Белгілі саясаттанушы Шалқар Нұрсейітов Ulysmedia.kz порталына берген сұхбатында Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі шарт ұйымының (ҰҚШҰ) бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетовтың мәлімдемесі жайлы пікірін айтты.
САЯСИ МЕССЕДЖ РЕТІНДЕ ҚАБЫЛДАҒАН ЖОҚПЫН
Шалқар Нұрсейітов мәлімдемені саяси месседж деп қабылдамағанын айтады. Пайымдауынша, бұл – Қазақстанда саяси салмағы басым болған саясаткердің бірінің өз азаматтарына уақытында жасалған үндеуі. Әсіресе, кейінгі екі жылда әлеуметтік желіде Тасмағамбетовке қатысты ҰҚШҰ-ға бас хатшы болып барғаннан кейін түрлі хейт, алыпқашпа әңгіме, реніш – неше түрлі әңгімелер болып жатыр. Саясаттанушы ҰҚШҰ бас хатшысы сол әңгімелерден өзі де хабардар сияқты деп тұспалдайды.
Ең қатты тигені – Украинадағы соғысқа қазақ сарбаздарын жібермек деген әңгіме сияқты. Өйткені ол өз үндеуінде «өз сарбаздарын, қазақ бауырларын соғысқа жібергелі жатыр дегенге қалай шыдайсың» деген секілді сөйлеммен келтіреді. Меніңше, дәл осы әңгіме мәлімдеме жасауға триггер болған сияқты, - дейді ол.
БӘРІН ҰҚШҰ БАС ХАТШЫСЫ ШЕШПЕЙДІ
Шалқар Нұрсейітов Ақорданың бұл мәлімдемеге қандай да бір қатысы бар дегенге сенбейді. Егер қатысы болса «Тасмағамбетов мәлімдеме жасады» деп бүкіл медиада жазар еді деп есептейді.
Керісінше, менің ойымша ондай месседж көптеп таралатын болса, президент Тоқаевтың айналасы үшін ол жағымсыз жаңалық болатын еді деп ойлаймын. Қазақстанда, саяси авторитар жүйеде кім президент – сол ғана саясаткер. Қалған азаматтар ньюсмейкер бола алмайды, қалған азаматтар тиімді шешім шығара алатын басшы болып көріне алмайды. Сондықтан өз басым бұл жерде Ақорданың қандай да бір қатысы бар дегенге еш сенбеймін», - дейді ол.
Саясаттанушы сонымен қатар, эмоцияны ысырып, бір факторды естен шығармау керек дегенге сенімді: бірінші кезекте ҰҚШҰ НАТО-ға тең келетін ұйым емес, саяси-әскери ұйым деп баға берсе болады. Тағы бір айта кетерлігі, ҰҚШҰ бас хатшысы – ең басты шешімді қабылдайтын тұлға емес. Ол жерде ең жоғарғы шешімді қабылдайтын президенттер кеңесі бар.
Яғни бетін аулақ қылсын, егер ҰҚШҰ әскері Украинаға баратын болса, ол шешімді Тасмағамбетов бола ма, одан кейінгі бас хатшы бола ма – ол азаматтар қабылдамайды. Шешімді Путин, Тоқаев, Лукашенко секілді жалпы ұйымға мүше мемлекеттердің президенттерініің кеңесі қабылдайды. Біздің азаматтар Тасмағамбетовты сол ұйымдағы ең басты адам ретінде қабылдайды. Пікірталас болған кезде эмоцияны да, объективті факторларға да назар аударуымыз керек деп ойлаймын, - дейді саясаттанушы.
ӨМІР БАҚИ ҰЛТШЫЛ-ПАТРИОТ КӨРІНГЕН
Тасмағамбетов 2017 жылға дейін ішкі саясатта ең ықпалды саясаткерлердің бірі болған. Шалқар Нұрсейітов осыған назар аударады. Сол аралықта ұлтшыл, патриот образы қалыптасқан саясаткер болған. Ал 2023 жылдан бастап қазіргі қызметіне кіріскен кезде Нұрсейітовтың ойынша, азаматтардың санасына когнитивті диссонанс пайда болған.
Өйткені өмір бақи көз алдарында ұлтшыл-патриот көрінген азамат Кремльдің ықпалы басым ҰҚШҰ ұйымына бас хатшы болды. Одан бөлек ҰҚШҰ-ға біздің азаматтар шыны керек, Қаңтар қырғынынан кейін ғана назар аудара бастады. Бұл менің тәпсірім емес, Жәнібек Арынов және Темірлан Өмірбек сынды зерттеушілердің жақында ғана шыққан зерттеуіндегі деректер. ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің азаматтары бұл ұйымды қалай бағалайды деген сұраққа зерттеушілер жауап іздеген. Қазақстанға қатысты айтар болсақ, біздің азаматтар ҰҚШҰ-ға Қаңтар қырғыны мен Украинадағы соғыс призмасымен қарайды. Қазақстан ол ұйымнан шығуы керек деп есептейді, - дейді ол.
ТАСМАҒАМБЕТОВТЫҢ МӘЛІМДЕМЕСІ
Өткен айдың соңында Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі шарт ұйымының (ҰҚШҰ) бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов әлеуметтік желілерде таралған «Қазақстан әскері Украинадағы соғысқа жіберіледі екен» деген қауесетке қатысты мәлімдеме жасаған еді. Бейнежазбада ол қоғамда резонанс туғызған «Қазақстан әскері Украинадағы соғысқа жіберілуі мүмкін» деген қауесетке жауап берген. Ол қазіргі геосаяси ахуал жайла айта келе «мұндай жағдайда біреудің сойылын соғу нағыз соқырлық, ал өз ұлтына соғыс тілеу қаныпезерлік болар еді» дейді.