×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Экс-министрдің ұсталуы: қолмен істегенді мойынмен көтеру керек

01.05.2024, 14:24
Экс-министрдің ұсталуы: қолмен істегенді мойынмен көтеру керек
Коллаж Ulysmedia

Қаңтар оқиғасынан кейін  Ұлттық қауіпсіздік комитетінің барлық дерлік басшысы дереу қамауға алынды. Кейін олардың қатарына Қорғаныс министрі мен күштік құрылымның басқа да ірілі-ұсақты басшылары қосылды. Қандай да бір себептермен бұл құрсаудан екі адам сытылып кетті. Оның бірі - Мәсімовтің бірінші орынбасары болған Н.Назарбаевтың немере інісі Самат Әбіш, екіншісі - Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаев еді. С.Әбіш бастапқыда Қаңтар оқиғасы бойынша куәгер санатында болды, тек биыл қаңтарда оған қатысты қылмыстық іс қозғалып, 8 жылға шартты түрде сотталды. Ал Тұрғымбаев, міне, күні кеше қамауға алынды.

Тұрғымбаев Қаңтар оқиғасына қатысты тергеу назарына іліккен жоқ, көпшіліктің таңданысын тудырғаны ол Ішкі істер министрлігінің креслосын Президент Әкімшілігіндегі орынға ауыстырғаны болды. Тұрғымбаевты Тоқаев өзіне кеңесші етіп алды. 

Азаптауға қатысқан жоқпын

Ішкі істер министрі қаңтардағы жаппай тәртіпсіздікке неліктен әуелі жол беріп, кейін жауапкершіліктен жалтарды деген сауал екі жылдан бері ақпараттық күн тәртібінен түспей келеді. Билік бұл парадоксты түсіндіруге асықпады. Қол астындағыларға азаптау фактісі бойынша 200 қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болғанның өзінде генералға ешкім тиіспеді.

– Тұрғымбаев өзі барып, азаптаған жоқ. Ол  мұндай бұйрық та бермеген. Егер мұндай қылмыстар дәлелденсе, соны жасаған полицейлер жазаға тартылады, - деп түсіндірген еді Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов парламент қабырғасында қызметтен босатылған министрге деген жанашырлығын жасырмай.

Тосын сый

Әйтеуір бір күні ұсталатынын сезіп жүрсек те, дәл 29 сәуірде қамауға алынады деп ешкім күткен жоқ. БАҚ-та Ерлан Тұрғымбаевтың билігін және қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланудың кесірі ауыр зардаптарға әкеп соқтырғаны туралы ақпарат тарады. 

- Қылмыстық істе мемлекеттік құпияны құрайтын мәліметтер бар екенін ескере отырып, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басқа деректері жария етілмейді, - деп мәлімдеді Бас прокуратура. 

Бұған дейін Ерлан Тұрғымбаевтың 2022 жылғы қаңтар оқиғасына қатысты тергеу аясында ұсталғаны туралы ақпарат пайда болған. Бұрынғы Ішкі істер министріне қатысты 361-баптың 1-бөлімі («Қызметтік өкілеттіктерді асыра пайдалану») бойынша тергеу жүріп жатыр. 

Уақыты келді ме? 

Бір жылдай бұрын қазақстандық заңгер Мұрат Адам бұрынғы бас полицейге қатысты жағдайға былайша пікір білдірді:

- Менің ойымша, белгілі бір келісім бар. Тұрғымбаевқа тиіспейді, өйткені ол көп нәрсені біледі және қаңтарда не, қалай және кімнің бұйрығымен болғанын толық таратып бере алады. Оның Ішкі істер министрі бола тұра, алдағы оқиғалардан бейхабар болуы мүмкін емес. Бұл мемлекеттік төңкеріс жайлы тек ҰҚК төрағасы Мәсімов қана емес, барлық күштік құрылымдардың басшылары білді. Барлығы өз орнына түсіп, шындық анықталғанша,  біраз уақыт өтуі керек, - деп пікір білдірген еді адвокат Ulysmedia.kz сайтында. 

Қымбатқа түскен жалған ақпарат

Айтқандай-ақ, көп те ұзаған жоқ, Е.Тұрғымбаев ұсталды. Сот процесі Бишімбаевтың сотындай ашық өтеді деп қиялдаудың қажеті жоқ. Өйткені бұл істе мемлекеттік құпиялар бар, ақпарат қоғамға там-тұмдап қана берілер. Бірақ соған қарамастан, бұрынғы министр өз қарамағындағылардың азаптау фактілері мен бейбіт тұрғындарға атқан әр оғы үшін жауап береді.

Естеріңізде болса, 2022 жылдың 5 қаңтарында Алматыға 20 мың адам кіріп, әкімдік ғимаратын басып алды деп президентке ақпарат берген де, "бұл адамдар өз ісінің хас шебері, оларды тоқтату мүмкін емес" деп қара аспанды төндірген де осы Тұрғымбаев еді. Министр дәрменсіз екенін мойындап, полицияның шабуылдаушылардың айтарлықтай сандық артықшылығына байланысты шегінгенін мойындаған.

- Қарулы қылмыскерлер қала көшелеріне бейберекет оқ жаудырып, полиция қызметкерлерін, әскери қызметкерлерді және қарапайым азаматтарды өлтірді. Олар сауда орталықтарында, банктерде бұзақылық істеп, тонаумен айналысты», — деді Тұрғымбаев.

Халыққа ғана емес, Тоқаевқа да жалған ақпарат беруді генералға кім бұйырғанын білгіміз келеді. Бұрынғы әріптестері Ерлан Тұрғымбаевтың бағының жануын Н.Назарбаевтың руынан болуымен байланыстырады. Жай генерал-майор емес, лейтенантты да алған Тұрғымбаев «Айбын» және «Даңқ» ордендерімен марапатталған. Енді қалғаны осы оқиғалардың немен аяқталғанын күту ғана...