×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Factcheck: Астанада 50 мың теңгеге қанша азық- түлік келеді

08.11.2021, 18:57
Factcheck: Астанада 50 мың теңгеге қанша азық- түлік келеді
Фото: Ғалым Смағұлдың карикатурасы

Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев отбасының ай сайынғы азық-түлік шығыны 50-60 мың теңгені құрайтынын хабарлады. Ulysmedia.kz редакциясы астанадағы базарлардың бірінде азық-түлік бағасы қанша тұратынын және Ұлттық экономика министрі бұл ақшаға отбасысы үшін не сатып алуы мүмкін екенін болжап көрді.

Министрдің азық-түлікке 50 мың теңге жұмсайтыны туралы мәлімдемесі «Бұл ақша бір ай бойы отбасын асырауға жете ме?» деген тақырыпта қызу пікірталас тудырды. Егер солай болса, бұл сомаға не сатып алуға болады? Ulysmedia.kz редакциясы министрдің мәлімдемесіне қатысты қазақстандықтардың пікірін және Нұр-Сұлтан базарларының бірінен 50 мың теңгеге не сатып алуға болатынын анықтауды жөн көрді.

АСТАНАЛЫҚ «АРТЁМ» БАЗАРЫ

Астанадағы базардағы азық-түлік бағасы супермаркеттердегі бағадан арзандау.

Азық-түліктің ең арзан бағасын мысалға келтіріп отырмыз.

Бөлке нан – 120 тг.

Үйдің сүті – 350 тг (1 литрі үшін).

Үйдің кілегейі – 2 500 тг.

Үй қаймағы (250 гр) – 1000 тг

Сүйекті сиыр еті (1 кг) – 2800 тг.

Күнбағыс майы (5 литр) – 3800 тг.

Ұн (5 кг) – 1700 тг.

Жоғары сұрыпты жұмыртқа (10 дана) – 560 тг.

Бірінші сұрыпты жұмыртқа (10 дана) – 480 тг.

Макарон (5 кг) – 1100 тг.

Күрішті 200 теңгеге сатып алуға болады, ал 5 келілік қаптамадағысы 1 700 тг.

Тары (1 кг) – 300 тг, қарақұмық жармасы (2 кг) – 1350 тг.

Жасымық (2 кг) – 1 550 тг, үрмебұршақ – 850 тг, жүгері жармасы – 200 тг, арпа жармасы – 200 тг, сұлы жармасы – 250 тг.

Көкөністерден пияз 160 тг, картоп 190 тг, сәбіз 180 тг тұрады.

Ақ қырыққабаттың бір келісі 220 теңге тұрады.

Жергілікті қызанақ 450 тг, Ташкент қызанағы 750 тг, қияр 550 тг, болгар бұрышы 550 тг, қызылша 200 тг тұрады.

Осы бағаларды есепке ала отырып 50 мың теңгеге қанша азық-түлік сатып алуға болатынын болжауға болады.

Мысалы, министрдің отбасы барлық тұрғындар сияқты 50 мың теңгеге 417 бөлке формалы нан, 143 литр үй сүті, 25 кг үй қаймағы, бес литрлік 13 бөтелке күнбағыс майы, 18 кг сиырдың сүйекті етін немесе 5 келілік 30 қаптама ұн, 111 кг жергілікті қызанақ сатып ала алады. Жалпы, таңдау мүмкіндігі «үлкен».  50 мың теңгеге сатып алынған азық-түліктің бір отбасын асырауға жете ме?

Біз сатушылар мен сатып алушылардан ай сайын азық-түлікке қанша теңге жұмсайтынын және 50 мың теңге бір отбасы үшін бір айға азық-түлік алуға жететін-жетпейтінін сұрауды жөн көрдік.

Астана тұрғыны Татьяна 4 адамнан тұратын отбасы үшін 50 мың теңге жетпейді деп санайды.

«Төрт адамнан тұратын отбасы бұл ақшаға өмір сүру мүмкін емес. Әрине, не жейтініңе де байланысты. Сүтке немесе суға піскен ботқаны қашанғы жей бересің? Азық-түлік, дәрі-дәрмектердің қымбаттап жатқанын ескерсек – 50 мың теңге 1 адамның тұтынатын азық-түлігі үшін жетуі мүмкін, ал 4 адамға жетпейтіні анық», - дейді ол.

Тағы бір қала тұрғыны 50 мың теңге бір адам үшін ғана жетеді, оның өзінде азық-түлікті тез базардан алып, құнарлы тамақтардан бас тартқан жағдайда ғана деп санайды.  

