Астана қалалық сотында бүгін судьялар мен мәжіліс депутаттарының қатысуымен «Сот төрелігін мемлекеттік тілде жүзеге асыру мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді. Отырыс барысында елде көп жағдайда не себепті сот істері қазақ тілінде өткізілмейтіні жөнінде мәселе талқыланған. Судьялардың өзі заңға тартылған азаматтардың тіл жағынан құқығы бұзылып жататынын ашық айтып отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Тергеушілердің көбі қазақ бола тұра істі орысша жүргізеді
Елдегі ең резонансты іс – “экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі неліктен орыс тілінде өтіп жатыр?” деген сұрақ әлеуметтік желіде бұған дейін көтерілген. Бүгінгі отырыста бұл мәселе жөнінде айтылмаса да, жиынға келгендер мемлекеттік тілді талап етсе де кейде сот істері орыс тілінде өтіп жататынын айтады.
Әуелі отырыста Астана қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының міндетін атқарушы Айсұлу Сламбекова баяндама жасаған. Оның айтуынша, сотқа істердің бәрі мемлекеттік мүдделі органдардан түседі. 2022 жылы қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарайтын аудандық соттарға мемлекеттік тілді қолдану жөнінде алгоритм жолданған. Бұл алгоритм бойынша әрбір судья орыс тілінде түскен іс бойынша, ұлты қазақ сотталушыға не құқықбұзушыға өз ана тілінде іс жүргізу құқығын түсіндіріп, келіскен жағдайда – қазақ тіліне көшуі қажет. Көп жағдайда, сотталушы екі тілді де түсінгенімен, сотта өз ана тілінде еркін жауап беруді қалайды дейді ол.
– Осылайша қазақ тілінде түскен және орыс тілінен қазақ тіліне ауыстырылған істердің орташа пайыздық көрсеткіші 26% немесе әрбір төртінші қылмыстық іс қазақ тілінде қаралып жатыр. Оған тікелей ықпал етіп жатқан соттардың тіл мәселесіне қатысты жеке қаулылары. Жасыратыны жоқ, ТЕРГЕУШІЛЕРДІҢ БАСЫМ КӨПШІЛІГІ ұлты қазақ бола тұра, өз ана тілін жетік білмей, өзіне ыңғайлы болу үшін күдіктіден істі орысша жүргізу туралы арыз алып алады. Ал, сотта судья жауап ала бастаған кезде сотталушы орыс тілінде жауап бере алмай қиналады, – дейді ол.
Сот іс жүргізу тілін қазақ тіліне ауыстырса да, ұлты қазақ қорғаушы адвокаттардың орыс тіліне аудармашы сұрау фактілері анықталған. Бір істе сот процесінің орыс тілінде өтуін прокурор талап еткен.
Қылмыстық істер бойынша 2023 жылғы статистикалық деректер (Астана қаласы)
Әкімшілік құқықбұзушылық істері бойынша да сол. Істің басым көпшілігі мұнда – жол көлік оқиғасына байланысты жол полициясының хаттамалары негізінде жүргізіледі.
Әкімшілік істер бойынша 2023 жылғы статистикалық деректер (Астана қаласы)
«Өздеріңіз көріп отырғандай, бір жыл ішінде 853 әкімшілік істің қаралуы қазақ тіліне өзгертілген. Себебін анықтадық. Жол полициясы қызметкері мен құқықбұзушы екеуі де қазақ бола тұра, қазақша сөйлесіп отырып, хаттаманы орыс тілінде толтырады екен. Ал іс сотқа түскенде судьялар жаппай қазақ тіліне көшіп жатыр», - дейді ол.
Заңды өзгертсек ешкімнің құқығы бұзылмайды
Жиынға келген адвокат Тұрсын Төлегенова қазіргі заманда сот жүйесі лауазымды жүйе екенін айта келе, көп мәселе сотқа байланысты екенін атап өтеді. “Сот қазақша сөйлеуі керек” деген мәселе көтерілсе, соттар бәрін басқаға жабады дейді ол.
– “Бізге азаматтық істерді орысша әкеліп береді, қай тілде әкеледі, не істейміз, сол тілде қараймыз” дейді. Қылмыстық істерді тергеу органдары орысша береді деп сілтейді. Бір жағынан ол дұрыс та шығар. Біздің азаматтық-процессуалдық кодекстің 14-бабы 1-тармағында да, қылмыстық-процессуалдық кодекстің 30-бабы 1-тармағында “сот тілі қазақ тілі, бірақ сонымен қатар орыс тілінде де қабылдана, қарала береді” делінген. Иә, Конституцияға шамамыз келмесін делік. 7-бабын өзгерте де алмайтын шығармыз. Бірақ біз қазақ тілінде сөйлейік деп 30 жылдан бері айтып келе жатырмыз. Бірақ болмай келе жатыр. Ең болмаса, мен айтқан екі жаңа бапты алып тастасақ болар еді, – дейді ол.
