×
472.14
498.39
7.65
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
472.14
498.39
7.65

Жеңіс күнін атап өтудің жаңа концепциясы керек: Депутаттар 9 мамыр жайлы не дейді

13.04.2022, 14:57

9 мамырда, яғни Жеңіс күні әдетте қазақстандықтар орталық алаңға жиналып, «Мәңгілік полк» шеруін ұйымдастырады. Не десек те, бұл күннің жыл да саясиланып, дау туғызып жататыны бар. Қазіргі геосаяси жағдайдың ушығуына байланысты Жеңіс күнін өткізудің форматы Қазақстанда өзгеруі мүмкін бе? Бұл сұрақты Ulysmedia.kz порталының тілшісі мәжіліс депутаттарына қойып көрді.

Жасыратыны жоқ, Жеңіс күні Қазақстанның қазіргі саясатына жат «На Берлин», «Можем повторить» деген орынсыз ұрандар айтылып кетеді. Ал қазір осы мерекенің бір атрибуты саналатын георгий лентасын таққан Ресей әскері Украинамен соғыс жүргізіп жатыр. Қазақстанда Украинаны да, Ресейді де қолдайтындар көп.

«Солардың арасы суып, сына қағылып кетпеуі үшін биыл Жеңіс күні қалай өткізілуі керек деп ойлайсыз?» - деп сұрап көрдік депутаттардан.

ӨЗ ТАРИХЫМЫЗДАН ҚАШПАУЫМЫЗ КЕРЕК

Депутат Еділ Жаңбыршиннің айтуынша, бір нәрсені анық түсініп алу керек.

«9 мамыр – бұрын Кеңес үкіметінің құрамында болған аталарымыздың, әкелеріміздің соғысып, неміс фашистерін жеңген күні. Бұл біздің тарихымыз. Менің өзімнің кәрі әкем, әкемнің ағасы, кәрі әкемнің екі інісі – әулеттен 4-5 адам осы соғысқа қатысты. Оның екеуі соғыстан қайтқан жоқ. Сондықтан біздің отбасымыз үшін, жалпы көп адам үшін бұл айрықша мереке деп есептеймін. Сондықтан бұл мерекені біз ұмытпауымыз керек. Өз аталарымыз бен әкелеріміздің рухы үшін біз бұл мерекені біз атап өтеміз», - дейді Еділ Жаңбыршин.

«Ал жылдағы форматта өткізу керек пе» деген сұраққа келгенде депутат «Мәңгілік полктың» ішінде де қазақтың аталары мен әкелері барын айтады.

«Оны еске алуды саясиландырудың қажеті жоқ деп есептеймін. Георгий лентаға байланысты айтар болсам, біздің қазақстандықтар көк лента тағу үрдісі болған. Бізде мысалы Ақтауда сол мерекелер өткен кезде көбінесе өзіміздің туды түсіне байланысты ленталар тағады. Ардагерлер де, оқушылар да, жастар да. Сондықтан меніңше, біз ешқашан өз тарихымызда бар заттан қашпауымыз керек. Еске алып отыруымыз керек. Не үшін? Болашақта соғыс болмас үшін!» - дейді депутат.

ПАРАД ЖАСАУДЫҢ ҚАЖЕТІ ЖОҚ

Ал депутат Жанарбек Әшімжанның айтуынша, ата-бабалардың рухына құрмет үшін құран бағыштауға болады.

«Ол үшін парад жасап керегі жоқ деп есептеймін. Әркім аруаққа ас беріп, имандылық бағытта болса деймін. Дүрілдетіп, көшеде парад жасап, жалаулатып, байрақ көтерудің қажеті жоқ», - дейді ол.

Тағы бір депутат Берік Әбдіғали Жеңіс күнін тек Ресеймен немесе Украинамен байланыстырудың керегі жоқ екенін атап өтті.

«Фашизмді жеңуде қазақтың өз үлесі болды. Оны кім қалай ойлайды? Атап өту, еске алу жағынан мемлекетте қалыптасқан дәстүр бар ғой. Бірақ парад болмайды. Еске алу шараларын өткізуге болады. Ал енді қандай қылып десеңіз, оны ақылдасу керек болады. Біз ол жақта Ресей немесе Украина үшін соғысқан жоқпыз. Фашизмді құрту үшін бүкіл әлем соғысты. Мен солай қабылдаймын», - деді Берік Әбдіғали.

ӨЛІНІҢ АРУАҒЫН ТІРІНІҢ ТАЛҚЫСЫНА САЛМАЙЫҚ

Депутат Бақытбек Смағұл Жеңіс күнінде «өлінің аруағын тірінің талқысына» салмауға шақырды.

«Одан да құрбан болған аталарымыз бен әкелерімізге құран бағыштап, гүл шоқтарын қойып, солай болғаны дұрыс деп ойлаймын. Соғысты қайталамаудың жолын қарастырып, тірі болса ардагерлерімізге құрмет көрсеткеніміз жөн. Бірақ жаңа көзқараста мән берген де дұрыс. Украинада болсын, Беларусьте болсын – президенттерінің сөйлеген сөзін көрдіңіз бе? Мысалы Беларусь президенті соғыста «біздікілер көп қырылды» дейді. Сондықтан біз өзімізше атап өтіп, оған араласуға ешкімнің ешқандай құқығы жоқ», - дейді ол.

Бақытбек Смағұл өзі қатысқан Ауған соғысын да сөз арасына қосып өтті.

«Қазір ол соғыстың өзі басқыншылық екені аталып жатыр. Соған қатысқан азаматтар кінәсі болмас. Бірақ жаңа көзқарас жағдайында олар да қоғаммен бірге дамып, адаммен санасуы керек», - деп түйді ол.

АЗА КҮНІНЕ АЙНАЛДЫРУ КЕРЕК

«Биыл қалай өтетінін дәп басып айту қиын. Бірақ енді парад немесе шеру болмайтыны айтылып жатыр ғой. Биыл қалай өтсе де өтсін! Бірақ алдағы жылдардан бастап біз датаны, айтулы күнді атап өтудің жаңа бір концепциясы керек сияқты. Ол дабыралататын, айғайлап шулайтын, қуанатын, отшашу жағатын күн емес. Шынымен де аза күнінің бір түріне айналдыруымыз керек», - дейді Айдос Сарым.

Депутаттың айтуынша, қазір ешкім І Дүниежүзілік соғыстың қалай өткеніне бас қатырмайды. Сол сияқты алдағы уақытта мұның қызу талқысы, әсіре эмоциясы аяқталатын шығар.

«Өткізу форматын өзгертіп, оны баспасөзде тарату керек. Еуропаның көп елінде бұл ұлтты біріктіретін, татуластыратын, табыстыратын күн. Ресейде ІІ дүниежүзілік соғыс тақырыбы саяси реванштың, екіншіден бүгінгі милитаристік саясаттың түп қазығы, іргетасы болып қалыптасып жатыр. Яғни бұл тақырыпқа жоласаң Сталинді айтасың. Қазір тарих үлкен бір рухани майданның түбіріне айналып кетті. Путин Украинаға соғыс жариялар алдында бір жарым сағат сөйлеп, соның 90 пайызы тарихқа арналды. Мұның өзі де көп нәрсені аңғартады. Қазақстанда үлкен идеологиялық жұмыс жүргізіліп жатыр. Қазіргі міндет – осыны көрші елдердің саяси немесе рухани соғыстарының бір бөлігіне айналып кетпеу», - деді ол.