×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Бес қазақстандық Мьянмадағы құлдықтан қашқан: біреуі ұсталып хабарсыз кетті

02.05.2023, 13:51
Бес қазақстандық Мьянмадағы құлдықтан қашқан: біреуі ұсталып хабарсыз кетті
Коллаж: ulysmedia.kz.

Ulysmedia.kz порталына хабарласқан Құстар Серік атты азамат туысы Қыран Манапұлының Мьянмада мәжбүрлі еңбекке жегіліп, сол жерден қашуға тырысқанымен ұсталып, хабарсыз кеткенін айтады. Қыранмен бірге қазақтың төрт жігіті 26 сәуірде Мьянмадан қашып, Тайланд шекарасына өтпек болған. Алайда төрт жігіт өзеннен өтіп кеткенімен Қыранды мәжбүрлі еңбекке тартқан компанияның күзеті қуып жеткен.

Тайланд соты төрт жігітті Қазақстанға депортациялау туралы шешім шығарған. «Ал Қыраннан хабар жоқ» деп алаңдайды туыстары.

Олар «сатылып кеткенін әуелі сезбеген»

Қыран Манапұлы Қытайдан көшіп келген. Қазақстан азаматтығын екі жыл бұрын алған.

Қыранды осыдан екі жыл бұрын Алматыдан Дубайға компьютерлік ойындарды жасайтын компанияға жұмысқа шақырған. Ол бірнеше жігітпен компанияда жұмыс істеуге келіседі. Әуелі айлық та, жылдық демалысқа берілетін ақысы да төленіп, Қыран Қазақстанға келіп жүрген. Арасында Филиппинге іссапарға барған.

«2022 жылдың қыркүйегінде Дубайдағы компанияның барлық персоналы түгелімен Филиппинге тағы барған. 2023 жылы ақпан айының 12-де бүкіл персонал Филиппиннен Тайландтың Бангкок қаласына келген. Сол күні кешке бірден бұларды көлікке отырғызып, Мьянмаға алып кеткен. Бәрінің паспорттарын жинап алған. Жанына автоматпен қарауылдар қойылған. Тайланд пен Мьянманың шекарасында бір өзен бар екен. Бангкокқа 6-7 сағаттай жол ғой деймін. Сол жерде қайыққа отырғызып, өткізе салады екен. Сөйтсе, бұлардың бәрі Филиппинде жүрген кезінде бүкіл компаниясымен сатылып кеткен болып отыр, бірақ өздері білмеген», - дейді Құстар Серік.

Құстар Серіктің сөзінше, жалпы саны 20-30 адамның бесеуі қазақ болған. Өзеннен өткізгеннен кейін оларды арғы жағынан қарулы әскерилер келіп, «Миовати» деген қаланың «Илуңуан» деген жабық ауданына апарып тастаған.

«Содан бері Қыранның сол жерден шыға алмай жатқанына бірнеше ай болды. Оларға төрт айдай айлық бермей ұстаған. Олар әуелі өздерінің мәжбүрлі еңбекте жүргенін білмеген. Үш ай өткеннен кейін істемегендерді ұрып-соққан ба – сондай әңгімелер басталған екен. Сонда ғана бұлар «біз сатылып кеткен екенбіз» деп сезбей ме!? Компания «сендер бізге осыншама мың доллар қарызсыңдар» деп әңгіме шығарған», - дейді ол.

Бес жігіт қашып, Қыран ұсталып қалған

Ақыры мәжбүрлі еңбекке көнбеген қазақтың бес жігіті сол жерден қашуды көздейді. Алайда бір мезетте қашып кету қиынға соққан көрінеді. Жұмыс режимі сағат 08.00-де басталып, түскі 11.30-ға дейін, содан соң 12.00-ден түнгі 00.00-ге дейін міндеттелгендіктен, жұмыстан азаматтар түнде ғана босаған. Ал түнде әр бес метрде қарауыл қойылған. Түннен қарағанда күндіз қашып кету оңайырақ көрінген. Осыны ойлаған бес жігіт түскі 12.00-де қашуды жоспарлайды.

Қыран Манапұлы алдымен Қазақстанның Тайландтағы елшілігіне хабарласып, жағдайын, қашқысы келетінін айтқан. Қазақстан елшілігіндегі азаматтар балаларды қолдап «қашыңдар, алдарыңнан шығып, күтіп аламыз» деген.

