғана тұр. Көшенің бас-аяғынан келе жатқан адамдардың бәрі де қоқысты үйінің есігі алдындағы осы төрт контейнерге лақтырады. “Қоқысты бүгін ғана әкеткен, мына жерде үйіліп жатады, ұялғанымыздан кейде біз жинай саламыз” дейді ол.

– Әкімдік жарықты өшіретін кезде алдын ала ескерткен жоқ. Кеше түнде тоғызда өшкен. Зейнеткер адам тұр қасымда. Қаншама тамақтары бүлінді. Баяғыдай шам ұстамаймыз қазір. Көшенің бойындағы шамдар жанбайды. Көше басындағы бір шам жанатын шығар бітті. Көліктер жүретін жолмен жаяу адамдар жүреді, жарық жоқ. Суды да электрмен жылытамыз. Бағаның бәрі айналып келіп, жарыққа түседі. Содан кейін әкесінің құнындай қылып, төлетеді. 50-60 мың төлейміз. Жаз алдында су өше бастайды. Жылдағы әдет. Бірде құбыр жарылады, бірде басқа сылтау. Сүдың өзі ағарып келеді. Сүзгі қойып, тұндырып, пайдаланамыз, – дейді ол.

 Қараөткелге бір жыл бұрын көшіп келген Евгений Разниховский де ауылда кім көрінген қоқысты далаға лақтыра беретінін растайды. Әкімге қоңырау шалса «бізде ақша жоқ» деген жауап естігенін жеткізеді.

– Жыл бұрын көрші үйге қарғын су жайылғанып көріп, биыл ол су маған келмесін деп, өзім трактор жалдауыма тура келді. Әкімдік «ақша жоқ» дейді. Енді міне, екі күннен бері жарық жоқ. Олар жарықтың неге сөнгенін таппай жатыр. Бүгін амал жоқ, жұмысымды тастап, сол тоқты жалғап жүргендерге көмектесуге бардым. Электр қуатына жауапты АРЭК мекемесіне қоңырау шалсам, олар «облысқа хабарласыңдар» дейді. «Облыстан кім, нөмірін беріңдер» десем, «нөмірі жоқ, өздерің біліп алыңдар» деді, – дейді ол.

Ауыл тұрғындарының шағымын естігеннен кейін электр жарығы жүйесін қалпына келтіріп жатқан бір топ азаматты көріп қалдық. Жерді қазып, кабельді шығарып, жалғап жатыр екен. “Жарықты бір сағат ішінде береміз” деді бірі. Қай мекемеден екенін, не үшін жарық сөнгенін ол жұмысшылар айтқысы келмеді.

Әкім не дейді

Ауыл тұрғындары жиналған Мұстафа Шоқай көшесінің бас жағында әкімдіктің ғимараты орналасқан. Екі қабатты ескірген ғимараттың бір жағында полиция бөлімі, екінші жағында әкімдік қызметкерлері отырады. Әкімдікке кіре берістегі линолеум әбден тозығы жетіп, ыдырай бастаған. Екінші қабатына апаратын ағаш баспалдақ басқан сайын сықырлайды. Екінші қабатта бізді қарсы алған Қараөткел ауылдық округі әкімі Талаптан Дауылтаевтан бұл нысанды әкімдік жалдап отырғанын білдік.

Әкімнің айтуынша, ауылдың жарығына жауапты «Электромонтаж» деген компания тендерді ұтып алған. Бірақ қазір Қараөткелдегі жеке подстанциялардың бәрін мемлекет сатып алып, Астана аймақтық электр компаниясына (ААЭК) тапсырғалы отыр. ААЭК пен халықтың ортасындағы делдал компанияларды жабылады.

Қараөткел ауылдық округінің әкімдігінің жалдап отырған ғимараты

– Кешегі, бүгінгі жарықтың өшуіне себеп: олар жеке компаниялардың бәрін алып тастап, өз «опораларын» қойып жатыр. Бірақ қай көшелерде жарықтың өшетіні ауылдың әлеуметтік желілерінде салынған. Кеше бір-екі сағатқа өшірген. Хабарландыру беріп, бүгін тағы тоғызда өшірді, – дейді ол.

Осыдан кейін әкіммен әңгімеміз сұрақ-жауап түрінде өрбіді.

– Жарық мәселесі – ауылдағы көп проблеманы бірі сияқты. Қоқыс шығару контейнерлері ауылда неге аз? Балалар алаңы да әбден тозып кеткен. Балалар алаңының жанында мал бордақылайтын орын тұр. Бұл қаншалықты талапқа сай? Ауылдың тура ортасында магнитімен электр энергиясының адам денсаулығына зиян шектіруі мүмкін үлкен подстанциялары мен бағандары тұр. Осы мәселелердің бәрін шешу үшін облыс билігіне бюджетті сұраным жіберіп көрдіңіздер ме?

