×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Министр «жындыханаға» қамалған тіл жанашырына қатысты пікір білдірді

Министр «жындыханаға» қамалған тіл жанашырына қатысты пікір білдірді
Коллаж: Ulysmedia

Жуырда павлодарлық тіл жанашыры Руза Бейсенбайтегінің «жындыханаға» қамалғаны туралы жазған болатынбыз. Арада бір күн өткенде депутаттар, қоғам белсенділерінің араласуымен ол үйіне жіберілген еді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Елімізде қазақ тілін талап ету қылмыс па?

Бүгін Мәжілістің кулуарында Ішкі істер министрі Ержан Сәденов осы оқиғаға қатысты пікір білдірді.

Ол кісінің үстінен арыз түсті. Полиция барды. Сараптама жасалып, тексеріс жүргізілді. Есепке қойылды. Енді оның анық-қанығын Денсаулық сақтау министрлігі айтады, - деді министр.

«Қазақстанда қазақ тілін талап ету қылмыс па?» деп сұраған тілшіге Ержан Сәденов «жоқ» деп жауап берді. 

Бұған дейін әлеуметтік желіде журналист Оңғар Қабден Кереку көшелерінің бірінде белгілі тіл жанашыры Руза Бейсенбайтегін полициясы бар, жедел жәрдемі бар бәрі алып кеткенін жазған болатын. 

Ulysmedia Ішкі істер министрлігіне сауал жолдады

Ulysmedia.kz тілшісі осы ретте Павлодар облысының Полиция департаментінің баспасөз қызметіне хабарласқан. Олар оқиғадан хабарсыз болып шықты. Екінші қайтара қоңырау шалғанымызда телефон тұтқасын көтермеді. Ішкі істер министрлігіне сауал жолданған. Ол тарап мәселені анықтауға уәде берген-ді.

Кейін Мемлекеттік тілдің кеңінен қолданылуын талап етіп жүрген тіл жанашыры Руза Бейсенбайтегі бостандыққа шықты.

Қазақ тілін қорғаған Руза апайды ел де қорғап қалды! Өйткені таразыда тек адам тағдыры ғана емес, Тіл тағдыры - Ел тағдыры тұрды! – деп жазды депутат Қазыбек Иса.

Оқиға қалай болды?

24 қаңтар күні сағат 16:20 шамасында 103 нөміріне Павлодар қаласында әйел адам көшедегі азаматтарға агрессия танытып жатқаны туралы хабарлама келіп түсті.

Оқиға орнына келген медициналық бригада психикалық ауытқулары белгілерімен Р.Б. есімді 66 жастағы әйел адамды Павлодар облыстық Психикалық денсаулық сақтау орталығына жеткізді.

Орталық дәрігерлері тарапынан науқасқа екі күн бойы ем қабылдау шаралары жасалды. Медицина қызметкерлерінің қарауынан кейін денсаулық жағдайының жақсаруына орай, консилиум шешімімен науқас диспансерлік бақылау ұсынысымен үйіне қайтарылды.

Денсаулық сақтау саласындағы заңнамаға сәйкес, алдағы уақытта науқастың психикалық ауытқулары нашарлап, айналасындағы адамдарға зиян келтіру ықтималдығы қайта байқалған жағдайда, ол емдеуге жіберілетін болады, – деп хабарлады Павлодар облысы ДСБ.