«26 сәуір күні түскі сағат 12.00-де бұл балалар қашады. Қашқан кезде өзеннен ары қарай өткен. Қашып шыққан төрт баланың айтуынша, Қыран өзеннен өтіп болған кезде аяғы тайып жығылып қалады екен де Мьянма жақтағылар оны ұстап алған. Қалған төрт баланы қуалайды. 400 метр қуалаған кезде арғы жағынан Тайланд сарбаздары оларға кезігіп қалады да, Мьянма сарбаздары кейін шегінген. Тайланд әскерилері төрт жігіттің ұсталғанын айтып, Қазақстан елшілігіне хабар береді. Елшіліктегі кісілер балалармен сөйлескен», - дейді төрт жігіттің негізгі мақсаты орындалғанын білдіріп.

Құстар Серіктің сөзінше, ұсталған төрт жігіт шекара бұзғаны үшін Тайландта қамауға алынған. Алайда қазір сот шешімімен енді олар Қазақстанға депортацияланады.

Қыраннан хабар жоқ

Төрт жігітті енді Қазақстанға қайтару мәселесі шешіліп тұрғандай көрінгенімен Қыран Манапұлынан мүлде хабар жоқ. Туыстары соған алаңдайды. Құстар Қазақстанның Тайландтағы елшілігіне хабарласқан. Сол кезде елшіліктегілер Қыранның басынан аяғына дейін өздерімен хабарласып отырғанын, алайда ұсталып қалғанын білмейтінін айтқан. Елшіліктегілер Тайландтағы әскерилермен байланыста екенін, егер керек болса олар Қыранның күтіп алатынын жеткізген.

СІМ не дейді?

Ulysmedia.kz тілшісі осы мәселе бойынша Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне хабарласқан. Министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, сәуір айының ортасында Қазақстанның Тайландтағы консулына Қыран Манапұлы хабарласып, өзі және төрт қазақ жігіті құлдықта екенін айтқан.

«Консул мұның алдында да бірнеше адамды құтқарған. Сол себепті мұндай жағдайда не істеу керектігін оларға түсіндіріп айтты. Мьянмадағы компания басшылығы бұлардан адам басына 6 млн теңге сұраған. Жас жігіттер ол соманы бере алмаған, туыстарына айтпаған. Сөйтіп, бір күні хабарласып, біздің консулға шекарадағы өзеннен жүзіп өтіп, «Тайланд аумағына қашамыз, бізді шекара аумағынан күтіп алыңдар» деген. Солай келіскен», - дейді Айбек Смадияров.

Алайда Бангкоктан шекараға дейін 7-8 сағат жол болғандықтан, жігіттер консулға нақты қай күні қашатынын айтпай, тек жарты сағат қалғанда ескерткен көрінеді.

«26 сәуірде бұлар жүгіріп, компания аумағынан, күзеттен қашқан. Төртеуі жүзіп өтіп, қашып үлгеріпті. Ал Қыран деген жігіт суға жетіп үлгермей оны күзет ұстап алған. Күзет соған қарамастан Мьянма аумағынан судан жүзіп өтіп, төрт жігіттің артынан Тайланд аумағында да қуалаған. Консул жергілікті полиция мен шекара қызметіне хабарласып, Қазақстанның төрт азаматына көмектесуді өтінген. Тайландтың шекарашылары мен полициясы осылайша қуалаған күзеттен төртеуін құтқарып қалған», - дейді ол.

Айбек Смадияров Қазақстанның төрт жігіті сотқа тартылып, миграциялық ережені бұзғаны үшін елден депортацияланғалы жатқанын айтады. Елшілік сотқа істің мән-жайын түсіндіріп, сотты төрт жігітке айыппұл төлетпеуге көндірген.

«Олар Бангкокта. Үш-төрт күн ішінде қайтатын түрі бар. Ал Қыраннан ешбір хабар жоқ. Қазір елшілік пен сол жақтағы жігіттер компания басшылығымен, күзетпен сөйлесіп жатыр. Бірақ олар жауап бермеді. Күзетпен келісе алса, шығарып алуға мүмкіндік болуы мүмкін», - дейді Айбек Смадияров.