Биыл да елімізден шетелге ақша аударымы азайды. Қолда бар дерекке қарағанда, жыл басынан бері шетелге ақша аударымы жүйесі арқылы 383,4 млрд теңге жіберілген. Бұл былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 12,2%-ға аз, деп хабарлады Ulysmedia.kz.
Ал елімізге қаңтар мен маусым аралығында шетелден ақша аударымы жүйесі арқылы 120,3 млрд теңге келген. Бұл 2016 жылғы жарты жылдағы көрсеткіштен де аз.
ЕЛІМІЗДЕН РЕСЕЙГЕ ЕҢ КӨП АҚША ЖІБЕРІЛГЕН
Қазақстаннан шетелге аударылған ақша көлемінің тең жартысынан көбі Ресейге жіберілген. Бұл елге 119,6 млрд теңге кеткен. Өзбекстанға 103 млрд теңге аударылған. Оның біразын Өзбекстаннан келген жұмысшылардың жібергені айтпаса да түсінікті шығар. Сонымен бірге Түркияға 80,2 млрд теңге, Грузияға 29,6 млрд теңге және Қырғызстанға 13,8 млрд теңгенің жіберілгені белгілі болды.
Ал шетелден Қазақстанға жіберілген ақшаға келсек, бірінші орынды Ресей ұстап отыр. РФ-дан 34,1 млрд теңге аударылса, одан кейінгі орындағы АҚШ-тан 15 млрд теңге және Оңтүстік Кореядан 13,5 млрд теңгенің жіберілгені анықталды.
Өзбекстаннан 11,7 млрд теңге, Түркиядан 8,9 млрд теңге, Германиядан 8,3 млрд теңге де аудырылған.
Халықтың көбі шетелге ақша аударымын жасағанда «Золотую Коронуа» картасын пайдаланған. Бұл картамен 335,6 млрд теңге жеткізілген. Одан кейін Western Union мен MoneyGram карта арқылы тиісінше 25,1 млрд теңге мен 6,6 млрд теңге жіберілген.
Қазір елдімізде онлайн сауда мен ақша аударымы тез дамып жатыр. Бүгінде қолма-қол ақшамен есеп айырысып жүретіндер де азайып кетті.