– Қоқыс мәселесі бойынша бізде аудандағы ТҮКШ жыл сайын тендерді ойнатады. Астанадағы Clean City деген компания (БАҚ оны Әлия Назарбаевамен байланыстырады) ұтып алды. Қазір ауылға сол компания қызмет көрсетеді. 

– Әкім ретінде сол компанияның жұмысына көңіліңіз толып отыр ма?

– Халықтың көңілі толмай отыр. Қоқысты уақытында алып кетпейді. Біз сол себепті халықтың атынан прокуратураға сол компанияның үстінен арыз қалдырдық. Қыс өттті, алдымыз жаз. Күн ыстықта қоқыс уақтылы әкетілмесе, не болатынын білесіз. 

– Енді ол компанияға қатысты еш шара қабылданып отырған жоқ па?

– Аудандық ТҮКШ «шара қабылданып жатыр» деп хабарлады. Егер осы компания қызметін көрсетпесе, тағы да тендер ойнатып, бәлкім, басқа компаниямен жұмыс істейміз.

– Қараөткел үлкен ауыл. Ауылдың салығынан қанша ақша түседі?

– Бізде қазір ауылда 35-37 мың адам тұрады. Бірақ соның ішінде 5700-і ғана осы ауылда тіркеуде. Осы ауылда тұрғанымен, бәрі «01». Көлік салығына дейін Астанаға төлейді. Сондықтан, біз халыққа күнделікті «салықты осы жерге төлеңіздер, осы жолмен жүресіздер, осы жарықпен пайдаланып, осы жерде тұрып жатырсыздар» дейміз. Мәселен, үлкен көліктер осы ауылға тіркелсе, 450-500 мың теңгеге төлейтін салықтары бізге түсетін еді. 

– Мұстафа Шоқай ауылының тұрғындары бізді шақырып, көшенің тозып тұрғанын айтып шағымданды. Әкімдік ғимараты тұрған басты көше секілді. Расында да, көшеде көліктер де зуылдап, балалар да ойнап жүр. Бұл қауіпті деп ойламайсыз ба?

– Бұл әкімдіктің ғимараты емес, жалдап отырмыз. Біздің өзімізге ғимаратты салып жатыр. Мәдениет үйі мен әкімдіктің ғимараты Кенесары көшесінде бой көтереді. Бұл көшеде кезінде үлкен көшенің бірі болған. Биыл жөндеуге осы көше тұр. 2019 жылдан бері «АБК Автоөндіріс» деген компания 57 шақырым жолды жөндеп жатыр. Биыл 2,8 млрд теңге бөлінген.

– Шоқай көшесінен басқа биыл ауылдағы тағы қандай көшелер жөнделеді?

– Абай, Бөгенбей, Жансүгіров көшелері бар. Жалпы жиыны 8 көше.

– Көшелер қалай жөнделеді? Жаяу жүргіншілерге арналған бөлігі (тротуар) бола ма?

– Компания жолды салып, бірден жарығын да тартып береді. Жол белгілерін қояды. Жаяу жүргіншілер бөлігі де салынады. 

– Расында да, балаларға бұл жол қауіпті екен.

 – «Әміртас» деген компания кезінде жұмыс атқармай, балалар алаңын дұрыс салмағаннан кейін  оны сотқа берген. Қазір соттасып жатырмыз. Бұл алаң бізге тіркелмеген. Ал ауылдағы қоғам мен әкімдік өкілдері негізі ауыл билігіне тіркелген жерді апта сайын барып тазалайды. Қоқыстың бәрінен тазартып отырамыз. Ал балалар алаңы біздің баланста жоқ. 

Қараөткел ауылдық округінің әкімі Талаптан Дауылтаев

– Жас басталар алдында ауылда су мәселесі өзекті бола түсетінін де айтып жатыр.

– «Лайф строй» деген компания ол іспен айналысып жатыр. 1,5 млрд теңге бөлінген. Компания ауыз сумен қамтамасыз етеді.

– Мал бордақылау алаңының ауылдың тура ортасында тұруы қаншалықты заңды?

– Мал бордақылау алаңын осыдан он жыл бұрын жеке кәсіпкер сатып алған. Ол кезде ол тұрған жер ауылдың шеті – дала болатын. Ауыл өсіп, кейін ол ортада қалды. 

– Егер мал бордақылау алаңы көп жыл бұрын беріліп кетсе, маңайындағы жер үй салуға халыққа қалай беріліп кеткен? Сіз ол кезде әкім болдыңыз ба?

