Тұрақты туризм бойынша халықаралық қорлар және мемлекет пен бизнес өкілдері Орталық Азияда тұрақты туризмді дамытудың бірыңғай стратегиясын дайындамақ. Экотуризмді дамыту тәсілдері мен әлемдік озық тәжірибелер «Орталық Азиядағы экотуризм» панельдік сессиясында таныстырылды. Әріптестік туралы келісімдер аясында бірқатар уағдаластықтар жасалды. Шараны ұйымдастырған - «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ мен «Елім-ай» экологиялық туризм Ассоциациясы.
Халықаралық экотуризм қоғамының мәліметтері бойынша, 90-шы жылдардың басынан бастап экотуризмнің өсу қарқыны жылына 20-34% құрайды. Жақын болашақта туризмнің бұл сегменті бүкіл әлемдік туристік нарықтың жалпы көлемінің 25% - ын алуы мүмкін.
«Экотуризм – Қазақстандағы басым бағыттардың бірі. Соңғы екі жылдың ішінде елдің ұлттық парктеріне екі миллионнан астам турист келген. Қазақстан үшін «экотуризм» анықтамасы – бұл бірінші кезекте жергілікті халықтың экотуризмді дамытудан пайда көріп, өмір сүру жағдайларын жақсартуы», – деп атап өтті «Kazakh Tourism «ҰК» АҚ Басқарма мүшесі Қайрат Сәдуақасов жиында.
Қазақстанда жаңадан құрылған «Елім-ай» экологиялық туризм ассоциациясы да осы анықтаманы қолдай отырып, тірі табиғаттың жойылу алдында тұрғанына алаңдаушылық танытады. Ассоциация Қазақстан мен Орталық Азия елдерінде «табиғат пен туристке қауіпсіз» экотуризм құруды миссия етіп алып отыр.
Ассоциацияның басшысы әрі негізін қалаушысы Самал Ибраеваның ойынша, пандемия халықтың ішкі туризмге деген қызығушылығын арттырды. Сонымен бірге бұл кезең табиғат бен біздің арамыздағы қатынастың қандай нәзік екенін де көрсетті.
С.Ибраева қатысушыларды әріптестікке шақырып, ұйым биалуантүрлілікті сақтап қалуды негізге алатын туризмді дамытуға кешенді шаралар дайындап жатқанын жеткізді. Атап айтқанда, ассоциация ұлттық парктер жұмысына қоғамдық бақылау жүргізу мен оларды басқарудың бірыңғай стандартын енгізіп, волонтерлік қозғалысты дамытпақ.
«Сонымен бірге саладағы ғалымдар мен сарапшыларды тарту арқылы экохабты дамытуды жоспарлап жатырмыз. Жақын аралықта экотуризм саласында заң жобасын дайындауға, тұрақты туризмді дамыту стратегиясын жасауға кіріспекпіз»,- дейді Самал Ибраева.
Сонымен қатар панельдік сессия барысында «Елім-ай» экотуризм қауымдастығы мен «Snow Leopard Foundation» халықаралық қорының бірлескен іс-шаралары талқыланды. Қордың бас директоры Арман Қашқынбеков Қазақстанның биоалуантүрлілігін сақтау үшін аса құнды деп есептелетін қар барысын қорғаудың маңыздылығын атап өтті.
Француз-қырғыз экотуризм қауымдастығының басшысы Филипп Буазоның пікірінше, Орталық Азиядағы экотуризмді дамытуға болады, бірақ оның тұрақтылығы мен тиімділігі барлық мүдделі тараптардың қабілеті мен ниетіне байланысты.
Жабайы табиғатты сақтау мен экотуризм мәселелерінде әлемдік қауымдастық пен Орталық Азияның ынтымақтастығының маңызын халықаралық экотуризм қауымдастығының (TIES) атқарушы директоры Джон Бруно да атап өтті. Бүгінгі таңда 180-нен астам елді біріктіретін қауымдастық БҰҰ Бас Ассамблеясы әзірлеген тұрақты даму мақсаттарын ұстанады.
Оның айтуынша, бүгінде бүкіл әлемнің назары экотуризмнің жылдам дамуына бағытталған және оның даму қарқыны басқа туризм салаларынан басым екені байқалады.
«Сонымен қатар, әлемдік тәжірибе мемлекеттік қолдаусыз, экологтардың, медианың және барлық мүдделі тараптардың күш біріктіруінсіз экотуризм тиісті түрде дамымайтынын көрсетіп отыр» , - деп атап өтті Джон Бруно.
Экотуризмді белсенді мемлекеттік қолдаудың көрнекті мысалы – Грузия. Мұнда экотуризм мен табиғатты қорғау белсенділерінің қауымдастығы өсіп келеді, сондай-ақ компаниялардың көбі «жасыл» саясатқа ұмтыла бастаған.
«Ұзақ мерзімді мақсаттарымызға қол жеткізу үшін Грузияның ұлттық туризм әкімшілігі жаңа саясат бастады. Ол туристік өнімдер мен ұсыныстарды әртараптандыруды қолдауға бағытталған. Бүгінгі таңда Грузияда 2020-2030 жылдарға арналған экотуризм Стратегиясы әзірленді. Құжатқа үш жыл сайын қайта қаралатын және жаңартылатын үш жылдық іс-қимыл жоспары қоса беріледі. Іс – қимыл жоспарының уақытылы орындалуын бақылау және қамтамасыз ету үшін үйлестіру комитеті құрылуда», - деді Грузия Ұлттық туризм әкімшілігінің өкілі Тамар Кахидзе.
Сессия қорытындысы бойынша пікірталасқа қатысушылардың Резолюциясы мен бірлескен жоспар жарияланды. Ол, атап айтқанда, экотуризмді дамыту стратегиясын әзірлеу, мемлекеттік құрылымдарды қоршаған ортаны қорғау жөніндегі шешімдерді қабылдау процесіне тарту және олардың кәсіби әлеуетін өсіру. Сонымен қатар, сессия модераторы, Нұр-Сұлтан қаласындағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің экономика және экология бөлімінің меңгерушісі Рати Жапаридзе бұл жоспарға соқпақтар, айналма маршруттар жасау, келушілерге арналған орталықтар құру, шолу алаңшаларын, түсіндіруге арналған материалдар әзірлеу, экологиялық көрікті жерлерді түгендеу, маркетинг және ақпарат тарату жұмыстары да кіретінін айтты.
Ынтымақтастық туралы ауызша айтылған бастамалар «Елім-ай» ұлттық экологиялық туризм қауымдастығы, Халықаралық экологиялық туризм қауымдастығы (TIES), Француз-қырғыз экотуризм қауымдастығы, «Snow Leopard Foundation» халықаралық қоры және тағы басқа ұйымдар қол қойған тиісті келісімдермен бекітілді.