Ақтаулық қоғам белсендісі Азамат Сәрсенбаев Facebook парақшасында Каспий теңізінің тартылып қалған жағалауынан түсірілген көрініспен бөлісті. Су деңгейінің төмендеуі өңірдің экологиялық жағдайына қандай қауіп төндіреді және мамандар қандай болжамдар айтып отыр? Бұл туралы Ulysmedia.kz дайындаған мақаладан оқыңыз.
«Қазгидромет» РМК мәліметі бойынша, биыл Каспий теңізінің солтүстік бөлігінің болжамды деңгейі шамамен 28,2 метр деңгейінде сақталады. Судың ең жоғары деңгейі 1882 жылы (-25,2 метр), ең төменгі деңгейі 1977 жылы (-29,01 метр) тіркелген.
Бұған дейін Матиас Прангенің жетекшілігімен Бремен университетінің неміс ғалымдары тобы Каспий теңізінің су деңгейіне қатысты көлемді зерттеу жүргізген болатын.
Ғылыми бақылаулардың нәтижесінде мамандар теңіздегі су деңгейі жыл сайын 6-7 сантиметрге төмендейді деген қортындыға келді. Олардың болжамынша, осы ғасырдың соңына қарай Каспий теңізінің деңгейі 9-18 метрге төмендеп, теңіздің солтүстік қайраңының кең аумақтары, оңтүстік-шығысында түрікмен қайраңы және және Каспий теңізінің орта және оңтүстік бөлігіндегі барлық жағалау аймақтары, шығыс жағалауындағы Қара-Боғаз-Гөл шығанағы толығымен кеуіп қалады.
Nature халықаралық ғылыми басылымы шығаратын Communications Earth & Environment журналында жарияланған мақалада «Жалпы, су деңгейі 9 метрге дейін төмендесе Каспий теңізінің ауданы 23%-ға, ал 18 метрге төмендесе 34%-ға азаяды», деп жазылған.
Мұндай жағдай, ең алдымен, теңіз бетіндегі буланудың жоғарылауымен және өзендер мен теңізге жауын-шашынның аз мөлшерде жаууымен байланысты. Бұрынғы климаттық зерттеулерде айтылғандай теңіз деңгейі одан екі есе көп төмендейді деп болжанып отыр.
Ғалымдар әлемде көлдердің жойылып бара жатуына аз көңіл бөлінетіндігін айтып дабыл қағып отыр, ал Каспийдің тағдыры тіпті шешіліп қойды деуге болады.
«Теңіздің кейбір бөліктері қазіргі Арал теңізінен қалған бөлігіне ұқсайтын болады», – дейді неміс ғалымдары.
Фото: Nature халықаралық ғылыми басылымы
Теңіздің толығымен құрғаған жерлері қызыл түске боялған. Көк түс аман қалатын, бірақ таяз суға айналатын аймақтар (ең ашық түс – тереңдігі 1 метрден аз, ең қою түс – 1000 метрден астам).
«Солтүстік Каспийдің таяз сулары міндетті түрде жойылады. Қазір көптеген балық түрлері өсірілетін алаңға айналды. Бұдан кейін «ауыр әлеуметтік-экономикалық салдары» бар экономикалық өзгеріс болады», – дейді шетелдік сарапшылар.
«Глобус» экологиялық-құқықтық бастамалар орталығының директоры, Қазақстан үкіметтік емес ұйымдарының экофорумы Үйлестіру кеңесінің мүшесі Галина Чернова мұндай сценарийдің дамуы әсерінен Каспий өңірін қандай экологиялық зардаптар күтіп тұрғаны, сондай-ақ әлемдегі ең үлкен су қоймасының соншалықты күрт тайыздануының себептерін атады.
Фото: azh.kz
Маманның айтуынша, Каспийдің таяздануының экологиялық зардаптары болатыны анық. Бұл аймақ тұрғындары үшін ғана емес, сонымен қатар халықаралық қауымдастық үшін күрделі мәселе, сынақ әрі қауіп. Неміс зерттеушілерінің болжамы бойынша, экожүйе мен халық үшін бұл апаттың зардабы көп болмақ.
