×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Көпбасарова 246 млн теңгенің есебін ашып айта алмады

25.11.2021, 10:16
Көпбасарова 246 млн теңгенің есебін ашып айта алмады
Фото: ulysmedia.kz

Жуырда Түркістан музыкалық драма театры ел астанасы Нұр-Сұлтанға гастролдік сапармен келіп, «Бөрте» спектаклін сахналады.  Әлеуметтік желілерде театр директоры Айнұр Көпбасарова билеттердің әлден таусылып қалғанын айтып, аншлаг деп хабарлады. Ulysmedia.kz тілшісі құны 246 млн теңге болатын спектакльдің астанадағы премьерасына барып, көрермен пікірін сұрап қайтты.

Иә, ұлы қағанмен есімі қатар аталатын Бөртенің өмірін арқау еткен спектакль сахналанады дегенді естігенде елең ете қалғанбыз. Бізге жеткен аңыздарда Бөртенің болмысынан бөлек бекзаттығы аңғарылып тұратын. Атауымен-ақ айбарлы һәм өктем естілетін «Бөртеге» келген жұрттың қарасы көп екен. Есіктен ентелеген көрермен билетін жыртар-жыртпастан ішке қарай лап қойысты. Қуанышбаев театрының жаңа ғимаратын қызықтаған жұрт атышулы спектакльдің постерінің алдында әрлі-берлі суретке түсіп жатты.

ЖАҚСЫ ДҮНИЕ ҚЫМБАТ ТҰРАДЫ

Қойылым басталғанша бір-бірін премьерамен құттықтап, қаумаласқан жұрт арасынан алдымыздан бірінші кезіккен көрерменнің бірі, әнші Досымжан Таңатаровтан бюджет көлемімен таңырқатқан қойылым туралы пікірін сұрап көрдік. Ол өзі бір кездері әріптес болған Айнұр Көпбасарованың әуелден аз қаржыға жұмыс істемейтін айтты.

«Жалпы, мен Айнұрмен қатар жұмыс істеген адамдардың бірімін. «Хабар» телеарнасындағы жобаларынан бастап аз қаражатпен жұмыс істемейтін қыздардың бірі. Жақсы қаражат бөлінген соң, жақсы дүние шығатындығына сенімдімін. Өйткені Қазақстанға танымал, ел аузында жүрген әртістерді жинады. Өзім бірнеше жыл бұрын Айнұр Көпбасарова жетекшілік еткен «Фариза» қойылымын көріп, тамсанып қалған едім. Бізде театр десе ескі декорацияларды пайдаланғанын ғана көріп үйренгенбіз», – дейді әнші.

246 млн теңгенің ел бюджетінен жұмсалуы аз ба, көп пе деген сауалымызға ол мәдениетке жұмсалған қаржы көптік етпейтіндігін жеткізді.

«Жалпы мәдениетке жұмсалып жатқан ақша ғой. Жақсы дүние қымбат тұрады», деген Досымжан Таңатаров билет бағасының қымбат болуын театр өнерінің, мәртебесінің биіктеуімен байланыстырады. Айтуынша, ол мұнда арнайы шақырумен келген.

«Мүлдем билет қалмады. 25 мыңның билеттерін тіпті 50 мыңға сатып алғысы келген таныстарым болды. Өнерде жүрген әріптестер болғандықтан бүгін шақырумен келдім», - деді әнші.

«206 МЛН ТЕҢГЕНІҢ ЕСЕБІН АЙТПАЙМЫН»

«Бөрте» қойылымының даулы бюджетіне қатысты ulysmedia.kz бірнеше материал жариялаған болатын. Соның ішінде спектакльді Нұр-сұлтанға әкеліп сахналауға 32 млн теңге жұмсалатындығын бұған дейін де хабарлағанымызбен, театр әкімшілігі ресми жауап қатпаған. Осы арада Түркістан музыкалық театрының директоры, «Бөрте» спектаклінің көркемдік жетекшісі Айнұр Көпбасарованың өзін әңгімеге тартуға мүмкіндік туды. Ә дегеннен-ақ, режиссердің неге шетелден шақырылғанын, оларға қанша көлемде қаламақы төленгенін сұрадық. Өйткені мемлекеттік сатып алу порталында қала бюджетінен бөлінген 206 млн теңгенің есебі ашып айтылмаған еді. 

– Егер құпия болмаса шетелдік режиссерлерге қанша теңге гонорар төленді?

– Бұл (246 млн теңге – ред.) бір ғана спектакльдің ақшасы емес. Бұл бірнеше жылға азық болатын театрдың техникасы. Жылжымалы эскалатор, мультимедиялық құрылғылар мен қаншама костюм бар. Миландағы опера театры Ла Скала театрының контентін сызған шығармашылық топты шақырттық. Режиссер іздеп көп елге шықтық. Әрине, соның ішінде Марко Баличке дейін хабарластық (Италиялық продюсер, 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығын ұйымдастыруға шақырылған – ред.). Өкінішке қарай, Бөртенің де, Шыңғыс ханның да тарихын өзіміз жетік біле бермейміз. Ал шеттен келетін туристер мүлдем білмеуі мүмкін. Сондықтан негізгі мақсатымыз, көрерменді тарту үшін визуализация жағына баса мән бердік.

