Қазақстанда жаңадан құрылған «Елім-ай» Ұлттық экологиялық туризм қауымдастығының басшысы әрі негізін қалаушы Самал Ибраева эко-дағдарыс, эко-мәдениеттің төмендігі мен бизнес мүдделердің табиғатқа орасан зор зияны туралы айтып берді.
Спикердің сөзінше, пандемия кезінде экотуризмге қызығушылық күрт артты. Бұл бағыт жақын болашақта әлемдік туризм нарығының 25%-ын құрауы мүмкін. Қазақстан да туризмді осы салада дамытуға қауқарлы. Себебі, еліміздегі ерекше қорғалатын аумақтар 26 миллион гектарды алып жатыр. 13 парк, 10 қорық жүмыс істеп тұр. Республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар тізімі 110-ға жетті. Соның бесеуі ЮНЕСКО тізімінде. Соңғы екі жылда елдегі ұлттық парктерге екі миллионнан астам турист келген. Дегенмен Қазақстан мен басқа да Орта Азия елдерінде экотуризмнің әлеуеті әлі толық ашылмаған.
- Самал, экотуризмнің дамуын не тежеп тұр?
- Біріншіден, экотуризмді мемлекеттік дамыту жүйелі жолға қойылмаған. Заңнамада бұл термин 2006 жылы бекітілсе де, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың қызметін реттеу мәселесі әлі шешілген жоқ деуге болады. Сонымен қатар тұрақты туризмді дамытуды реттейтін бірыңғай орталық та жоқ. Әйтпесе, ішкі туризмді дамыту стратегиясына кім жауап береді? Экология саласындағы тәжірибемді негізге ала отырып, экотуризмді арнайы заңнамасыз, нақты траектория мен позициясыз дамыту мүмкін емес екенін нақты айта аламын. Біз, экотуризм ассоциациясы, осы салаға арналған заңнаманы дайындауда депутаттармен, салааралық министрліктермен бірге жұмыс істеуге дайынбыз. Министрліктер мен ведомстволардан қолдау күтеміз. Қазір бізге бірлесе жұмыс істеу жетіспей тұр.Фото: Қайыңды
- Ал 13 ұлттық парктегі кадр мәселесі қалай шешілген?
- Өкінішке қарай, инспекторлар штаты санының аздығы Қазақстандағы барлық ұлттық паркке тән. Мемлекеттік инспекторлар кең аумақты физикалық тұрғыдан бақылап үлгермейді. Оларға бекітілген жұмыс көлемі ешқандай стандартқа сай келмейді. Мысалы, бір инспектор 2 мың гектарға қараудың орнына, 5-10 мың гектар жерді қарауылдап жүр. Бұл, әрине, қорғалатын табиғи аумақтардағы жұмыс сапасының төмендеуіне әкеп соқтыруда.
- Экологиялық мәдениет болмаса экологиялық туризм дамымайтыны сөзсіз. Қазір халықтың экомәдениеті өсті деп ойлайсыз ба?
- Өкінішке қарай, көпшілік қазақстандықтардың экологиялық мәдениеті әлі төмен деңгейде екенін көріп отырмыз. Жалпы саланы дамытпас бұрын, экологиялық мәдениетті қалыптастырып, экологиялық ағартушылық жұмыстарын жолға қою керек екенін түсінеміз. Экомәдениет деңгейін бір ғана Көбейтұз мысалынан-ақ байқадық. Аз уақытта ерекше көлдің тас-талқаны шықты. Ал ұлттық парктерде адамдар көрінген жерге серуен құрып, артынан қоқысты жинамай кетеді. Сөзімізге дәлел, Үлкен Алматы көлінен еріктілер қоқысты қаппен шығарып үлгермей жатады.
Фото: Үлкен Алматы көлі, Іле-Алатау ұлттық паркі
Әлем елдерінің көбі экологияны күн тәртібінде бірінші орынға шығарып жатса да, Қазақстандағы бизнес өкілдерінің көбі бұған көз жұма қарап жұмыс істеуде. Мемлекет экотуризмға келгенде өзінен тезірек жауапкершілікті ысырып тастап, экотуризмді дамыту нысандарын жеке бизнеске жарты ғасырға басқаруға беруден әрі аса алмай отыр. Ал олардың бизнес жоспарларын таныстырғанда «Табиғатқа зиян келтірмейміз» деп үйіп-төгіп берген уәделерін қаншалықты, қалай орындайтыны әлі айқын емес. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда бизнестің ығына жығылу экологияны тығырыққа тірейді.
- Тірі табиғаттың жойылу қарқыны қорқынышты. Экотуризмді дамытып, туристер ағынын көбейту экологиялық ахуалды одан әрі нашарлатады деп ойламайсыз ба?
- Иә, дұрыс айтасыз. Тірі табиғаттың жойылу динамикасы расымен қарқынды. Дүниежүзілік экономикалық форумда 2020 жылғы табиғи тәуекелдер жайлы баяндама жасаған сарапшылар адамзат жабайы сүтқоректілердің 83%-ын, ал өсімдіктердің тең жартысын жойып жібергенін атап өтті. Сол себепті дәл қазір адамның табиғатқа қатынасын түбегелейлі қайта қарау маңызды болып тұр. Экотуризмді дамытуға жүйелі түрде келіп, ұлттық парктердегі рекреациялық жүктеме нормаларын сақтауды қамтамасыз етсек, соқпақтарды дұрыс реттесек, экожүйеге келетін зиян көлемін азайта аламыз.
