×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Жемқорлыққа қатысты іс қаралған Әскери сотта журналистер ақпарат алудан қалай шектелді

18.03.2024, 15:41
Жемқорлыққа қатысты іс қаралған Әскери сотта журналистер  ақпарат алудан қалай шектелді
Фото: Ulysmedia.kz

Бүгін Астанадағы Әскери сотта Қорғаныс министрлігіне видеоконференцбайланыс құрылғысын жеткізуге қатысты жемқорлық ісі бойынша апелляциялық сот отырысы болып өтті. Әскери соттағы істе журналистердің ақпарат алу құқығы шектелді. Бұған Ulysmedia.kz тілшісі де куә болып қайтты. 

Сот материалдарында не делінген?

Ақмола гарнизонының Әскери соты бұған дейін үш сотталушының ісін қараған. Сот материалдарына сәйкес, 2022 жылдың наурызында Қорғаныс министрлігінің ақпараттық технологиялар департаменті 65235 әскери бөлімін видеобайланыс жүйесімен қамтамасыз ету үшін бюджеттен 181 млн теңге бөлінгені жазылған.

Сотталушы Ж. өзі бұрын жұмыс істеген «UTTC» компаниясының директоры Түменбаев және өкілі Т.-мен жақсы таныс болған (екі сотталушының есімі өз өтініштеріне сай аталмады). UTTC компаниясы «Polycom» фирмасының видеоконференцбайланысын қамтамасыз ететін компания. Десе де UTTC өз жарғысына сәйкес, мемлекеттік сатып алу конкурсына қатыспай, тапсырысты орындау үшін басқа компанияларды іске тартқан. 2022 жылдың тамызында мемлекеттік сатып алу конкурсын «Унитэк» деген компания жеңіп алған. «Унитэк» компаниясының басшысы өз кезегінде тапсырысты бірге орындау үшін «Техно-Экспо» компаниясын іске тартқан. Осылайша, Қорғаныс министрлігіне видеоконференцбайланыс жүйесін жеткізуді «Техно-Экспо» компаниясы өз міндетіне алған.

2022 жылдың қыркүйегінде «Унитэк» басшысы мен 65235 әскери бөлімі арасында 181 млн теңгеге бір ай ішінде видеоконференцбайланыс жүйесін іске қосу жөнінде келісім жасалған. «Унитэк» өз кезегінде «Техно-Экспомен» «Polycom» видеоконференцбайланыс жүйесін жеткізу үшін келісімге келген. Түпкі қызметтің орындалуына «UTTC» компаниясы жауапты болып қала берген. Видеоконференцбайланыс жүйесін алу үшін UTTC компаниясы құрылғыны жеткізу үшін Украинадағы басқа адамға өтініш жолдаған. Сот материалдарында жауапты компаниялар «сатып алу үшін көрсету үшін ғана «Polycom» фирмасының серверлері жеткізілгені жазылған. Ж. компанияларға қорғаншы бола отырып, қызметтің дұрыс әрі уақтылы орындалмағанын біле тұра оны қабылдап алған.

«Осылайша, «Унитэкке» 181 440 000 теңге аударылған. «Техно-Экспо» компаниясы 2022 жылы қарашада видеоконференцбайланыс жүйесін іске қосқан кезде онда ақау бары анықталған. "Техно-Экспо" бейнеконференцбайланыс жабдығын ауыстыру үшін алып кеткен.

– UTTC компаниясы құрылғыны жеткізбегеніне қарамастан, "Унитэк" ЖШС-мен шартты бұзу жөнінде шараларды қабылдамаған. Іс жүзінде "UTTC" мүддесі үшін жабдықты қабылдау-беру актісін бекіткен. Ж. Т-дан 38 700 АҚШ долларын құрайтын шарт сомасының 10% мөлшерінде ақшалай қаражат беруді талап еткен. Бұл ретте ол өзінің жеке қаражатынан Қорғаныс министрдігінің басшылығына 20 000 АҚШ долларын бергенін хабарлаған.

