×
443.35
475.54
4.82
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
443.35
475.54
4.82

Бүгін Тахауи Ахтанов, Әлия Молдағұлова мен Серік Қонақбаевтың туған күні

25.10.2021, 08:01
фото: Ашық дереккөзден

Бүгін, 25 қазан күні боксшы, чемпион Серік Қонақбаев 62 жасқа толды. Ал 96 жыл бұрын дәл осы күні қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлова және 98 жыл бұрын жазушы Тахауи Ахтанов туған екен, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Әлия Молдағұлова

Кеңес Одағының Батыры, мерген Әлия Нұрмұхамбетқызы Молдағұлова (1925-1944) 25 қазанда дүниеге келді. 1925 жылы (кейбір деректе 20 сәуір күні, 25 қазан, 15 маусым) Ақтөбе облысы, Қобда ауданының Бұлақ ауылында туған. Ата-анасы - Сарқұлов Нұрмұхаммед және Молдағұлова Маржан. Шын есімі Ілия, майдандас достары «Лия» деп атаған. Бала кезінде анасынан айырылып (1933 ж.), кейін Алматыда ағасының қолында тұрған, ал 1935 жылдан бастап Ленинград, Красногвардейский ауданы, Гурдин көшесіндегі №46 балалар үйінде тәрбиеленген. Ленинградтағы №9 орта мектепте оқыды. Соғыс басталған соң балалар үйімен бірге Ярославль облысының Вятское селосына эвакуацияланған. Вятское орта мектебінен 7-сыныпты бітірісімен Рыбинск авиациялық техникумына түседі, бірақ көп ұзамай (1942) ЖШҚӘ-ға (Жұмысшы-Шаруа Қызыл Әскері) майданға жіберу туралы өтініш жібереді. 1943 жылы Снайперлер дайындау жөніндегі әйелдер мектебін аяқтайды. 1943 жылдан бастап 54-арнайы атқыштар бригадасы 4-батальонының снайпері болған (22-әскер, 2-Балтық жағалауы фронты). Жау әскерінің 30-дан аса сарбазы мен офицерінің көзін жойған. 1944 жылы 14 қаңтарда Псков облысының солтүстігіндегі Новосокольники ауданында қаза тапты. Әлия Нұрмұхамбетқызы Молдағұловаға 1944 жылы 4 маусымда Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Ленин орденімен марапатталды. Новосокольники ауданының Монакова ауылында жерленген. Әлия есімімен көшелер, ондаған мектеп (Мәскеудегі №891 орта мектебі, Шымкенттегі №29 орта мектебі, Новосокольники №72 орта мектебі, Оралдағы №38 орта мектебі), Әскери-теңіз флотының кемелері, Каспий жүк таситын теплоходы аталған. Ақтөбе, Астана, Алматы, Мәскеу, Санкт-Петербург, Новосокольники қалаларында ескерткіштер орнатылған. Ақтөбеде облыстық мемориалды музей бар.

Тахауи Ахтанов

Қазақстанның халық жазушысы Тахауи Ахтанов (1923-1994) 25 қазанда дүниеге келді. Ақтөбе облысының Шалқар ауданында туған. 1953-1957 жылдары «Жұлдыз» журналының редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы қызметтерін атқарған. Алғашқы өлеңдері майдандық газеттерде жарияланды. Өлеңдері соғыстан кейін баспадан шыққан «Жастар дауысы» атты ұжымдық жинаққа енген. 1956 жылы «Қаһарлы күндер» романы жарық көрді. Бұл роман бірнеше рет қайта жарияланып, орыс, неміс, т.б. халықтар тіліне аударылды. Романда екінші дүниежүзілік соғыс майдандарында қарапайым жауынгердің көрсеткен ерлігі шыншылдықпен бейнеленеді. Жазушының «Махамбет мұңы», «Дала сыры» кітаптары, «Боран», «Шырағың сөнбесін» романдары, «Таңдамалы шығармалары», 5 томдық шығармалар жинағы жарық көрді. «Боран» романы үшін 1966 жылы Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығы берілді. Бұл роман орыс, өзбек, қырғыз, тәжік, түрікмен, грузин, украин, беларус тілдеріне аударылды. Шығарма сол кезеңде қазақ әдебиетіндегі оқшау туынды ретінде бағаланды. Қаламгердің «Сәуле», «Боран», «Күтпеген кездесу», «Махаббат мұңы», «Әке мен бала», «Ант», «Жоғалған дос», «Күшік күйеу» пьесалары да қазақ театрлары сахналарында бірнеше рет қойылды. Көркем аударма саласында А.Пушкиннің «Алтын әтеш туралы ертегісін», А.Толстойдың «Азапты сапарда» трилогиясын, С.Бабаевскийдің «Алтын жұлдызды жігіт» романын, И.Тургеневтің, А.Горькийдің әңгімелерін қазақ тіліне аударды. І, ІІ дәрежелі «Отан соғысы», «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы», «Құрмет Белгісі» және 2 мәрте «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған.

Серік Қонақбаев

Қазақстандық боксшы және қоғам қайраткері, 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлем чемпионатының екінші орын иегері (1982), Әлем кубогының иегері (1979, 1981), Еуропаның екі дүркін чемпионы Серік Керімбекұлы Қонақбаев 1959 жылы дүниеге келді. Павлодар қаласында туған. Жамбыл гидромелиоративті-құрылыс институтын, Халықаралық Қ.А.Ясауи атындағы қазақ-түрік университетін бітірген. 1979-1981 жылдары - Еуропа чемпионы. Әлем кубогының иегері, 1980 жылғы Мәскеудегі Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері. 1982 жылы - әлем чемпионы, 1979-1980 жылдары және 1984 жылы - КСРО чемпионы. 2 мәрте Я.Полус атындағы «Алтын белбеу» жүлдесін жеңіп алған, КСРО-АҚШ құрама командалары арасындағы ойындарда 6 рет жеңімпаз атанған. 1978 жылы Болгарияда, 1979 жылы Югославияда, 1982 жылы Финляндияда өткен Халықаралық турнирлердің жеңімпазы, 1990 жылдан - кәсіпқой бокс федерациясының президенті, Қырғызстан, Түрікменстан, Өзбекстан кәсіпқой бокс клубтарын біріктіріп, Орталық Азия бокс қауымдастығын құру идеясын көтерген. 1995 жылдан Шымкент қаласында Қонақбаев жүлдесіне Халықаралық турнир өтеді. Кейін бірқатар лауазымды қызмет атқарады. Мәжіліс депутаты да болады. 2014 жылдың қараша айынан бастап Қазақстан Республикасы бокс федерациясының вице-президенті. «Құрмет» ордені (2004); «Еңбектегі қайраткерлігі үшін» медалі (1980) «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001), «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл» (2006) т.б. марапаттардың иесі.

Серіктес жаңалықтары