Экономист, Қазақстан мұнай сервистік компаниялары одағының төрағасы Рашит Жақсылықов Ресей кәсіпкерлерінің Қазақстанның мұнай саласына кіріп жатқанын қоштамайтынын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЖАҚСЫЛЫҚОВ НЕ ДЕЙДІ
Мен Қазақстанның активтерін сатуға қарсымын. Үш мәселе бар. Біз Ресейдің ірі компанияларына инвестициялық жобаларын дамытуда Қазақстанда өте үлкен мүмкіндіктерді беріп жатырмыз. Егер бұл жобалар жеңіл өнеркәсіпті, ауыл шаруашылығын дамыту болса, бізде жоқ немес дамымаған индустрияға атсалысамыз деп жатса, онда мен қолдар едім. Бірақ бізідң энергоресурсты бақса да алпауыт компаниялар дамытып жатқан салаға кіруі мені өте қатты қобалжытады.
Тек жер қойнауын игеру болса жақсы ғой. Бұлар қазірп өндіріске де кіріп жатыр. Оның сыртында, тіпті АЭС салу мүмкіндіктері соларға беріліп кетуі мүмкін екеніне ешкім кепілдік бермейді. Меніңше, ақырындап соған бара жатқан сияқты. Энергоресурстарды басқа мемлекетке тапсыра салу – қаншалықты стратегиялық тұрғыда біздің экономиканың, егемендігіміздің тұрақтылығына әсер етеді? Біздің өз кәсіпкерлеріміздің мүмкіндігін сұрап көріп пе? – дейді ол Ұлыс аптаға берген сұхбатында.
Рашит Жақсылықов бір шешімді “ертеңге қалдырып жатса, халықтың көңілі резонансты жағдайға ауып бара жатқанда шешім қабылдай салуы мүмкін” деп болжайды.
Бишімбаевтің соты кезінде қанша шешім қабылданып кеткенін біз білмейміз. Мемлекет пен халықтың ортасында адал диалог жүруі керек. Мысалы мемлекет басшысы болса ол “халқым, күрделі жөндеуді Атырау МӨЗ-ге жасауымыз керек, себебі дүниежүзілік талап сондай, табиғатты былғап жатырмыз немесе еуро-6 бензинін шығару үшін жаңа технологиялар алуымыз керек” десе бірсәрі. Еврей ұлтының “ақшаңды әр қалтаңа сал” деген сөзі бар. Тура сол сияқты экономиканы бір мемлекетке байлау, бір ғана бағытқа дамыту – утопия. Бұл жерде жанар-жағармайды, мұнайды, электр энергияны Ресейдің қолына берер болсақ, онда ертең саяси мәжбүрлеу басталмай ма? Қазірдің өзінде біз сезіп отырмыз ғой. Екі күннің бірінде Каспий құбыры тоқтайды. Әр тоқтаған сайын саяси сауда жүріп жатқанын мен айдан анық біліп отырмын. Енді электр энергиясы мен жанар-жағармайды соларға берсек, біз не болдық? – дейді ол.
АТЫРАУ МӨЗ ЖАЙЛЫ
Энергетика министрлігі Атыраудағы мұнай өңдеу зауытының қазақстандық үлесін ресейлік «Татнефть» компаниясына сатпайтын хабарлады. Еліміздегі жанар-жағармай өндіретін басты кәсіпорын сатылады екен деген әңгіме наурыз айында шыққан, қазақстандықтар бұл жаңалыққа алаңдаушылық білдіріп, қоғам белсенділері дабыл қаққан. Ulysmedia.kz стратегиялық маңызы бар Атырау зауытын жекеменшікке, оның үстіне ресейлік компанияға берудің себебін анықтауға тырысты. Оның үстіне, редакцияда дайындалып жатқан мәмілеге қатысты растаушы құжаттар да болды. АМӨЗ бен «Татнефть» компаниясы арасындағы келіссөздер басталғаны өз алдына, тіпті қазақстандық компания болашақ серіктесіне зауыттың құпия мәліметтерін, оның ішінде бухгалтерлік есеп-қисабы мен кіріс-шығысы туралы мәлімет беруге міндеттелген екен. Індете қазып, мәселенің ақ-қарасын айыру бізге де оңай болған жоқ. Тіпті бізді көзге ілмеулері де мүмкін еді.
Ulysmedia.kz бұл ақпаратты жариялап, «ҚазМұнайГазға» тиісті хат жолдаған. Неліктен осындай шешім қабылданғанын және оның қисыны неде екенін білсек дедік хатта. Зауыттың ресейлік компанияға сатылуына қатысты сұрағымызға компания басшылығы екіұшты жауап беріп, нақты айтуға әзір дайын еместігін жеткізген. Тіпті «иә, сатылады» немесе «жоқ, сатылмайды» дегенді де айтпаған.