«2022 жылдың 28 желтоқсанында Т. өз кезегінде Түенбаевпен және басқа тұлғамен алдын ала сөз байласып,  Астанадағы "Augustin" мейрамханасында кездесу барысында Ж-ға  қымбат сыйақы берді. Құны 274 400 теңге болатын рюкзак түріндегі сыйлық және "UTTC" ЖШС қаражаты есебінен сатып алынған құны 20 000 теңге болатын виски бөтелкесін берген. Ал Ж. аталған заттарды пара ретінде қабылдаған», - делінген сот материалдарында.

Сот пара алу бабымен мемлекеттік қызметкерді 8 жылға, ал кәсіпкер мен оның өкілі «пара беру» бабымен 7 жылға соттаған. Алайда сот үкімімен сотталушылар келіспеген. 

Бүгін не болды?

Бүгін Астана қаласында орналасқан Әскери сотта осы іс бойынша апелляциялық іс қаралды. Сот басталар алдында Түменбаевтың әйелі әрі қоғамдық қорғаушысы Гүлжан Түменбаева осы сот барысында күйеуінің құқығы бұзылғанын айтады. Оның сөзінше, судья сотталушылардан адвокаттардан бас тартуды талап еткен, түсініксіз себептермен алдыңғы процестердің жазбаларын бермеген.

Жұбайы Ренат Түменбаевқа оған үлкен қысым жасалып отыр деп санайды, сондай-ақ ол апелляцияға шыққан сайын азаптауға және моральдық қорлауға ұшырағанын хабарлайды.

Төрағалық етуші судья Жандос Мұсабекұлы (әскери соттың басшысы) онымен бірге судьялар Хасенов пен Сакалов істі қарап жатыр. Сот процесі барысында үш сотталушының біреуі ғана журналистердің қатысуына қарсы болған. Төрағалық етуші судья журналистерді сот процесіне қатыстырмады. Тілшілерге жеке кабинетте сот процесін онлайн бақылау мүмкіндігі берілетіні хабарланған. Алайда сот басталғаннан кейін 40 минуттан соң ғана экраннан көрінген онлайн соттың дыбысы қосылды. Оған дейін журналистер сот қызметкерлерінен дыбыс қашан қосылатынын сұрап, сот ғимаратында біршама дау туындады.

Соттың баспасөз қызметіндегі Әзиза Сәлиден сот процесі басталғалы айтылған 40 минуттық үзіндінің аудиосын, сол кездегі ақпарат сұралған. Алайда құрылғының ақауына сілтеген ол ол ақпаратты алуға көмектесе алмайтынын жеткізді. Бүгінгі сот залында болған ақпаратты да Гүлжан Түменбаеваның аузынан естідік. Ол процес барысында сотталушылардың бірі кінәсін мойындап, жазасын жеңілдеткісі келетінін, қалған екеуі үкіммен келіспейтінін білдіргенін айтады. Гүлжан Түменбаетың айтуынша, Ж. және Т-да жұбайы Ренат Түменбаевты айыпты деп көрсетпеген. 

– Бүгін құрметті сот өте сыпайы әрі өзін дұрыс ұстады. Дәл бүгінгі процеске байланысты менің ешқандай ескертпем жоқ. БАҚ расында да, үлкен күш. Сіздердің арқаларыңызда қалған сотталушылардың бәрін бүгін сабырмен, тоқтатпай тыңдады. Адвокаттың да, сотталушының да сөзін бөлген жоқ. Келесі сот отырысы да осылай өтер деген сенімдеміз.

Күйеуімді ақтайды деп қиялдамаймын. Оны соттайтынын білемін. Бірақ менде оның құқығын кассацияда қорғауға мүмкіндігім бар. Ол бір жылдан артық түрмеде отыр. Бірақ сот тарапынан менің күйеуіме деген құрмет болуы керек, – дейді Гүлжан Түменбаева.

Аталған іс бойынша келесі сот отырысы 27 наурызда өтеді.