×
448.15
483.46
4.86
#қаңтар қақтығысы #сайлау #Украинадағы соғыс #Палестина #жемқорлық #тағайындау
448.15
483.46
4.86

Академик Серік Қирабаев өмірден өтті

26.10.2021, 09:50
фото: ашық дереккөзден

Академик Серік Қирабаев өмірден өтті. Қаралы хабарды ақын Серікзат Дүйсенғазы жеткізді, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

«Көрнекті әдебиеттанушы ғалым, сыншы, академик Серік Қирабаев ағайымыз дүниеден озды. Алла алдынан жарылқасын!», - деп жазды ақын Серікзат Дүйсенғазы әлеуметтік желіде.

Филология ғылымының докторы, академик Серік Қирабаев 95 жасқа қараған шағында қайтыс болды.

Серік Смайылұлы Қирабаев 1927 жылы 23 наурызда Қарағанды облысы, Жаңарқа ауданы, Атасу ауылында туған. 1951 жылы Абай атындағы қазақ педагогикалық институтын бітіргеннен кейін аспирантурада оқи жүріп, қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасының аға редакторы, «Әдебиет және искусство» журналының бөлім меңгерушісі болып істеген.

1952–1955 жылдары «Пионер» журналында редактор, 1955–1958 жылдары «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде меңгеруші, редакциялық алқа мүшесі болды. 1958 жылдан Абай атындағы қазақ педагогикалық институтында 30 жыл бойы доцент, профессор, филология факультетінің деканы, қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, институт ректорының оқу ісін басқаратын орынбасары қызметтерін атқарды. 1988–1995 жылдары Қазақ КСР ҒА-ның М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры, кейіннен бөлім меңгерушісі болды. Қазақ әдебиетінің өзекті мәселеріне арналған сын мақалалары мен рецензиялары 1948 жылдан бастап жарық көре бастады. Содан бері 800-ден астам әдеби-сын ғылыми мақалалары мен еңбектері жарық көрді.

Филология ғылымының докторы (1964), профессор (1966), КСРО педагогика ғылымдары академиясының корреспондент-мүшесі (1968), ҚР ҰҒА академигі (1994), Қазақстан және Қырғызстан ғылымының еңбек сіңірген қайраткері (1977, 1995), Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының иегері (1996). Қазақ КСР жоғарғы кеңесінің «Құрмет» грамотасымен, КСРО-ның «Еңбек Қызыл ту» ордені, КСРО-ның «Халықтар достығы» орденімен марапатталған. 1994 жылы Қазақстан ұлттық ғылым академиясының академигі, 1995 жылы «Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері» атағы берілді. 1996 жылы Қазақстан мемлекеттік сыйлығының иегері атанды. 2005 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағының иегері. 2007 жылғы 30 наурызда ҚР тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жеке қабылдауында болып, қазақ ғылымына сіңірген айрықша еңбектері үшін еліміздің ең жоғарғы «Отан орденімен» марапатталды. Ал 2012 жылы ІІ дәрежедегі «Барыс орденін» иеленді.

Серіктес жаңалықтары