Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқитын студенттердің жеке деректері таралып кеткен болатын. Оның ішінде медициналық жеке деректері де бар. Осыған байланысты Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл үлкен сұрақ. Мұндай интимді ақпарат қаншалықты керек болды деген сұрақ туындайды. Мен мұндай ақпаратты дұрыс деп санамаймын. Тізімдегі қыздардың құқықтарын да бұзып отыр. Біріншіден, кімді жазалау керек деген мәселені емес, ол тізім не үшін құрылды, кімге керек болды деген мәселе бар. Менің білуімше, қазір бұл мәселе бойынша тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нәтижесін күтеміз, - дейді Аида Балаева.
ҚазҰУ шу тудырған оқиғаға қатысты түсініктеме берген болатын.
2024 жылғы 6 ақпанда университетке келісімшарт негізінде медициналық қызмет көрсететін «Smart Health University City» ЖШС медбикесі What’s app мессенджері арқылы механика-математика факультетінің флюорографиялық зерттеуден өтпеген 3-4 курс студенттерінің Excell форматындағы құжаттарын факультет деканатының маманына жіберді.
Алайда берілген құжаттарда студенттердің тегі мен аты-жөнінен басқа, медициналық құпияға қатысты мәліметтер де болған. Кейіннен университет студенттеріне қатысты дәрігерлік құпияны құрайтын дербес деректер мен мәліметтер мессенджерлер арқылы тарап кеткен, - делінген хабарламада.
ҚазҰУ баспасөз қызметінің хабарлауынша, осы факт бойынша 2024 жылғы 14 ақпанда университетте қызметтік тексеру тағайындалды.
Сонымен қатар Алматы қаласының прокуратурасына осы факт бойынша прокурорлық әрекет ету шараларын қабылдауды және студенттердің құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуді сұрап өтініш жолданды. Университет «Smart Health University City» ЖШС-мен шартты бұзу туралы мәселені қарастыруда, - делінген хабарламада.