×
479.42
467.91
8.21
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
479.42
467.91
8.21

Абай облысы: Семейдің экономикасы мен ерекшелігі жайлы экс-әкіммен сұхбат

17.03.2022, 12:44
Коллаж: Ulysmedia

Абай облысының құрылуы жайлы жаңалық кешелі бері ең көп талқыланған тақырыптың біріне айналды. 25 жылдан кейін облыс мәртебесін қайтарғалы отырған Семей өңірінің халқы бірін-бірі құттықтап, мәре-сәре болып жатыр. Ulysmedia.kz порталының тілшісі осы ретте әңгімеге Семей қаласын 2007-2011 жылдары басқарған Мейрамхат Айнабековты сөзге тартып көрді. Бұрынғы әкім бұл күнде жеке кәсіпте жүр. Жаңалықты көппен бірге қуана қабылдағанын, өскен өңірдің игілігі үшін қай салада болмасын тер төгуге дайын екенін айтады.

- Мейрамхат Кәрібекұлы, Абай облысы құтты болсын! Қуанып жатқан шығарсыз?

- Мұны жалғыз мен ғана емес, бүкіл Семей жұртшылығы, еліміздің зиялы қауымы өкілдері, бір сөзбен намысы бар қазақтың бәрі дұрыс қабылдады деп ойлаймын. Қазақ батар күннің атар таңы бар дейді ғой. Облыс болып, бір маңдайымымыз жарқырап жүретінін сезген халықтың көңілі көтеріліп, жастарға жақсы серпіліс болатын уақыт келетін шығар деп үміттеніп жүрміз.

Бүкіл халық қуанып жатыр. Бір-бірін құттықтап, еңсесі көтеріліп, біздің Семейде өмір өзгеріп кеткендей болды. Бір күннің, бір сәттің ішінде ғана! Сондай көңілмен қарсы алдық ұсынысты. Президентке көп рахмет!

- Жаңа облыстың құрылуына шыны керек, скептикалық көзқарас танытатындар да бар. Облыс мәртебесін қайтару, жаңа облыс жасақтау бюджеттік тұрғыда қаншалықты қаражатты көп қажет етеді?

- Халықтың басын құрап, дұрыс тіршілік жасап, бәрін дұрыс ұйымдастырып, экономикалық, әлеуметтік және саяси жағдайды дұрыс жолға қояр болса, жалғыз Семей емес, қай қала болсын ешқашан құлап қалатын немесе біреуге жалтақтап қалатын жағдайы жоқ. Ал енді «Семейді Өскемен асырап отыр» деген пікір жаңсақ дер едім. Өз басымнан кештім. Шынтуайтында облыс дәрежесі, әлеуеті бола тұра басқа облыстың қолына қараған күн не болады? Кешке дейін ана шаруаға керек, мына жыртығымды жамайын деп ақша сұрап, қазанның басында отырған Өскеменге жалтақтап отырсақ, жұмыс дамымайды, өңір өркендемейді. Кетеуі кете бермесе, мүмкіндік бермегеннен кейін басқа жағдай болмайды. Қала, облыс болғаннан кейін оның өзінің бюджеті, жоспары мен өзінің алға қойған мақсаты болуы керек. Ал ондай мүмкіндік жоқ болды. Жартылай қала деген аты бар. Оған қоса Семейге 16 округты қосып тастаған. Абыралы немесе Жаңа Семей секілді аудандарды, совхоздарды облыс ішіндегі қалаға қосып тастау деген басқа еш жерде жоқ. Оны Семей қоса асырап жүрді. Былайша, айтқанда жарты облыс қой. Бюджеті де Семейде. Кем-кетігіне Семей жауапты болды.

Сондықтан, а дегенде алға қозғалып кету үшін аздап қаржы беруге болатын шығар. Бірақ түптің түбінде Семей өркендеген кезде қаржының бәрін бюджетке беру жағынан бірнеше есе асып кетеді. Олай дейтінім, Семей – ертеден аграрлық, тамақ, жеңіл өнеркәсіп дамыған өңір. Біз Семейді құрту арқылы өнеркәсіптің осы түрлерін бүкіл Қазақстанда төмендетіп алдық. Өйткені Қазақстанда осы салада дамыған қала – Семей болатын. Ауыл шаруашылығымен қатар Семейде кезінде тамақ өнеркәсібі де қатты дамыған. Ет комбинаты, жүн иіру фабрикасы, тері илеу комбинаты, ұн өнеркәсібі бәрі жабылғаннан кейін соның бәрі қазір Семейге сырттан келіп жатыр. Қыл аяғы сүт, май, шұжыққа дейін Беларусьтен келеді.

Семейдің өнеркәсібі осылай тұралағаннан кейін өңірдегі ауыл шаруашылығы да тоқтап қалды. Енді олар өнімдерін қайда өткізеді? Бұрын Семейдегі зауыт, фабрикаларына өткізетін. Семейдің аудандарын таратқан меніңше, бір кездері қате шешім болды. Енді қайтадан ауыл шаруашылығын көтеруіміз керек.

- Шығыс Қазақстаннан Абай облысын бөлген кезде, атап айтқанда аудандарды бөлерде 1997 жылға дейінгі әкімшілік аумақтық бөліністі негізге алған дұрыс па?