«Жалпы, су өркениетіміздің жаңа алтынына айналуда. Климатологтар келесі соғыстар табиғи ресурстар үшін – ең алдымен су үшін болатынын алға тартты. Бұл болжамдар қисынға келеді», – дейді ол.
«Глобус» экологиялық-құқықтық бастамалар орталығының басшысы блогердің теңіздің ондаған метрге төмендеп кеткенін көрсететін видеосы алдағы апаттың тағы бір дәлелі екенін атап өтті.
«Қазір болып жатқан жағдай, яғни Каспий теңізі деңгейінің күрт таяздануы – апат деуге болады. Өңір тұрғындарына, оның ішінде, әрине, Ақтау қаласы үшін де күрделі сын, қауіп. Бұл қала 1960 жылы орнатылған тұщыландыру қондырғыларынан алынған тазартылған теңіз суын тұтынып отыр», – дейді Галина Чернова.
Сарапшы теңіздің күрт төмендеуінің бірнеше себебі болуы мүмкін екендігін айтты.
Біріншісі – климаттың өзгеруі.
Каспийде терең зерттеулер жүргізілмегендіктен, ғалымдар таяздануды жер шарындағы жалпы климаттық өзгерістермен, күрт жылынумен және булану процестерінің, соның ішінде Каспийдегі су булануының артуымен байланыстырады.
Екіншісі – оған құятын өзендердің таяздануы.
Теңізге 300-ге жуық өзен құйылады, бірде-бір өзен ағып кетпейді. Ал үлкен көлемде су әкелетін өзендер қазір күрт таязданып барады. Әрине, біз аймақтың негізгі өзендері – Еділ мен Жайық туралы айтып отырмыз.
«Ресейде Еділ күрт таязданып қалды, ал Жайық үш есеге жуық төмендеді. Бұл Каспийдің таяздануының басты себебі», – дейді эколог.
ЕДІЛ МЕН ЖАЙЫҚ
Галина Чернованың айтуынша, Еділ мен Жайықтың су ағыны көптеген су электр станциялары, су қоймалары салынғандықтан азайып келеді.
«Еділ өзенінде су электр кешендері, су қоймалары, су электр станциялары бар. Еділ мәселесін байыппен шешу керек, өйткені өзен Каспийге су ағынының жартысына жуығын береді және Каспий теңізінің суы тұрақты болуына әсер етеді », - дейді Галина Чернова.
Ол Жайық өзеніне қатысты мәселені шешуді маңызды деп санайды.
«Өзен Еділ сияқты реттелмесе де, өзеннің жоғарғы ағысында, Башқұртстанда да, Ресейде де көптеген су қоймалары салынды. Башқұртстандағы Жайық арнасында қазір жаңа гидроэлектростанциялар салынып жатыр, бұлай етуге жол беруге болмайды. Бұл халықты қамтамасыз ету үшін іс жүзінде ештеңе қалмайды дегенді білдіреді», - дейді ол.
Өзендердің таяздану себептерінің қатарында жергілікті отын-энергетика кешендері, сондай-ақ 1960 жылдары Жайық маңында салынған Жайық-Көшім суландыру жүйесі жүргізетін судың реттелмейтін ағыны да бар.
«Жүйе ауылшаруашылық қажеттіліктерін қанағаттандыру, суармалы жерлерді, жайылымдық жерлерді және мелиоративтік аумақтарды қалпына келтіру үшін салынған. Ол ескірген, қайта құруды қажет етеді, оның бойымен тасымалдау кезінде су шығыны көп, яғни бұл мәселені де шешу керек. Бұл республикалық деңгейдегі мәселе», - дейді эколог.
