Еліміздегі су тасқынына байланысты әлеуметтік желіде суды қайтарады делінетін ырым-жоралғылардың видеолары тарап жатыр. Солардың бірі – ұршықты кері иіру, деп жазады Ulysmedia.kz.
Оралдық әже де Жайықтың жағасына келіп, ұршығын теріс иіріп отырады.
Су патшасы Сүлеймен, ағысыңды теріс бұр. Иіріміңді халыққа емес, кең жазық далаға бұр. Аллахым, халқыма тыныштық бер, – дейді ол. Содан соң әжей суға ақ орамалын жайып, судың кері қайтуын тілейді.
Су кері кетсін деп ақ жаулығымды жауып жатырмын. Иіріміңді кері әкет, халқыма тыныштық бер, – деп бата оқиды.
Алайда мұны көрген бейтаныс ер адам әженің әрекеті теріс екенін айтып:
- Андағы қойдың жүні. Ондай нәрсе болмайды, апа, - деп айғайлайды.
- Болмайды деп тұрған сен - бүгін туған баласың. Бұл менің ата-бабамның, халықтың ата-бабаларының жасаған ырымы. Сен қазіргі бақабистердің әңгімесін айтпа, - дейді әжей.
- Мен де халықпын ғой, - дейді сөзге дес бергісі келмеген әлгі жігіт. - Біз вахабист болсақ та көзі ашық вахабиспіз ғой. Алладан «прямой» тілеуге болады. Сіз сияқты қаншама апалар үйлерінде жатыр...
- Мен бахабис емеспін. Мына тер сіңген жіп «иірімді кері қайтарады» деген қазақтың нанымы болған.
- Ол нәрсе практикада жоқ қой, апа, - дейді «көзі ашық вахабист».
- Бұл саған зиян ба? - дейді әжей де қалыспай.
- Әлбетте, зиян!
- Саған да зиян емес, маған да зиян емес! - дейді әжей амалы құрығандай сөйлеп.