Әлемнің ірі саяси әрі экономикалық эпицентрі АҚШ-қа кеткен қаракөздің кейінгі тағдыры жайлы ulysmedia.kz әзірлеген мәліметті оқи отырыңыз.
!!! МАТЕРИАЛДЫ КӨШІРІП БАСУҒА ТЫЙЫМ САЛЫНАДЫ
Американдық отбасы асырап алған Никольдың шын есімі – Бейсембаева Наргиз Аманбайқызы. Мери Энн мен Брайан Стронг Қазақстанға бала асырап алу мақсатында келген сапарында жалғыз болмаған, жандарында тағы екі отбасы болыпты. Бастапқыда 1 қыз бала асырап алсақ деген ниетпен келгенімен, Қарағандының «Малютка» жетімханасындағы белорусь бүлдіршінге де көңілі ауған. Қыздардың бірі сол кезде 6 айлық, екіншісі жасқа толған шақ екен. Николь (Бейсембаева Наргиз Аманбайқызы) қазір 21-де. Басқа қалада тұрады. Асырап алған ата-анасымен жақсы қарым-қатынаста.
«Джулия мен Николь, әуелден біз үшін жаратылған біздің балалар болды. Тек олар әлемнің басқа бір бетінде еді. Екеуін алып кету үшін ұзақ жолды еңсеруге тура келді. Қазақстанға барарда өзімізбен бірге қанша бала алып кете алатынымызды білмедік, о баста бір қызды ғана асырап аламыз деген ойымыз болған. Бірақ жеме-жемге келгенде тағы біреуін алып кетуіміз керек деп шештік. Бір біріне серік болсын деп ойладық, екеуінің екі түрлі ұлттан екеніне де мән берген жоқпыз, екі қыз бір біріне демеу болады, өмір бойы тең құрбы болып бірге жүреді деп ойладық. Құдайдың өзі бізді осы жолға салды, қыздарды үйге алып келгеннен кейін жанымыз жай тапты», - дейді Наргиз-Николь мен Джулияның әкесі Брайан Стронг.
Балалар бұл американдық отбасының бары, бақыты. Қыздардың анасы Мери Эннің айтуынша, Николь жүзуден чемпион болған. Джулия да таланттан құр алақан емес.
«Николь бала күнінде Джулия сияқты биді де жақсы көретін, скрипкада мықты ойнайтын. Қабілетті бала болды, дегенмен бәрін алып жүру қиын ғой, сонымен жүзуді таңдады. Юта штаты бойынша өткен жарыстарда жеңіп алған медальдары жетіп артылады. Жүлдесіз оралған күні жоқ», - дейді анасы Мери Энн.
Николь жүзуден бүкіл Юта штаты бойынша ең мықты спортшының бірі. Ютаға Африкадан босқындар келгенде, солардың балаларын, шамамен 180 балаға жүзуді үйреткен.
Анасының айтуынша, жүзуден бөлек, скрипкада керемет ойнайды, суретті де жақсы салады, дизайнды да жақсы көреді. Қазір университеттің соңғы курсында оқиды. Қосымша IT саласы бойынша сарапшы болып, Ақпараттық технологиялар университетінде жұмыс істейді. Сондай-ақ америкалық футбол командасының жаттықтырушысы. Құзға өрмелеу спортымен де айналысады.
Редакциядан:
Еске сала кетейік, Qaraqoz подкастының алғашқы қонағы – журналист, «Шетелдегі қазақ балалары» жобасының авторы Жанар Бейсемізова осы мәселені көтерген еді. Жанар алғаш 2009 жылы қолға алған шет елдегі қазақ балалары туралы жоба биыл алтыншы маусымын түсіріп, «Жібек жолы» арнасында көрсетілді. Әр жылдары шыққан бағдарлама көрермен тарапынан қызу талқыланады. Саясаттан бастап, әлеуметтік жағдай, білім беру, жемқорлық, жеке индентификация, бала тәрибесі секілді маңызды аспектілерді қамтыған «Шетелдегі қазақ балалары» жобасы мазмұны мен кәсібилігі тұрғысынан отандық телебағдарламалар арасында оқ бойы озық тұр. Сұхбатты толық көру үшін сілтемеге өтіңіз.
!!! МАТЕРИАЛДЫ КӨШІРІП БАСУҒА ТЫЙЫМ САЛЫНАДЫ