Галина Чернова өзендердің проблемалары сайып келгенде жаһандық сипатқа ие болады деп есептейді, өйткені олар Каспий теңізінің суын толтыруға да, жергілікті халықты тұщы сумен қамтамасыз етуге де әсер етеді. Мысалы, Атырауда ауыз судың негізгі көзі – Жайық өзенінің суы. Басқа көздерден, соның ішінде жерасты сулы горизонттарынан алынатын су ішуге жарамайды, өйткені ол өте минералданған және тым тұзды, оны пайдалану мүмкін емес.
ЭКОЖҮЙЕ
Галина Чернованың айтуынша, Жайықтың экожүйесі туралы айтатын болсақ, ол қазірдің өзінде айтарлықтай сынақтар мен қауіптерді бастан кешіріп келеді.
«Өзендердің таяздануы туралы айтқанда балықты қалпына келтіру мәселесі де туындайды. Жайықта кәсіптік маңызы бар балықтардың 54 түрі, соның ішінде бекіре балығы бар. Жайықта 1990 жылдарға дейін бекіре балықтары мекендеген. Дүние жүзіндегі бекіре тұқымдас балық қорының 90 пайызы біздің аймақта болды. Қазір өзендер таязданып барады, соның әсерінен Каспий теңізі де тартылып барады», – дейді ол.
БЕКІРЕ
Ал бекіре тұқымдас балықтарға келетін болсақ, Солтүстік Каспийдің бірегейлігі – бұл жерде теңіз суы таяз, соның әсерінен су жылы болған. Тіпті бекіре балықтары осы тұстарда көп болған. Маман теңіздің су балансын қадағалау қажеттігін баса айтады. Кейбір бекіре тұқымдас балықтардың ересек балық болып, көбейе бастауы үшін 10 жылдан астам уақыт қажет.
«Мұнда шабақтар өсіп, көбеюге қабілетті ересек балық күйіне дейін өсті. Бекіре тұқымдас балықтарда жыныстық жетілу әртүрлі жолмен жүреді. Мысалы, кейбіріне 9-10 жыл керек болса, кейбіріне 18 жыл керек! Ал оған дейін балықтар теңізде қоректенеді. Бекіре тұқымдас балықтар 12-16 жасқа дейін уылдырық шашпайды. Бекірелер Жайықта немесе Еділде уылдырық шашады», – деп атап өтті сарапшы.
Каспий теңізінің, сондай-ақ оның негізгі өзен суларының таяздануына байланысты Қызыл кітапқа енген сирек кездесетін балықтар толығымен жойылу алдында тұр.
«Су таяз болғандықтан балықтар жойылып кетеді, себебі қайда барып уылдырық шашады? Егер өзен уылдырық шашатын жерлер қалмайтындай таяз болып кетсе, тіпті балықтардың келуіне мүмкіндік болмай қалады», – дейді Галина Чернова.
Еділ таязданып, Жайық жойыла бастаған сайын теңіздің де тартылып қалатыны сөзсіз, бұл жағдайда Каспийдің құрдымға кететіні анық.
ИТБАЛЫҚ
Қыста теңіз түбіне дейін қатып қалатын Солтүстік Каспий теңізінде итбалықтар дүниеге келеді.
Фото: ашық дереккөз
Мұз айдындары төлдердің тууы мен өсуіне тамаша жағдай жасайды. Теңіз мұз қатпайтын Оңтүстік Каспийге қарай тартылса, шын мәнінде итбалықтардың көбейетін аумағы болмай қалады. Бұл жағдайда итбалықтардың популяциясы өледі.
Маманның айтуынша, өзендерді қорғау бойынша бағдарламалар мен жоспарлар іс жүзінде қабылданбайды, мәселе әңгімеден ары қарай қозғалмайды: Жайықты қалпына келтіру бағдарламасы жоқ, бұл мәселе қаншама рет көтерілсе де облыс әкімшілігінде өзендерді сақтап қалудың қарапайым жоспары да жоқ.