«Бірақ бұлай тамақтанған кезде ағзамызға дәрумендер, қоректік заттар жетіспей, денсаулығымызға зиян келеді. Ондай жағдайда емделу үшін шығынға батасың, сондықтан етті тағамдар жеген дұрыс. Пандемия кезінде тіптен дұрыс тамақтану керек. 50 мың теңге бір адам үшін ғана жетеді, оның өзінде ол азық-түлікті тек базардан алуы керек. Жалпы күнделікті нан, сүт, жұмыртқа алу үшін дүкенге кіріп-шыққан кезде 5 мың теңге жұмсап қоямыз ғой», - дейді ол.

Ирина есімді сатып алушы 50 мың теңгеге алынған азық-түлікті бір айға жеткізу мүмкін еместігін, осы сөзді айтқан министрдің өзі азық-түлік сатып алуға барып көрмеген болуы мүмкін екендігін айтты.  

«50 мың теңгеге ештеңе тимейді, әрине! Бір айға жетуі мүмкін емес екенін сенімді түрде айта аламын. Министр азық-түлік алуға соңғы рет қашан барды екен? Біз айына 120 мыңнан астам теңге жұмсаймыз. Отбасымызда 4 адамбыз. Балаларымыз кішкентай. Егер шұжық, қазы-қарта алатын болсақ айына 150 мыңнан астам ақша кетіп қалады. 50 мың теңгеге тұтастай бір отбасы үшін бір айға жететін азық-түлік алу мүмкін емес. Нан, сүт, ботқа алуға жететін шығар. Министр солай тамақтанбайтын шығар?», - дейді ол.

Арман есімді тұтынушы азық-түлік алу үшін айына 150 мың теңге жұмсайтынын айтты.

«Төрт адамнан тұратын отбасы 50 мың теңгеге толық тамақтана алмайды. Бұлай болуы мүмкін емес. Біздің отбасымыз азық-түлікке, ет алумен қосқанда айына кем дегенде 150 мың теңге жұмсайды.  Мүмкін министр күн сайынғы шығыны мен ай сайынғы шығынын шатастырып алған шығар? Мүмкін ол 50 мың деп байқамай айтып қалған шығар? Мүмкін ол ай сайын емес, күн сайын сонша жұмсайтын шығар? Әлде аптасына сонша жұмсай ма екен? 50 мың теңгенің азық-түлігін бір айға жеткізу мүмкін емес», - дейді ол.

Айдана есімді сатушы жалақысының басым бөлігі отбасына азық-түлік алу үшін кететінін жеткізді.

«50 мың теңгені бір айға жеткізу мүмкін емес. Біз аптасына 40 мың теңгеге азық-түлік аламыз. Екі баламыз бар. 50 мың теңгені бір адамға жеткізуге болатын шығар, ал бір отбасыға жеткізу мүмкін емес. Өзіміз жегіміз келетін нәрседен бас тарта алғанмен, балалардың сұрағанын алып беруге тырысамыз. Қазір ұн да, жұмыртқа да, май да, ет те өте қымбаттап кетті», - дейді ол.

Нан сатушы Әсел азық-түлікке қанша теңге жұмсалатыны отбасының қайда тұрып жатқанына байланысты екенін айтты.

«Біздің жер үйіміз, бау-бақшамыз бар. 50 мың теңге ет алмаған жағдайда 1-2 адам үшін жетіп қалуы мүмкін. біздің бір баламыз бар. Айына 100 мың теңгенің азық-түлігін аламыз», - дейді ол.  

Әселдің айтуынша, нан бағасы 120 теңгеден басталады. 140 теңгелік нан да бар. Нан сататын орынның иесі ұнның қымбаттауына байланысты 9 қарашадан бастап нан бағасы 10 теңгеге қымбаттайтынын, яғни 120 теңгелік нана 130 теңгеге, 140 теңгелік нана 150 теңгеге сатылатынын айтты.

«Осыған байланысты енді азық-түлікке жұмсалатын ақша көлемі ұлғая түсетін шығар», - дейді ол.

Министрдің мәлімдемесі тұрғындар арасында күмән тудырды. Көбісі 50 мың теңгеге бір айға азық-түлік алу мүмкін емес деп санаса, енді бірі Ерғалиев ай сайынғы шығын мен күн сайынғы шығынды шатастырып алды деп санайды. Бұл туралы жақын арада министрдің өзі жауап береді.