×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Кіші Талдыкөл трагедиясы: Қазіргі жағдайы қалай (ФОТО)

23.09.2021, 17:16
Кіші Талдыкөл трагедиясы: Қазіргі жағдайы қалай (ФОТО)
Фото: Темірлан Сағындық

Елордадағы кіші Талдыкөл бей-жай қарамаған жергілікті тұрғындардың қорғауынан соң бүкіл елге танымал болды. Бір жылдан бері көл аумағына тұрғын үй кешені құрылысына қатысты дау толастар емес. Жуырда Нұр-Сұлтан әкімдігі «жағдай толық айқындалғанша көлді көмуді тоқтата тұру» туралы шешім шығарды. Ulysmedia.kz тілшілері құрылыс ортасында не болып жатқанын және кіші Талдыкөлдегі жұмыстың қаншалықты тоқтағанын көруге барды.

Бей-жай қарамайтын адамдар осынау табиғаттың көркем бөлшегін сақтап қалуға тырысады. Осы ретте мәселеге қатысты қызу пікірталас өршіп тұрғанымен, көлдің қандай екенін білетін қазақстандықтар аз. 

КІШІ ТАЛДЫКӨЛ

Кіші Талдыкөл астананың Есіл ауданында, Есіл өзенінің сол жағалауында орналасқан. Көлге қатысты түрлі пікір бар: кейбіреулер көл табиғи түрде пайда болғанын айтса, тағы бір топ көлді ағынды сулардың нәтижесінде қалыптасты деп есептейді.

Қалай болғанда да, қазір су қоймасы – шулы қаланың демалыс орны, сонымен қатар мұнда Қызыл кітапқа енген жануарлар мен құстар мекен етеді. Алайда кіші Талдыкөлге құрылған жоспар таңқаларлық – көлді құммен көміп, үстіне тұрғын үй кешендері мен бизнес орталықтарын салуды көздейді. 

Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің қала құрылысы жөніндегі орынбасары Нұрлан Нұркенов түсініктеме беріп, көлдегі құрылыс жұмыстарын тоқтатуға уәде берді.
Жұмыс расымен тоқтап  тұр ма?

ҚАЗІР ҚАЛАЙ?

Жағалауға жақындай бере көлді құммен толтыру қарқынды жүріп жатқаны анық байқалады. Қалай болғанда да, құм тиеген көліктер әр бес минут сайын жағаға шығады. 

КамАЗ жүк көлігі жолдан шыққанда шаңы бұрқырап, гүрілдеген дауысы көкке жетеді. Ең берісі мұндай қарбалас жақын маңайға қоныстанған тұрындар мен тұмса табиғаттың тынышын бұзып тұр.

Көл ортасында болашақ құрылысқа арналған дөңес жер алыстан қарауытады. Бұл ауыр техникалардың жүруіне ыңғайлы жол ретінде қолданылады.

Олар ұзындығы 400 метр болатын бетон конструкциясын төсеп үлгерді. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұл тұрғын үй секторларын қосатын кабельдік желіге арналған.

Көлдің екінші жартысы құрғап кеткен, тіптен су жоқ деуге болады. Өйткені құм төгілген соң су деңгейі бірден түскен.  

Бірақ сіз мұнда қоқыс үйінділері мен құрылыстан қалған қалдықтарға куә боласыз. 

Көлден шығатын жағымсыз иіс туралы көптеген дау-дамайлар болды. Қала билігінің алдында жыл соңына дейін кіші Талдыкөлдің ластану мәселесін шешу тұрды.

Көлдің түбі шөп-шалаңнан, балдырдан тазарту жұмыстары жүргізілді. Әйтсе де біздің түсірілім тобы анау айтқандай иісті сезбеді, көл суы тұп-тұнық көрінеді. 

Жергілікті тұрғын Айдын Нұрқажының айтуынша, жағымсыз иіс тек жаз уақында білінеді. 

«Жазда күн қатты ысығанда көлден иіс шығатыны рас. Бірақ көлдің суы тоқтап қалған, лас болса мұнда аққулар келмес еді», дейді ол.

Эко-белсенді әрі елорда тұрғыны Ярослав Антонюк, “көл лас болса құстар да келмес еді” деген пікірді құптайды.

«Қазір көл тазартылған, ешқандай иіс-қоңыс шықпайды. Көпшілік айтып жүргендей бұл шалшық емес. Мыңдаған жылдар бойы су жиналып келген және аққулар мен қоқиқаздар мекен еткен су айдыны. Оны қорғау керек», деді ол.

Көлдегі аққулар мен үйректер маңайындағы жүк тиеген көліктерден үрікпей жүзіп жүр. 

Біз КамАЗ көліктерінің бірінің жүргізушісімен сөйлестік, ол жағалаудың арғы бетіне кетіп бара жатқанын және құм тасып жүргенін айтты.

Не үшін екенін сұрағанымызда, «батпақты жабу үшін, айналаның бәрі батпақ», деп қысқа қайырды.

Ярослав Антонюк құрылыс мәселесіне сауатты және өркениетті негізде қарау қажет деп есептейді әрі қазақстандықтардың пікіріне құлақ асу керек.

«Менің ойымша, бұл жерді жайына қалдырып, тиіспеу керек. Табиғи көрінетін саябақ алаңы жасалсын. Бірақ оны жасағысы келмей отыр, бетон мен ағашқа айналдырғысы келеді. Мұндай таңғажайып орындарды сақтау керек. Қазақстан азаматы ретінде маған бұл өте оғаш әрі ауыр тиеді», дейді эко-белсенді. 

Тұрғындар таза ауада серуендеу үшін көлге жақын орналасқан тұрғын үйлерден пәтер сатып алғысы келеді. 

«Міне, бұл жерде осындай сұлулық тұнып тұр. Үйім осы жерден алыс емес. Бұл үйді әдейі таңдадым, өйткені табиғаты әдемі. Қаладан шаршағанда осында келіп демалуға болады. Балалармен бірге аққуларды тамақтандырып, жағада жүреміз. Айналада бос жер көп, қалаған жеріне салсын. Тек Талдыкөлге тиісудің қажеті жоқ», дейді осы жердің тұрғыны Айдын Нұрқажы. 

Ulysmedia.kz тілшілері шенеуніктердің кіші Талдыкөлдегі жұмыстарды тоқтатамыз деген уәделеріне қарамастан көлді құммен толтыру әлі де жалғасып жатқанына көз жеткізді. Құм тиеген көліктер жағалауға қарай ағылып жатыр. Аққулар мен қоқиқаздардың мекені күн сайын құрылыс алаңына айналып, тарылып барады.

Авторы Евгения Стегленко,

аударған Ая Өміртай;