×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Марат Жыланбаев түрмеде 61 жасқа толды. Әйгілі марафоншының қалы қалай

21.08.2024, 09:32
Марат Жыланбаев түрмеде 61 жасқа толды. Әйгілі марафоншының қалы қалай
Коллаж: ulysmedia.kz.

19 тамызда марафоншы, тіркелмеген оппозициялық «Алға, Қазақстан» партиясының жетекшісі Марат Жыланбаев 61 жасқа толды. Туған күнін ол Атбасардағы түрменің тәртіптік изоляторында қарсы алды.

Қамауда бірнеше рет аштық жариялаған әйгілі спортшының қалы қалай? Ulysmedia.kz тілшісіне Марат Жыланбаевтың жай-күйін 20 тамызда Атбасарға барып келген адвокаты Мейіржан Досқараев айтып берді.

Аштықты тоқатты, жағдайы жақсы

«Қазіргі таңда жағдайы (Марат Жыланбаевтың – авт.) дұрысталды. Бастапқы кезде бір ай аштық жариялап, 16 келі тастаған еді. Өткен айдың соңында аштықты тоқтатты. Қазір түзету мекемесінің қауіпсіз орнында отыр. Мекеменің басшылары ұйымдастырып, басқа сотталғандарды қарсы қойып қойған. Үш-төрт күнде өзінің бұрынғы отрядына қайтады. 13 тамызда әйелі келген. Екі күндік кездесу болды. Ондай мүмкіндік заң бойынша беріледі», - дейді адвокат телефон арқылы.

Ісі БҰҰ жұмыс тобына түскен

Адвокаттың айтуынша, Марат Жыланбаевтың ісі БҰҰ жұмыс тобына түскен. 

«Марат 61 жасқа келді. «Еш жақтан маған құттықтау болған жоқ» дейді. Түрме әкімшілігі оған кедергі жасап, маған да сөйлестірмей жатыр. Аптасына бір рет видеоқоңырау шалуға рұқсат берсін деп адвокаттық өтініш қалдырған едім. ҚАЖД «рұқсат беріледі» деді, бірақ мекеменің өзі рұқсат бермей, «сізге болмайды, өзіңіз келіп жолығуыңыз керек» деп отыр. Ол бойынша да әлі шағымданам. Көреміз», - дейді ол.

Жыланбаев неге түрменің қауіпсіз орнында отыр

Мейіржан Досқараевтың айтуынша, Марат Жыланбаевтың басқа сотталғандармен ерегесі болғаннан кейін оны өз өтініші бойынша тәртіптік қауіпсіз орынға ауыстырылған.

«Ол жер жайлы емес. Бір камера. Ішінен шықпайды. Екі ай болды ғой. Бастапқы кезде камерасы нашар болып, ішінен ылғал білініп, асты су болып шыққан. Кейін бір дұрыстауына ауыстырған. Өз талабы – медициналық-санитарлық бөлімге ауысу еді. Ол жаққа мекеме басшылығы ауыстырмады. Арнайы орындағы екінші айы біткеннен кейін отрядқа барады», - дейді адвокат.

Досқараев Жыланбаевтың саяси тұтқын екенін, сондықтан басқа сотталғандармен ерегесі болуы мүмкін де емес еді деп есептейді.  

Ол неге аштық жариялады

Адвокат марафоншының жүгіруіне, спортпен айналысуына мүмкіндік берілсе екен дейді.

«Өзі еңбекқор адам ғой. Сурет салады, төртінші разрядтағы токарь. Егер Маратқа жұмыс істеуге мүмкіндік жасайтын болса, ол кезде бұл ешкіммен қақтығыспаймын дегендей қылып жатыр. Оның үстіне меншік үйінен алдырған, сурет салатын кисточкадан бастап мироволновка, кір жуу машинасын – бар заттарын алып қойды ғой. Сондықтан ол аштық жариялады. Қазір шыққан соң, заттарын қайтарып, спортпен айналысып, сурет салуына, токарь болып жұмыс істеуіне мүмкіндік берсе, кедергі жасамаса дейді. Кедергі жасаса қайта аштық жариялаймын деп отыр», - дейді адвокат.

Жыланбаевқа шыққан үкім

Еске сала кетейік, биыл қаңтарда Астана қаласының қалалық соты Марат Жыланбаевтың апелляциялық шағымы бойынша шешім шығарған еді. Ол инстанция Астана қылмыстық істер жөніндегі сотының Марат Жыланбаевты жеті жылға соттаған үкімін күшінде қалдырған. Белсендіге сотта «тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысты» және «терроризмді қаржыландырды» деген айыптар тағылған. 

Марат Жыланбаев бұған дейін де бірнеше рет аштық жариялаған. Халықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігін оны босатып, оған тағылған айыптарды алып тастауға шақырған болатын.

Бұған дейін Марат Жыланбаев жұбайымен телефон арқылы сөйлескенде өз өміріне алаңдайтынын айтқан. Ал ол оны  адвокат Мейіржан Досқараевқа жеткізген. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаевтың түрмеге келуін талап еткен.

Марат Жыланбаев жайлы

Марат Жыланбаев – қазақстандық марафоншы, тіркелмеген "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясының төрағасы. Ол әлемдегі ең үлкен шөлдермен жүгірген жалғыз адам. Былтыр «Ар-Бедел» қоғамдық қоры белсендінің сөздерінен кейін Жыланбаевты экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау бойынша сотқа берді. Жыланбаев талап арызды жеңіп алды.

Ол 1963 жылы 19 тамызда Қарағанды облысында дүниеге келген. Жер шарының ең ірі шөлдері – Азия, Африка, Австралия және Америкада жүгірген жалғыз адам. Оның әрбір жүгірісі кем дегенде 1200 км құрады. Халықаралық ультрамарафон жарыстарының жеңімпазы және жүлдегері. Гиннестің рекордтар кітабына енгізілген 7 әлемдік рекордтың иесі.