Қазақстан азаматтарының Украинадағы соғысқа Ресей үшін баруы қоғамды қазір көбірек алаңдата бастады. Заңгер Айман Омарова осы ретте Ulysmedia.kz порталына берген сұхбатында Ресей үшін соғысқан қазақтар елге келсе қанша жылға сотталатынын айтып берді.
ЕКІ БАП
Заңгер Айман Омарованың сөзінше, шетелде басқа мемлекеттің мүддесі үшін барып соғысу – қылмыс. Ол баптар бейбітшілікке және адамзат қауіпсіздігіне қарсы қылмыстар деп аталады.
Олар соғысқа Ресейдің атынан қатысып жатыр. Қылмыстық кодексте 170-бап бар. “Жалдамалылық” деп аталады. Соның 3 және 4 бөлігі бойынша қылмыстық құрам бар болуы мүмкін, – дейді ол.
Аталған баптың үшінші және төртінші бабы “жалдамалының қарулы қақтығысқа, соғыс қимылдарына немесе конституциялық құрылысты құлатуға немесе оған нұқсан келтіруге бағытталған өзге де күш қолдану әрекеттеріне қатысуы не мемлекеттің аумақтық тұтастығын бұзуы” және “адамдардың қаза табуына немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан іс-әрекет” деп аталады. Осы қылмысты жасаған адамдардың мүлкі тәркіленіп, 7-10 жылға және 15-20 жылға дейін сотталуы мүмкін. Төртінші бөлігі бойынша соттаса, тіпті Қазақстан азаматтығынан айырады.
Ал 172-бап “шетелдік қарулы қақтығыстарға қатысу” деп аталады. Ол бойынша Қазақстан азаматы шет мемлекеттердегі қарулы қақтығысқа немесе соғыс қимылдарына жалдамалылық белгілері болмаған кезде қасақана құқыққа сыйымсыз қатысса, 5-9 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.
Осы баптарды саралаған кезде нақты тергеу болады. Сол тергеу барысында олар айыпталушының кінәсін тергеушілер дәлелдеуі керек. Дәлелдей ала ма, жоқ па – ол өте қиын. Кейбір адамдар соғысақ қорыққаннан да баруы мүмкін. Сол үшін бұл жерде нақты тергеу болады. Бұл ауыр және аса ауыр қылмыстар санатына жатады, – дейді Айман Омарова.
ДЕПУТАТТАР ПІКІРІ
Өткен аптада Украинадағы "Өмір сүргім келеді" жобасы Ресей әскері сапында соғысып жүрген қазақстандықтардың тізімін жариялаған еді. Тізімде жалпы 661 адам бар. Олардың 78-і қаза болған. Бұл дабыл қағар жағдай емес пе? Қазақстанның билігі мұндайда қандай шара қабылдауы керек? Бұл сұрақты Ulysmedia.kz тілшісі бүгін мәжілістің бірнеше депутатына қойып көрген болатын.