×
498.34
519.72
4.85
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
498.34
519.72
4.85

«Түскені 715 млн теңге»: Қазақстанда қанша блогер салық төлеп, қаншасы жалтарып жүр

06.09.2024, 10:57
«Түскені 715 млн теңге»: Қазақстанда қанша блогер салық төлеп, қаншасы жалтарып жүр
ulysmedia

Қазақстанда қанша блогер салық төлеп жатыр? Қаншасы салық төлеуші ретінде тіркелген? Жалпы елде заң бойынша кімдер блогер деп танылады? Қанша блогер салықтан жалтарып жүр? Ulysmedia.kz бұл сұрақтардың жауабын Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитетіне жіберген ресми сауалы арқылы білді.

ҚАНША БЛОГЕР БАР

Мемлекеттік кірістер комитеті блогерлердің қызметіне салықтық бақылау жүргізу мақсатында 745 адамнан тұратын тізім қалыптастырған. Оның ішінде 499 дара кәсіпкер (67%), 246 жеке тұлға (33%)  болып шыққан. Тізім 20 мыңнан астам жазылушысы бар жеке тұлғалардан (әлеуметтік желілер – Instagram, Youtube, TikTok) қалыптасқан.

ОЛАР ҚАНША САЛЫҚ ТӨЛЕДІ

Комитет 745 блогер 2023 жылы 513 229 224 теңге, 2024 жылдың өткен салықтық кезеңі үшін 715 086 719 теңге салық төлегенін хабарлайды.

БЛОГЕРЛЕРДІ КІМ «РЕТТЕЙДІ»

Жалпы елде 2023 жылдың 10 шілдесінде «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заң қабылданған. Заң елде онлайн-жарнаманы жасау, орналастыру, тарату және сақтау процестерін реттейді. Заң талаптарына орай инфлюенсер (блогер) – онлайн-платформада тұлғалардың беймәлім тобына арналған ақпаратты кәсіпкерлік қызмет мақсатында жариялайтын онлайн-платформаны пайдаланушысы болып танылған. Онлайн-жарнама саласын мемлекеттік деңгейде Мәдениет және ақпарат министрлігі реттеп отырады.

КОМИТЕТ КІМДЕРДІ БЛОГЕР ДЕП ЕСЕПТЕЙДІ

Кәсіпкерлік кодекстің 35-бабы 2-тармағына сәйкес мынадай шарттардың бiрiне сай келетiн жеке тұлғалар:

  • жалдамалы жұмыскерлердiң еңбегiн тұрақты негiзде пайдаланса;
  • жеке кәсiпкерлiктен республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын ең төмен жалақының 12 еселенген мөлшерiнен асатын мөлшерде салық заңнамасына сәйкес есептелген жылдық кірісі болса,

дара кәсіпкер ретінде мiндеттi мемлекеттiк тiркеуге жатады.

БЛОГЕРЛЕРГЕ АРНАЛҒАН САЛЫҚ РЕЖИМІ

Салық төлейтін блогер өзі таңдаған салық режимі байланысты салық міндемелерін орындайды.

Салық режимдері:

  • жалпыға бірдей режим бойынша салықтық мөлшерлеме – дара кәсіпкер үшін 10 пайызды;
  • арнаулы салық режимдері бойынша салықтық мөлшерлемесі 1 пайызбен 8 пайыз аралығын құрайды.

«Бұл ретте, блогерлерге тиімді салық режимі – оңайлатылған арнаулы салық режимі болып саналады. Салықтарды оңайлатылған декларация бойынша есептеуді салық төлеуші салық салу объектiсiне есептi салықтық кезең үшін 3 пайыз мөлшерiндегi мөлшерлемені қолдану арқылы дербес жүргiзедi. Баяндалғандардың негізінде, блогер дара кәсіпкердің салықтық мөлшерлемесі таңдаған салық режиміне байланысты екенін назарыңызға жеткізеді», - делінген жауапта.

37 БЛОГЕРГЕ ЕСКЕРТУ: БЛОГЕРЛЕР САЛЫҚ ТӨЛЕМЕСЕ НЕ БОЛАДЫ

Салық органдарына салық органдары салықтық бақылау шараларын, оның ішінде камералдық бақылауды жүргізеді. Биыл мемлекеттік кірістер комитеті «кірістерді төмендету мәніне» қарап, 745 адамға камералдық бақылау жүргізген.

«Камералдық бақылау нәтижелері бойынша бүгінгі таңда 37 тұлғаға жалпы сомасы 630,1 млн. теңгеге табысын азайтып көрсету фактісі бойынша хабарлама жіберілді», - делінген комитет жауабында.

37 блогер хабарламаны алған күннен бастап 30 күн ішінде кемшіліктерді түзеуі керек. Хабарламамен келіскен жағдайда ол қосымша салық есептілігін тапсырып, кемшілікті жояды.  Хабарлама орындалмаған жағдайда салық төлеушіге қатысты  салықтық тексеру  тағайындалады. Салық кодексінің талаптарында көрсетілген мерзімде орындамаса, блогердің үстінен әкімшілік кодексінің 288-бабы бойынша іс қозғалады.

Ulysmedia.kz порталы мемлекеттік кірістер комитетінен Қазақстанның жазылушысы ең көп 10 блогерінің қанша салық төлегенін білмек болған. Комитет олардың әрбірінің жеке сәйкестендіру нөмірін ұсынбасақ, ол ақпарат берілмейтінін хабарлады.