×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Мемлекет «дүкен ашам» дегендерге көмектеседі: нені білу керек

02.10.2024, 19:20
Мемлекет «дүкен ашам» дегендерге көмектеседі: нені білу керек
Ulysmedia коллажы

«Дүкен ашам» дегендерге мемлекет ақша береді деген ақпарат Ulysmedia.kz порталына шыққалы бері өте көп адам редакцияға хабарласып, көп сұрақ қойып жатыр. Көмекті алу үшін кімге бару керек? Қай банк несие береді? Кепілдікке мүлік қою керек пе? Қанша сомаға дейін ақша ала аламыз? Бағдарлама қашан басталады? Осы және өзге де сұрақтарды Сауда және интеграция министрлігі сауда комитетінің баспасөз хатшысы Тойгүл Жұбанисоваға қойдық.

Жалпы бұл бағдарлама бойынша «дүкен ашам» деген азаматтардың қолына ақша беріле салмайтынын түсіну керек. Кәсіп бастаймын, дүкен ашам немесе ІТ-стартап жасаймын деген азаматтарға банк 18-19 пайызбен несие берсе, мемлекет сол қарыздың 10,7 пайызын субсидия бөліп жауып бергелі отыр. Мемлекет тарапының қолға алып жатқан бұл шарасы – “Ішкі сауда субъектілерін мемлекеттік қолдау шаралары” деп аталады.  

Бағдарлама қашан басталады?

Қазан айынан басталады. Ресми тараған мәліметте, бұл бағытта 4 млрд теңге республикалық бюджет комиссиясының шешімімен бөлу туралы шешім қабылданған. Қазір Сауда және интеграция министрлігі Қаржы министрлігінен аударылуын күтіп отыр. Ақша түскен бетте «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорына аударылады. Аударым түскеннен кейін өтінім беруге болады.

Өтінім беру үшін не істеу керек? Қайда бару керек?

Әр өңірде «Даму» қорының, «Атамекекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Сауда және интеграция министрлігінің департаменті, өкілдіктері бар. Олардың мекенжайларын интернеттен тауып алуға болады. Ең біріншіден, «Даму» қорына бару керек. Себебі ол жерде түсіндіріп беретін мамандар бар. Сол жерден консультация береді. Ал екінші деңгейлі банктер банкті мақұлдау немесе мақұлдамау туралы шешім қабылдайды.

Қай банктер несие береді?

Қазақстандағы кез келген екінші деңгейлі банктер.

Банктен несие алған кезде кепілге мүлік қою керек пе?

Керек! Бұл – екінші деңгейлі банктер арқылы берілетін несие болғандықтан, үлкен қаражатқа бәрібір кепілдік сұрайды. Бұл жерде екі түрлі қолдау тетігі бар: біріншіден, кәсіпкер дүкенімді салам немесе үлкендеу базарымды заманға сай модернизациядан өткізем немесе кеңейтем дейтін болса, онда өзінің бір мүлкін қойып, облыс орталықтарында 3 млрд теңгеге дейін несие алатын болса, сол несиенің 10,75 пайызын мемлекет субсидиямен жауып береді. Аржағында қалған пайыздық мөлшерлеменің 7-8 пайызын өзі төлейді.

Екінші тетік – егер жобаңыз ауылда болса, ол жоба 80 млн теңгелік болса, сол 80 млн теңгені алуға кепілдікке қойған мүлкіңіздің бағасы жетпей тұрса, онда мемлекет өз қаржысын қосып, кепіліңізге кепіл ақша қосады да, сол арқылы банктен несие алуға мүмкіндік туады.

Қолдау тек дүкен салу үшін беріле ме?

Одан бөлек, сауда базарларын жаңғыру үшін, сауда объектілерін салу, кеңейту, реконструкциялау үшін, үй жанынан дүкен салу үшін, осы салада IT бағдарламалар жасағаны үшін беріледі.

Мемлекет қанша сомаға дейінгі несиенің пайызын жауып бергелі отыр?

– Облыс орталықтарында осы жобаны жүзеге асырам деген кәсіпкерлер несиесінің максималды сомасы 3 млрд теңге, ал моноқала, аудан, ауылдардағы кәсіпкерлерге берілетін сома 1,5 млрд теңге. Яғни, осынша сомаға дейін кәсіпкер несие алса, мемлекет сол қарыздың 10,75 пайызын жауып береді.

Қай өңірлердегі кәсіпкерлер осы қолдау шараларын ала алады?

Бағдарламаға Астана, Алматы мен Шымкент қаласының тұрғындары қатыспайды. Неге өйткені мемлекеттік қолдау бағдарламасы өңірлердегі саудагерлерді қолдауға бағытталған.

4 млрд теңге аз ақша емес пе?

4 млрд теңге биылға дейін – осы жылдың қазаны мен желтоқсаны аралығына бөлінген қаражат. Келесі жылы бұл мемлекеттік қолдаудың бюджеті 5,6 млрд теңгеге, 2026 жылы 10 млрд теңгеге дейін жоспарланған.

Осы бағдарламаға қатысам деушілерде «ИП» болуы керек пе?

Міндетті түрде болуы керек.

Банктің «қара тізіміндегі» кәсіпкерлер, азаматтарға несие беріле ме?

Бұл банк мен қарыз алушының арасында реттелетін қарым-қатынас. Екінші деңгейлі банктердің жүйе бойынша қоятын талаптары бар. Оны банк қарастырады.

Нені ескеру керек?

Көпшілік «барсақ бізге несие бере салады» деп ойлауы мүмкін. Үлкен бизнесті жүргізетін кезде осы саладағы кәсіпкерлер үлкен бизнес-модель керектігін ескеруі тиіс. Бүгін үйде жатырмын, ертең дүкен салу үшін несие ала салайын деген пікір – реалистік қөзқарасқа жатпайды.

«Досымда дүкен бар, соны сатып алам, сол несиемді субсидияласын немесе кепілдік берсін» деген тағы болмайды. Сатып алу емес, тек дүкен құрылысын жүргізетін кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау беріледі.

Бұл қайтарымсыз көмек пе?

Бұл – кәдімгі несие. Тек мемлекет банк қосатын пайыздық мөлшерлеменің бір бөлігін өз есебінен жауып береді.

Бағдарламаға қатысу үшін жобалық-сметалық құжаттамада нысанның атауы нақты қандай болуы керек? Дүкен, сауда кешені немесе сауда үйі...

Бұл ОКЭД-ке қатысты сұрақ. Бағдарламаға келетін ОКЭД-тер: 46.90.3, 47.11, 47.19, 47.91.0, 68.20.3, 68.20.4, 68.20.5, 46, 47. Осы ОКЭД-тегілердің бәрі де мемлекеттік қолдауға қатыса алады.

Мемлекеттен қолдау алғандардың қандай қарсы міндеттемелері болады?

Осы мемлекеттік қолдауды алып, өзінің жобасын кеңейтіп немесе қайтадан салып, сауда базарларын салса, онда кәсіпкер тауар сөресінің 20 пайызын отандық азық-түлік өнімінің үлесіне, сол сияқты 20 пайызын отандық азық-түлік емес өнімдеріне беруі тиіс. Ол талап бақыланып отырады.