Фото: Алтын-Емел ұлттық паркі мен ондағы құландар
- Сонда ассоциация жұмысының негізгі бағыты – экожүйеге қамқорлық жасап, ұлттық парктер қызметін ретке келтіру ғой?
- Тек мұнымен шектелеміз деп айта алмаймын. Себебі, ұлттық парктерге ғана көңіл бөліп, өңірлердегі экологиялық проблемаларды назардан тыс қалдырсақ нәтиже болмайды. Экология мәселелері кез-келген мемлекетте қазір басым тұруы тиіс. Мен Қазақстан атынан делегат ретінде қатысып жатқан Глазгодағы COP-26 конференциясы барлық мемлекетті ғаламдық экологиялық өзгерістер мазалайтынын көрсетіп отыр.
Біздің елімізде қазір не болып жатқанын қараңызшы, құрғақшылық, судың жетіспеуі, Жайықтың, Сырдарияның құрғауы секілді проблемалар күн өткен сайын күрделеніп барады. Халық тарапынан қоғамдық резонанс та туып жатыр. Мысалы, елордадағы Талдыкөл кейсі қоғамның оянғанын, табиғатты бизнес пен басқа да мүдделер үшін жоятын емес, қорғайтын елде тұру құқығы жолында күресуге дайын екенін көрсетті.
Әрине, мұның бәрі бір күнде шешіле салатын іс емес. Бұл мақсат – күнделікті жұмысты, аянбай күш салуды және ең бастысы, туған өлкесін, елін сүйетін азаматтардың атсалысуын қажет етеді.
- Сіз жоғарыда экотуризмді дамытудың негізінде жергілікті халыққа көмектесу жатқанын айтып едіңіз. Бұл нақты қалай жүзеге асады?
- Ұлттық парктердегі ахуалды жақсарта отырып, біз сол аумақтарға жақын тұратын халықтың өмірін жақсарта аламыз. Тұрғындарға туристің көп болғаны жақсы.
Бұған байланысты «Көлсай көлдері» ұлттық мемлекеттік табиғи паркіне келген қонақтарды қабылдайтын Саты ауылын мысалға келтіруге болады. Қазіргі уақытта екі үйдің бірі қонақ үй бизнесімен айналысып жатыр. Сонымен қоса тамақ әзірлеп, атттарын серуендеуге жалға береді. Киізүйлерге қоныстандырады. Өнерпаздар ән шырқап, қазақтың салт-дәстүрін паш етеді. Ең бастысы – ауыл жастары шетелден келген туристерге гид қызметін көрсету үшін ағылшын тілін үйреніп жатыр. Қазір туристік кәсіппен айналысатын отбасылардың табысы қала тұрғындарынан еш кем түспейді. Елдің әр аймағынан, шетелден қонақтар келіп, түрлі ортаның адамдарымен араласқан соң ауылдың мәдениеті өсіп жатыр. Табыс әкеліп отырған Көлсай мен Қайыңдының таңғажайып көрінісі мен тұмса табиғаты болғандықтан, жергілікті халықтың өзі оны аялап, барынша қорғауға тырысады.
Фото: Көлсай-көлдері ұлттық паркі
Бұған альтернативті мысал ретінде Бозжыра шатқалын алып көрейікші. Жергілікті халыққа аумақта туризмді дамытудан келетін пайданы түсіндірмеу әсерінен арты дауға ұласты. Мұндай жағдайларда шенеуніктер мен кәсіпкерлердің емес, жергілікті жұрттың ойы, солармен диалог орнату маңызды.
- Енді сіз құрған ассоциацияның нақты жұмысы қандай болмақ?
- Қоғам өкілдері мен саладағы сарапшыларды тарта отырып, экология, туризм салаларындағы заңнаманы жетілдіруге белсенді қатысамыз. Бұл жұмыс халықаралық тәжірибе мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың ерекшеліктерін ескере отырып атқарылады. Дубайдағы EXPO 2020 алаңындағы біздің сессиямыздың нәтижесінде халықаралық қорлар және мемлекет пен бизнес өкілдері бірігіп, жақын арада тұрақты туризмді дамытудың бірыңғай стратегиясын дайындауға келістік.
Фото: әйгілі Айғайқұм
Сонымен қатар біз экотуризм саласындағы барлық ұйымдар үшін, қорықтар мен ұлттық парктерге келушілер үшін бірыңғай бақылау мен ережелерді әзірлейміз. Барлық ұлттық парктерде экологиялық бизнес-процесті жолға қойып, сол арқылы ұлттық парктер қызметін толық реформалауға басымдық береміз. Ең бастысы – біздің осы жұмысымыздың негізінде азаматтарға жағдай жасау, биологиялық және ландшафттық алуантүрлілікті сақтау жатыр. Аталғандармен қатар ассоциация экология саласындағы білім деңгейін көтеруге де күш салады. Ұлттық парктерде еріктілер қозғалысын дамытып, өңірлерде еріктілердің экоқозғалыстарының желісін дамытпақпыз.
Ұлттық парктеріміз бен басқа да экотуризм нысандары бірігіп, өзара белсенді әрекет етіп, тәжірибе алмасады деп үміттенеміз. Бұл тұрғыда, әсіресе, Қырғызстан мен Моңғолиядан үйренеріміз көп екеніне көзім жетті.