– Мал бордақылау алаңының иелерімен келіскенбіз. Қазір алаң жұмыс істемейді. 7 жыл болды. Мен ол кезде әкім болған жоқпын. Әкім болғаныма 7-8 ай болды. Маған дейін болған. Ауылға биыл 50 жыл болды.

– Бірақ Құрбан айт кезінде қой сойылатынын естідім.

– Жалға алып, ақшасына келісіп, сол жерде соятындар бар. Кәсіпкерге ауылдың шетінен дәл өзінікіндей аумақ береміз деп отырмыз. Жеке кәсіпкер екенін ескеру керек.

– Подстанция тым жақын тұрған сияқты. Оны көшіру мүмкін бе?

– Оны көшіру үшін мемлекеттен миллиардтап қаражат керек. 

– Ауылға деген облыстың, аудан билігінің көзқарасы қандай? Жергілікті жұрттың проблемасын біліп отыр ғой?

– Осы жердің тұрғылықты азаматымын. Осы жерде түрып жатқаныма 20 жылдай болды. Халықтың ортасында жүрмін. Халықтың өзі ұсынып, әкім етті. Осыдан 5 немесе 10 жыл бұрын Қараөткел қандай болғанын білемін. Біздің көз алдымызда Қараөткел қалай өскенін білемін. 

– Сізбен сөйлессем проблеманың бәрі ертең шешілетін секілді болып тұр. Жұртпен сөйлессем, наразылық көп. 

– Жарық мәселесі ескертілді. Біз подстанция мәселесін реттеуде адамдардың пеші өшкен күнді күттік. Себебі тоққа қосылған пештер баршылық. Бүгін осы мәселені реттеп алсақ дейміз.

Бізде жергілікті қауымдастық бар. Сол кісілер көп нәтижеге жетті. Ауданға да, облысқа да, министрлікке де барып келді. Өрт болған уақыттта бұрын бізге өрт сөндірушілер қаладан келетін, қазір ауылдан ДЕПО-ны ашқызып, ауылда өрт сөндіру қызметі пайда болды. Мәдениет үйі болсын, әкімдік ғимараты болсын, барлық шаруа солардың күшімен салынып жатыр. 

– Бюджетке деген сұранымдарыңыз қаншалықты қанағаттандырылып жатыр?

–  Биыл бізге көп жобаға бөлінген. Бірақ мынау аяқ асты су тасқыны, апат салдарынан бәлкім, ақшаны кішкене қысқартып отырған болар. Астана маңайындағы Талапкер, Қоянды, Қараөткел ауылында халық көп. Қазір бүкіл күштің бәрін бізге салып жатыр. Облыс әкімі бір апта бұрын үш ауылды аралап шықты. 
Біз учаскелік полициямен де тұрған адамдарды осы ауылға тіркеу жөнінде жұмыс жүргіздік. Мәжбүрлеуге дейін бардық. Бірақ қарапайым адамдарға «тіркелмедің» деп айыппұлды тағы қалай саламыз? Сізді шақырып отырған адамдардың 80 пайызы біздің ауылда тіркелмеген адамдар болуы мүмкін. Сіз неге қайда тіркелдіңіз деп сұрамадыңыз. Ауылға тіркелген адам менен келіп сұраса, ол менің ауылымның тұрғылықты азаматы. Қар күреу үшін облыстан 50 млн теңге сұрасам, маған 20 млн теңге беруі мүмкін. Өйткені бюджеттен қаражат тіркеуде тұрған адамдарды есепке ала бөлінеді. Сондықтан, мен маған келгендерге тіркеліңіздер, мен сол кезде «осыншама халық бар» деп сұрай да алам.

– Мәселен, Астана маңындағы Қосшы қалаға айналды. Бірақ сол жерде халықтан, кәсіпкерлерден түскен қаражат бәрібір сол қаланың мәселелерін шешуге толық жетпейді. Бәрібір мемлекеттен дотация қажет деп ойламайсыз ба?

– Қажет. Биыл спорт алаңдарына жақсы ақша бөлініп жатыр. Ауылымызға 1200 орындық екі мектеп, балабақша салынып жатыр. “Самұрық-Қазына” қолға алған. Бәрі де облыстың ақшасы.

Астананың іргесінде отырған Қараөткел тұрғындарының су, жол, су, жарық, қоқыс мәселесі болсын – шағымы көп екенін біліп қайттық. Ауыл әкімінен Қараөткел түбі Қосшы секілді қала болуы мүмкін бе деп сұрағанбыз. Ол үшін жұрт жиналып, ауылға тіркеліп, ұйымшылдық таныту керек дейді әкім.