Адвокат судьяларды сол бағытта әрекет жасауға шақырады. “Орыс тілінде жүргізіледі” деген сөзді заңнан алып тастаса, ешкімнің құқығы бұзылмайтынын айтады.
– Орыс тілінің құқығын солай қорғасақ, онда грузиннің немесе басқалардың да тілінде жүргізейік. олардың да құқығы бұзылып жатыр ғой. Неге біз орысшаны бөлектейміз. Конституцияның 7-бабында “міндетті түрде барлық жерде солардың тілінде” деп жазылып тұрған жоқ. Екі процессуалдық кодекстен алып тастасақ, көп мәселе шешілер еді. Оны ешкім байқамай да қалар еді. Барлық сатыдағы соттар қазақша ғана істерді қарайтын болса, орысша айтқанда ешкім “никуда не денутся”. Барлық іс-қағаздарын өздері аударар еді. Жұмысқа тұрғанда да қазақша білесің бе деп маңдайынан шертіп тұрып алар еді. Өйткені қазақ тілі керек болады. Ал қазір қазақ тілі ешкімге керегі жоқ. Орысша білсе болды. Конституциямыз керісінше – орыс тілі мемлекеттік тіл, ал қазақ тілі жай ғана соның көлеңкесіндегі тіл секілді. Бұл дұрыс емес, – дейді ол.
Орыс тілі – шет тілі
Жоғарғы соттың судьясы Досжан Әміров те сөйледі. Оның сөзінше, бір процесте прокурордың өзі сотталушыдан “неліктен істі мемлекеттік тілде жүргізуді талап етпедіңіз?” деп сұраған. Ол негізі талап етуге міндетті емес дейді ол. Себебі судьяларға заң талап қойып отыр – қылмыстық-процессуалдық кодекстің 30-бабында “Қазақстан Республикасында қылмыстық сот iсiн жүргiзу қазақ тілінде жүргiзiледi” делінген. Әкмішілік құқықбұзушылық жөніндегі кодекстің бабында да “қазақ тілінде жүргізілетіні” жазылған. Содан кейін ғана “қажет болған жағдайда, мүмкіндігінше” деп кете береді.
– Сондықтан, алдымен азаматтардың мемлекеттік тілді білмейтіні жөнінде арыз түсуі керек. Ізінше хаттаманы толтырып отырған немесе істі жүргізіп отырған тергеуші, қадағалаушы прокурор осы уәжді ескеріп, қаулы шығаруы керек. Мемлекеттік тілден шет тілге ауыстыру үшін! Орыс тілі – шет тілі. Біз оны “ресми тіл” деп жүрміз. Ресми тіл деген жоқ! Біз шекарамызды шегендеп алғаннан кейін біздің шекарамыздың аржағында жатқан ел – шетел. Сондықтан, осыған мән беретін болсақ, біздің жұмысымыз жалғаса береді, – дейді Әміров.
“Заңды бұдан артық қалай жетілдіруге болады?”
Депутат Абзал Құспан Қазақстанда тіл мәселесіне қатысты ең көп соттасқан адвокаттардың бірі шығармын дейді. Белгілі істердің ішінде қазіргі депутат Оғыз Доғанның Эйр Астанаға жазған арызы бойынша, Павлодардағы Руза Бейсенбайтегінің лифт мекемесін сотқа берген істерінде болған. Оралдағы салық мекемесінен бастап есептерінің бәрін қазақ тілінде түзетіп шыққан.
– Осының бәрінде сотта бірде-бір рет жеңілген емеспін. Неге? Өйткені қолданыстағы заңнама оған мүмкіндік береді. Тек қана азаматтың өзі патриоттығы мен нақты әрекеті керек. Бірде-бір заң қазақ тілінің қолданысына тыйым салып немесе кедергі келтіріп жатқан жоқ. 30-бап туралы айтып отырмыз. Сол норманы орындатар болсақ, ол жерде нақты “істің бәрі қазақ тілінде жүргізілетіні” жазылған. Заңды бұдан артық қалай жетілдіруге болатынын білмеймін. Басқа тілде жүргізуге тыйым тағы сала алмаймыз ғой. Қазір мәжілісте үш кодекске өзгерістер енгізіліп жатыр. Егер қандай да бір нормаларды енгізу қажет деп тапсаңыздар, қолдауға, қарауға дайынбыз, – дейді ол.
Астана қалалық соты орыс мектебін бітірген судьялардың мемлекеттік тілді жетік меңгеруіне ықпал етіп, түрлі іс-шараларды өткізіп жатқанын хабарлайды.