Мәскеу биржасына салынған санкцияның салдары жайлы сан-саққа кеткен әңгіме көп. Енді ресейліктердің бәрі доллар пен еуро іздеп Қазақстанға ағылады деген де пікір айтылады.
Экономикасы Ресеймен тығыз байланысты Қазақстанға бұл қалай әсер етеді? Теңге бағамы қалай өзгеруі мүмкін? Ulysmedia.kz тілшісі осы сұрақты белгілі экономист Расул Рысмамбетовке қойды.
Экономист не дейді
Расул Рысмамбетовтың айтуынша, әуелі теңгеге шаққанда доллар бағамы нығаятын болады.
– Қатты қымбаттап кетпесе де, солай болады. Сыртқы ықпал, яғни ресейліктердің ықпалы жайлы айтар болсақ, меніңше, бұл әсер қатты бола қоймайды. Өйткені ресейліктер қаншама рубль әкелсе де, комиссия төлеуге міндеттеледі. Рубльді теңгеге ауыстырғанда да бәлкім, комиссия төлейді. Меніңше, шикізаттық экономика болғандықтан, бізде теңге сәл әлсіреуі мүмкін. Қорқатын түк жоқ деп ойлаймын.
Теңге белгілі бір диапазонға дейін әлсірейді. Бірдеңе деу қиын. Қазіргі бағам соңғы көрсеткіш емес. Қалай болғанда да, теңгенің долларға шаққанда әлсіреуі деген қазақ тауарларының бәсекеге қабілеттілігін арттырады, – дейді Расул Рысмамбетов.
Мәскеу биржасына санкция
Бірнеше күн бұрын АҚШ қаржы министрлігі Мәскеу биржасын санкцияның жаңа тізіміне енгізген болатын. Осы ұйымдар Ресей үкіметінің экономикадағы стратегиялық маңызды салалардан пайда табуына септескені үшін санкцияға ілініп отыр. Тізімдегі жеке тұлғалар қатарында Мәскеу биржасы басқармасының төрағасы Юрий Денисов, S8 Capital иесі Армен Саркисян және Шешенстанның бұрынғы ауыл шаруашылығы министрі және ресейлік Danone компаниясының басшысы Якуб Закриев бар. Санкция тізіміне жеті жеке тұлға мен 35 компания енген.
Мәскеу биржасы АҚШ қаржы министрлігі салған санкцияға байланысты 13 маусымнан бастап доллар мен еуро саудасын тоқтатты. Ал Ресей Орталық банкі АҚШ долларына байланған Гонконг долларымен сауда-саттықты тоқтатып тастады.