×
443.35
475.54
4.82
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
443.35
475.54
4.82

Бүгін Асқар Мамин мен Мәншүк Мәметованың туған күні

23.10.2021, 08:00
коллаж: ulusmeda.kz

Бүгін, 23 қазан күні премьер-министр Асқар Мамин 56 жасқа толды. 1922 жылы дәл осы күні қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметова туған, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Асқар Мамин

Асқар Ұзақбайұлы Мамин 1965 жылы Целиноград қаласында дүниеге келді. Целиноград инженер құрылысы институтын, Г.В.Плеханов атындағы Ресей экономикалық академиясын инженер-құрылысшы, экономист мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын «Целинтяжстрой» тресінде монтаждаушы болып бастады. 1996-2008 жылдар аралығында Астана әкімінің бірінші орынбасары, көлік және коммуникациялар вице-министрі, индустрия және сауда бірінші вице-министрі, көлік және коммуникациялар министрі, Астана әкімі қызметтерін атқарған. 2008 жылғы сәуірден бастап - «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті. 2016 жылғы 9 қыркүйектен бастап - премьер-министрдің бірінші орынбасары. 2019 жылғы 25 ақпанда премьер-министр болып тағайындалған. 2021 жылғы 15 қаңтарда премьер-министр қызметіне қайта тағайындалды.

«Ерен еңбегі үшін» медалі (1998), «Құрмет» ордені (2006), екінші дәрежелі «Барыс» ордені (2011), Әулие князь Мәскеулік Даниилдің үшінші деңгейлі ордені (2010), Француз Республикасының Құрметті легионы (2013), Латвия Республикасының «Таным кресті» екінші деңгейлі ордені (2013), Испания корольдігінің «Азаматтық еңбегі үшін» бірінші деңгейлі орденімен (2014) марапатталған. Астананың құрметті азаматы (2011), Құрметті теміржолшы (2012), Қазақстанның құрметті құрылысшысы (2013).

Мәншүк Мәметова

23 қазанда (1922-1943) Кеңес Одағының батыры, қазақтың қаһарман қызы Мәншүк Жиенғалиқызы Мәметова дүниеге келді. Ол Орал облысының (қазіргі Батыс Қазақстан) Орда ауданындағы Жасқұс ауылында туған. Ата-анасынан ерте айырылған Мәншүктің балалық шағы Алматыда Ә.Мәметованың тәрбиесінде өтті. Алматы қаласындағы №28 мектепте оқыған. Мектепті бітіріп, медициналық рабфакта, Алматы медициналық институтында оқыды.

1942 жылғы тамызда өз еркімен сұранып, Қызыл Армия қатарына алынған. Алғашында штаб песірі, кейіннен дала госпиталінде медбике болды. Институтта оқып жүргенде мергендікке үйренген Мәншүк бос кезінде «Максим» пулеметінің құрылысын зерттеген. Өзі сұранып, атқыштар дивизиясына қосылып, 21-ші атқыштар дивизиясының құрамында ұрысқа қатысты. Аға сержант, пулеметші Мәншүк ұрыстарда өзінің мергендігімен және тобында батылдығымен көзге түскен. 1943 жылғы 15 қазанда Калинин майданының әскерлері құрамында Невель қаласы үшін болған кескілескен шешуші ұрыста Мәншүк ақтық демі біткенше пулеметтен оқ боратып, қаһармандықпен қаза тапты. Денесі Невель қаласына жерленген.

Батыр қызға қаза тапқаннан кейін, 1944 жылғы 1 наурызда СССР Жоғарғы кеңесі президиумының жарлығымен Кеңес Одағының батыры атағы берілді.

Серіктес жаңалықтары