Қазақстандық Андрей Моренко есімді ТикТок желісін қолданушы ресейлік чат рулетканы пайдаланатын блогерлерге үндеу жолдап, жергілікті ұлтпен араға от салмауды талап етті, деп жазады Ulysmedia.kz.
«Ұнамаса, жоғалыңдар!»
– Бәріңізге ассалаумағалейкүм! Чат рулеткадағы псевдоблогерлерге айтарым, мен – орыспын. Өздері Қазақстанда тұрса да, чат рулеткада отырып алып Қазақстан, қазақ тілі туралы малтасын езіп отыратын орыстарға айтарым, сендер сияқтылардың кесірінен адекватты бізді Қазақстанда жек көрушілер пайда бола бастады. Сендер үйлеріңде отырып алып, ауызға келгенді айтасыңдар! Егер Қазақстанда, қазақтар ұнамаса, ешкім сендерді ұстап отырған жоқ! Қазір басқа елге қоныс аударуға қатысты түрлі бағдарламалар бар, өтініш бер де, қалаған еліңе көшіп кет! Сендердің кесірлеріңнен қырғыздар, өзбектер, қазақтар, тәжіктер, түріктер, тағы да басқа ұлттар орыстарға қырын қарайтын болды! Әйтпесе ғұмыр бойы бейбітшілікте тұрып келдік, балабақшаға, мектепке бірге бардық, бәрі жақсы болатын. Сендердің сандырақтарыңнан бізге деген көзқарас өзгеріп жатыр. Егер ештеңе ұнамаса, жоғалыңдар! – деді ол желіде.
Айта кетейік, Андрей Моренко Тик-Токта белсенді азамат. 11,1 мың жазылушысы бар. 1996 жылы туған. Әлеуметтік желіде өз отбасының өмірі жайлы видеоларды бөлісіп отырады.
Сепаратизм үшін ұсталғандар
Елде “Қазақстанды Ресейге қосу керек” деген пиғылдағы адамдар әлеуметтік желіде жиі кездесіп, кейін сот алдында жауап беріп жатады. Мәселен, былтыр Жезқазған тұрғыны чат-рулеткада Қазақстан аумағын Ресейге беруді ұсынған. Оны бірден ҰҚК бақылауға алғаны хабарланды.
Батыс Қазақстан облысы Теректі ауылының 35 жастағы тұрғыны Максим Яковченко «Орал мен Қазақстанның тағы бірнеше қаласын Ресейге беру керек» деп аты шыққан адам. Полиция оны бірден тауып, сепаратизм мен ұлтаралық алауыздықты қоздырды деген айыппен бірден ұстаған. Кейін ол Ресейге қашып кеткен.
Ал Петропавлда былтыр үлкен резонансқа айналған сепаратизм ісі бойынша айыпталған "Халық жұмысшылар кеңесін" құрушылар сотталды.
Былтыр жыл соңында Шығыс Қазақстан облысының Алтай аудандық сотында 43 жастағы әйел сотталды. Ол әлеуметтік желілерге "Шығыс Қазақстанның түбі Ресейге қосылатынын" жазып, құзырлы органдардың назарына ілінген.