- Соны сақтау керек. Әр нәрсенің өзінің тарихын сақтаған абзал. Жерін де. Өйткені бұрын Семейге қарамай қалған аудандардың бәрі де әлі күнге дейін балаларын осы жаққа оқытып, көңілі Семейге бұрылып тұрады. Екіншіден, Семейдің бұрыннан бері қалып қойған көптеген шекаралық аудандары бар. Тек Семей қаласы ғана емес, Тарбағатайдағы Ақсуат, Бородулиха жақ, Қытаймен шекаралас аудандардың бәрін қалпына келтірген абзал. Себебі біз бір кездері Семейді тарату арқылы шекарадағы аудандарды әлсіретіп алдық. Ол аудандарды жаптық та қостық. Ол аудандардан ел үдере көшіп жатыр. Ал қазіргі геосаяси жағдайларды көріп отырғаныңыздай, шекараны әлсіретуге болмайды ғой. Шекара мығым отыруы керек еді.

- Сондықтан бұрын Семей облысына қай аудандар қарады – солай қалуы керек деген ойдасыз ба?

- Міндетті түрде! Бір кездері бөлініп қалған аудандардың бәрінде ауыл шаруашылығы өркендеген бір кездері. Анау Мақаншының, Ақсуаттың қаншама мың малы, қойы бар еді. Егер сол аудандардың бәрін Абай облысына қалдырмаса, бұл да жартыкеш шешім болып қалады.

Семей облысының 1989 жылға дейінгі аумағы

Өскемен өзінің қазба байлықтарымен жұмыс істей берсін. Кені, ураны бар. Ал Семейдің бағыты басқа – аграрлық өңір.

- Қанша дегенмен ірі кәсіпорындардың көбі Өскеменнен бөлек Алтай, Риддер секілді қалаларда шоғырланған ғой. Солардың ішінде жаңа құрылатын Абай облысының бюджетіне сеп болатындай бюджеті ауқымды аудандарды жаңа облысқа қарату керек деп ойламайсыз ба?

- Әрине, ішінара қарастыруға болады. Бюджетке салмақ түсіреді-ау деген аудандар да бар. Алайда шекаралық аудандардың бәрін Семейге беріп, қазақтандыру керек. Мысалы Мақаншы қашық екен деп, оны Өскеменге қалдыру меніңше, дұрыс емес. Өйткені ол Семей қазақы өңір болғандықтан, сол жерге қазақтар топтасып, көбеюі керек. Шемонайха жақтарды Өскеменге бере салуға болмайды.

- Күні кеше мәжіліс депутаты Берік Дүйсенбинов Абай облысын құру кезінде Өскемен орыс тілді аудандармен қалып қалмауы керектігін, мұның қатері барын, сепаратизм туындап кетуі мүмкін екенін айтып қалды...

- Оның сөзінің жаны бар. Бородулиха, Шемонайха аудандарының бәрі орыс аудандары. Сол аудандарды Семейге қаратса – қазақтануы мүмкін. Өскеменге қалса – сол күйі қалады. Ол өзгермейді. Шекаралық аудандарды бөлгенде сақ болу керек, әлбетте!

- Абай облысын аяғынан тік тұрғызу үшін Семейдің өзіндегі немесе оның айналасындағы қандай аудандарда қандай кәсіпорындарды ашуға болады деп ойлайсыз? Жаңа облыстың экономикалық әлеуеті қандай болуы мүмкін?

- Семей тез көтеріледі. Тоғыз жолдың торабындағы Семейдің ұшақ қонатын орыны да, Ресеймен және Қытаймен байланысуға болатын су жолы да бар. Орта Азия мен Ресейді қосып жатқан теміржолы бар. Автокөлік жолы салынған. 500 шақырым жерде 1,5 млрд адам нарығы бар Қытай, 150 шақырым жерде Ресей нарығы тұр. Тек дұрыс басшы керек. Халықты ұйымдастырып, азаматтарды топтастырып жұмыс істесе, тез көтеріледі бұл өңіп. Сол бұрынғы бағытты сақтап, ауыл шаруашылығын дамытып, жеңіл және тамақ өнеркәсібін дамытқан абзал. Бұл сала біздің Қазақстанда әлсіреп қалған. Тамақты да сырттан тасып жүрміз.

Түркістан облысы құрылды. Қуандық. Алайда экономикалық жағынан Семейдің мүмкіндігі қай-қайсысынан болса да зор. Қазба байлығы жоқ өңір дамымайды деген пікірден аулақ болу керек. Өйткені оның да таусылатын кезі бар. Ал Семей жан-жақты. Тамақ та, киім-кешек те өмір бойы керек.

Семей облысының 1997 жылға дейін әкімшілік бөлінісі

- Жақсы басшы керек деп қалдыңыз. Күні кеше жаңалық шыққан кезде әлеуметтік желідегі семейлік азаматтардың кейбірі әкім ретінде Мейрамхат Айнабековты қайтару керек деп айтып жатыр. Шақырса барар ма едіңіз?

- Қай салада болмасын, елдің азаматы ретінде күш салып, жұмыс істейміз. Бірақ жас, өмір көрген, ауылды көрген, халықтың ішінде болған, шет жерде жақсы білім алған жас азаматтардың басқарғаны дұрыс қой қазір. Өңірдің жалпы жағдайын түсінетін азамат керек. Әрине, ақыл қосып, жан-жақты көмек көрсетуге дайынбыз. Бірақ жастар келу керек бұл жерге. Семей – Абайдың, Шәкәрімнің, Мұхтардың елі, Алаштың отаны.

- Сұхбат бергеніңіз үшін рахмет!