«Жергілікті билік бұл мәселеден хабардар. Әрине, одан әрі ешқандай шешім қабылданған жоқ. Ешқандай шара қолданылған жоқ. Теңіз деңгейі осындай күрт төмендеп, өзендердің қаншалықты таяз екенін өз көзімізбен көріп отырған жағдайда қатаң экономика бағдарламасы енгізілуі керек. Ал бізде қандай жұмыс атқарылып жатыр? Атырау отын-энергетикалық кешені жыл сайын 68 миллион текше метрге дейін суды қабылдап, қазандықтарынан өткізіп, одан кейін жер бетіне ағызып жібереді. Бұлай етуге болмайды! «Су арнасы» жылына 30 миллион текше метрге дейін су алады. Тұтыну бақыланады ма? Суды тұтыну мен жеткізуді нақты бақылау қажет, өйткені тұтынушыға тасымалдау кезінде жартысы жоғалады. Осы өзендердің барлығы Каспий теңізіне құяды, бір-бірімен тығыз байланысты», - деді Галина Чернова.
НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?
Сарапшы Каспий теңізін сақтап қалу және Арал тағдырын қайталамау үшін «жедел және жылдам шешілуі тиіс» бірқатар мәселелер бар екенін айтады.
Тым болмағанда Еділ мен Жайықты құтқару үшін жоспар құрып, сол жоспарды іске асыру қажет. Ресейдің Орынбор облысы бағдарлама қабылдады. Оны іске асыру үшін 24 миллиард рубль қажет. Біздің елімізде су көлемін арттыру үшін суды ысырап етпеу керек және суды пайдаланудың ең қатаң режимін енгізу тиіс.
Мұндай режим Еуропа елдеріндегідей трансшекаралық өзендер ағып жатқан елдер арасында енгізілуі керек. Өзендердің жоғарғы ағысы бар елдер төменгі ағынға суды жеткілікті түрде ағызуға міндеттеме алады. Мұның бәрі өзеннің төменгі жағында тұратын халық суға деген мұқтаждықты және онымен байланысты үлкен проблемаларды бастан кешірмеуі үшін керек. Бізде мұндай келісімдер жоқ. Бұл проблемаларды халықаралық деңгейде шешу маңызды.
«Бағдарлама қабылдануы қажет, тіпті болмаса суды барынша қатаң үнемдеудің жоспары жасалуы керек, өйткені біз Жайықтың қаншалықты таяз екенін, Каспийдің тартылып бара жатқанын өз көзімізбен көріп отырмыз. Немерелерін айтпағанда, балалар не ішетіні туралы сұрақ туындап отыр», - деп атап өтті эколог.
Еділ және Жайықтың 300-ге жуық саласы бар, экожүйенің әл-ауқаты мен Каспийдің тартылу-тартылмауы осыған байланысты.
«Теңізге 300-ден астам өзен құяды. Олардың үлкені Еділ мен Жайық және басқа да шағын өзендер. Батыс Қазақстан облысында Жайықтың тепе-теңдігін өз деңгейінде қалпына келтіруге мүмкіндік бар. Шағын өзендердің арнасын тазарту, өзен жағасында орналасқан жайылма ормандарды қалпына келтіру қажет. Ормандар өзеннің жалпы булануын азайтып, су балансын жақсартады. Булануды азайту арқылы, әрине, өзеннің су ресурстары қосылады. Қысқасын айтқанда, бұрыннан шешімі тауып қойылуы керек болған мәселелер көп», - дейді Галина Чернова.
«Глобус» экологиялық-құқықтық бастамалар орталығының басшысы неміс ғалымдарының зерттеулерінің мұңды тұжырымдарына түсініктеме бере отырып, егер олардың математикалық есептеулері шынымен ақталған болса, апат болмай қоймайтынына, Каспийдің құрдымға кететін сценарийіне тап болатынына сенімді. Теңіз Аралдың тағдырын қайталап, жағалауы ондаған метрге тартылады. Маман келе жатқан апаттың алғашқы белгілері аймақтың негізгі су жолдары – Еділ мен Жайық өзендерінің таяздануы деп атайды. Шұғыл шаралар әлі қолға алынбаса және шетелдік ғалымдардың болжамдары рас болған күнде бұған кім жауапты болмақ?