×
442.05
474.14
4.74
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
442.05
474.14
4.74

Партия жетекшісінің гольф клубы һәм Қазақстандағы гольф жұлдыздары

04.11.2021, 15:56
Фото: Ашық дереккөзден

Қазақстан гольфына  - 25 жыл. Ел арасында гольф байлардың ермегі деген түсінік қалыптасқан. Гольф ойнау үшін клубтарға кім қанша теңге төлейді? Ойын құралдарының құны қандай? Қазақстанда гольф жұлдыздары бар ма? Ulysmedia.kz осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеп көрді.

Қазекем бокс пен футболды қызылкеңірдек болып талқылап жатқан кезекті күндердің бірінде саясаткер Серік Сұлтанғали «Фейсбукте» қызық фотосуретті жылт еткізді. Қазақстан гольфына 25 жыл. Мерейтойға арнайы ТМД-дан қонақтар келгенін де жазды ол. Фотода бизнесмен Қайрат Боранбаевты таныдық.

СҰЛТАНҒАЛИДЫҢ NURTAU-ы

Серік Сұлтанғали елде түрлі саяси партиялардың жетекшісі болды, «Бірлік» партиясы талай рет парламент сайлауына да түскен.  Былтыр «Бірлік» ребрендинг жасап, «Адалға» өзгерді. Қатарына елдегі белсенді жастарды тартты. Бірақ, Серік аға төраға болып қала берді. Партия жетекшісінің Фейсбуктегі «обложкасында»  Nurtau деген ерекше ғимаратты байқауға болады. Ол өзіне тиесілі гольф клубтың суреті.

Саяси науқан кезінде де сурылып шығып сөйлей бермейтін саясаткерден былайғы күндері де пікір алу оңай емес екен. Көмекшісі оның сырқаттанып жатқанын жеткізді. Жолдаған сауалдарға жазбаша да жауап беруге мүмкіндігі болмады.  

Елімізде ең алғаш ашылған Nurtau гольф клубын Серік Сұлтанғали басқарады. Бұл туралы Prosports.kz сайтында біраз деректер бар.

1995 жылдың қыркүйегінде Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен гольф клубының құрылысы басталады. 1996 жылы Алматыдағы «Алатау» санаториялық курорттық кешенінің аумағынан «Интерлюкс» клубы ашылып, кейін оның атауы Nurtay болып өзгереді. Жаңадан салынған спорт кешенін жабдықтауға жапон инвесторлары да тартылған.

Ал 2004 жылы Қазақстанның гольф федерациясы құрылды. Нұртай Әбіқаев әлі күнге дейін оның төрағасы.

ГОЛЬФ ОЙНАУ ҚАНША ТҰРАДЫ

Серік Сұлтанғали басқаратын Nurtau гольф клубының сайтында прайс-лист 2018 жылдан бері өзгермеген. Бәлкім, пандемия әсер етті. Егер клуб мүшесі болсаңыз мұндағы спорттық жабдықтарды қолдану тегін. Тек кейбір қызметтер үшін ғана ақы сұрайды. Ал Nurtau клубына мүше емес, бірақ гольф ойнағысы келген адамға шығындануға тура келеді. Алаңда ойын ойнау құны 30 мың теңгеден 45 теңгеге дейін барады. Ал тұтас алаңды жалға алу 4 млн теңге тұрады.

 Nurtau гольф клубвның ресми сайтынан

Гольфқа қажетті жабдықтар да дүкендерде арзан тұрмайды. Мәселен, гольф ойнайтын клюшкалар жинағының өзі 95 мың теңгеден басталып, 500 мыңға дейін сатылымда тұр. Оны салатын сөмкенің өзі 240 мың теңге тұрады.

Қазіргі таңда Алматыда 4, елордада 1 клуб бар. Көп кешікпей гольфқұмарлар үшін Ақтау қаласынан да тағы бір кешен салу жоспарланып отыр. 2008 жылы Nurtau клубының жанынан балалар академиясы ашылды.

ГОЛЬФ ЖҰЛДЫЗДАРЫ

Оңтүстіккорейлік Канг Бенг Ку ерлер арасынан шыққан Қазақстанның абсолютті чемпионы. Ол 2019 жылы Алматыда Nurtau кешенінің базасында өткен чемпионатта жеңіске жеткен.

Сондай-ақ, әлемдік аренада жетістіктерімен көзге түсіп жүрген Дәулет Тулеубаев есімді чемпион бар. Қазір Стэнфорд университетінің студенті.

Ал қостанайлық  Темірлан Қайдар да Қазақстан құрамасындағы мақтаулы спортшылардың бірі. Тайвань, Оңтүстік Кореяда өткен дүниежүзілілк универсиадаға қатысқан. Қазір ол Burabay гольф клубының директоры.

Қыздар арасынан да гольфқа қызығушылық танытып, турнирлерде топ жарып жүргендер бар. 12 жасар Исламия Абельди қазір гольф спорты бойынша  Қазақстанның ұлттық құрамасының қатарында.

Ал Ривекка Джумагулова қазақстандық таңдаулы гольфшылардың бірі. Бірақ орта мектепті биыл Флорида штатынан бітірген. Соңғы екі жыл бойы АҚШ-та тұрып, халықаралық жасөспірімдерге арналған гольф академиясында жаттыққан. Мектепті енді тәмамдаса да қазақстандық бойжеткен Еуропа мен Азиядағы бәсі биік жарыстарға қатысып үлгерген.

Жаттықтырушылар құрамында 21 адам бар. Дегенмен, Қазақстандағы бұл спорт түрінің проблемасы - білілкті кадр тапшы. Әсіресе, бапкерлер бойынша жоғарғы санатты маман болуы үшін шетелде білім алуға мәжбүр.

Бір қызығы Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлық университетінің  «Агрономия» мамандығы жанынан спорттық көгалдарды күтіп ұстайтын және пайдалануға жауапты маман — гринкиперлерді дайындайтын екі жылдық магистрлік бағдарлама ашылыпты.

Steppe.com сайтының дерегінше қазір елімізде шамамен  900-950 гольфші бар.

Айтпақшы,  2016 жылы гольф спорты жазғы Олимпиада ойындарының тізіміне енгізілді.

Серіктес жаңалықтары