×
432.69
455.32
6.81
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
432.69
455.32
6.81

Жерді қайтармаса, ауыл халқын митингке шығарам - қоғам қайраткері

20.03.2022, 12:41
Көрнекі сурет: ашық дереккөзден

Халық көшеге шықпаса, билік мәселеге назар аудармайды деп есептейді қоғам қайраткері, экономист Мұхтар Тайжан латифундистерден жерді қайтару тоқтап қалғанын айтып. Ulysmedia.kz порталына сұхбатында «Жер қорғаны» партиясын құрмақшы ол, сәуір айында ауыл тұрғындары арасында митинг ұйымдастыратынын мәлімдеді.

 – Менің жер мәселесімен айналысып келе жатқаныма 6 жыл болады. Көп заңды өзгерттік. Қаншама хат жазып, қаншама жиын өткіздік. 2019 жылы Тоқаевтың қабылдауында да болып, космомониторингті енгіздік. Яғни заңды өзгерттік. Соған қарамастан сол заң мен бұйрықтар орындалмай жатыр. Космомониторингсіз жерді босата алмаймыз. Өйткені адами фактор бар жерде жемқорлық пайда болады. Тоқаевтың өзі бір кезде берген өз тапсырмасының орындалуын қадағалай алмай отыр. Міне, бір жыл бойы! Космомониторингтің арқасында 2020 жылы Қазақстанның тарихында ешқашан болмаған жағдайға қол жеткізіп, 8 млн гектардан астам жерді мемлекеттің меншігіне қайтарып алдық. Анықтадық алдымен. Содан кейін 4 млн гектар қайтардық бір жылдың ішінде! Біз жолға қойған жүйе «Сергек» секілді. Адами фактор жоқ. Латифундистер оны да көріп, қолдау базаларының арқасында Сапархан Омаров жүйені бұзды, – деп нұсқаған пікір иесі қазіргі ауылшаруашылық министрі Ербол Қарашөкеев құйтырқы әрекеттерді жалғастырып отыр дегенді келтірді.

Мұхтар Тайжан былтыр, яғни 2021 жылы космомониторинг бір жыл бойы істемей қалғанын атап өтті. Соның салдарынан бірде-бір гектар қайтарылмаған.

 – Сонда президент әкімшілігі қайда қарап отыр? Президенттің өзі қайда қарап отыр? Неліктен өз тапсырмасын орындауға атсалыспайды? Неліктен бақылауға алмайды? Не үшін оны Мұхтар Тайжан жазуы керек? Өз тапсырмасы ғой. Яғни менің қорытындым – космомониторинг Мұхтардан басқа ешкімге қажеті жоқ. Олай болса, біз сәуір айында біз бірнеше ауылдар, бәлкім одан да көп ауылдар, заңды түрде митингке шығамыз. Заңды түрде 5 күн бұрын ескертіп, «Жерді қайтарыңдар» деген ұранмен мен ауылдарды митингке шығарам! Өйткені халық көшеге шықпай, билік нақты проблемаларға назар аудармайтынына көзім жетті. Олай болса, мен халықты заңды түрде көшеге шақырам. Сонда ғана бәлкім, президент Тоқаев жер проблемасына назар аударады. Басқа жол жоқ!, – деп ескертеді қоғам белсендісі.

Ол бүгінгі таңда ауылдағы ағайынның әбден қарызға батқанына, бәрі мойнына несие қамытын киіп отырғанына қынжылып, елімізде Германия аумағынан артық 40 миллион гектардан астам жайылым жер пайдаланылмай тұрғанын жеткізді.