Түркістан музыкалық драма театрының директоры Айнұр Көпбасарова, Нұр-Сұлтан қаласы, 2021 жыл

– Алайда қойылымға бөлінген сомаға қатысты сын көп айтылып жатыр. Әкімшілік тарапынан ешқандай кері жауап болмады.

– Мен де қарап отырған жоқпын, оның бәрін маған алып келеді. 2-3 млн теңгеге қойылым қоюға бола ма, өзіңіз қалай ойлайсыз? Сынға қатысты айтарым, тиынның да, теңгенің де сұрауы бар. Беталбаты, аттың басын жіберіп ары да, бері де шашатын болсақ, оның сұрауы бар екенін білеміз. Бұл жерде қаншама актерлер жұмыс істеп жатыр. Театрда 40-тан астам актер мен балет труппасы бар. Танымал актерлік құрамды жасақтау әлемде бар тәжірибе, Ресейде де бар.

– Қойылым бюджетіне қатысты сынды қалай қабылдадыңыз? Бұл Түркістан үшін көп емес пе?

– Ақшаның аз-көбі болмайды, бірақ өнерде ақшаның барлығының сұрауы болады.

– Дегенмен қосымша бөлінген 206 млн теңгенің есебін мемлекеттік сатып алу порталынан көре алмадық.

Оны журналистерге, порталға бермеймін. Құзырлы органдар келіп тексерді. Солардың қолына бердік. Мен көркемдік жетекшімін, директормын, ол сұрақ бойынша сұраныс жасап, есептеп, сметасы жасалды. Бұл бір ғана спектакльдің бюджеті емес, қаншама техника алынды. Театр – қор. Қомақты ақша бөлінген соң, театрдың басқа да дүниелеріне жарайтын техника алуға жұмсадық. Оның бәрі есептелген. Билет неге 25 мың теңге деп бағасына тиіседі. Сырттан әншілер келгенде де 50 мың, 100 мың теңгеге билет аламыз. Эстрада жұлдыздарының концертіне де ақша аямаймыз. Қазір киноның билеті 2 мың теңге, театрдың билеті 200 теңге. Бірақ оған халық барады.

– Ал Нұр-Сұлтанға гастролдік сапарға 32 млн теңге жұмсалғаны рас па?

– Иә, жұмсалды. Ол порталда ілінді. Біріншіден біз залды жалға алдық. Бір апта бойы қаншама халық келіп, кетіп жатыр, оларды күтіп алу бар. Финанстық жағынан сауатты болу керек шығар. Күрделі шығын және шығын деген ұғым бар.

– Тендерге өзіңіз басқаратын компания қатысты, мұны қалай түсіндірер едіңіз? Бұл мемлекеттік сатып алу туралы заңға қайшы келмей ме?

– Иә, рас. Өйткені Түркістан қаласы шалғайда орналасқандықтан екінің бірі бара бермейді. Шарт бойынша балама кәсіпорындар қатысуы міндетті. Қатыспаса тендер ойналмайды. Ешкім бармады, ешкім қатыспады. Ал бізде уақыт кетіп бара жатыр, уақыттан бұрын бізге ақша берілмеді. Сондықтан көмек ретінде қатысты. Мен де ақымақ емеспін ғой. Менен Ulysmedia-ға өкпелемейсің бе деп сұрайды. Неге өкпелеуім керек? Ондағы қыздар мен жігіттер біреудің дақпырт әңгімесінен кейін жазып жатқан шығар. Театрға берілген 25 пәтерлі үйді күрделі жөндеуден өткізіп, подъезін жасау керек. Соны демеушілер тауып өзім істеттім. Жазғыштар соны көрсе деймін. Қазақ театрын дәріптеушілерге үлкен алғыс айтамын. Чартерлік рейспен, пойызбен, автобуспен қатынап, театрға келіп, шалғайдағы жас театр көрермен батасын алып жатыр. Театр деген мәңгілік дүние шығар. 400 жыл бұрын қойылған Шекспир әлі күнге дейін қойылып келеді. Театр дүниелерін Айнұр Көпбасарова немесе облыс әкімі көтеріп әкетпейді, сол театрда қалады.

Осылайша Айнұр Көпбасаровамен әңгімеміз аяқтала бергенде, қойылым басталатындығын ескерткен қоңырау да ойнап қоя берді. Қаллеки театрының 645 орынды үлкен залы көрерменге лық толыпты,. Олардың арасында мәжіліс депутаттары Дархан Мыңбай, Жанарбек Әшімжан, Қазыбек Иса, Мақпал Мыса, Елнұр Бейсенбай, журналист Ғабит Мүсіреп, әнші Нұржамал Үсенбаева мен Төлеген Мұхамеджанова, Гүлнұр Оразымбетова, тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы сынды бірқатар елге танымал тұлғалар да бар.

Түркістандағы премьерада сахна шымылдығын ашқан облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев астанадағы қойылымда көрінбеді. Десе де премьерадан бір күн бұрын елордада есеп берген облыс әкімі «Бөрте» спектакліне жұмсалған 246 млн теңге қаржының орынсыз шығын емес екенін айтқан болатын. Жергілікті бюджеттен қаржыландырылған спектакльге қатысты Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың да пікірін сұрағымыз келген. Алайда көрермендер арасынан министрді көре алмадық. Тек қойылым басталып кеткенде ғана еппен кіріп, залдың орта тұсына отырып жатқан вице-министр Нұрғиса Дәуешовті көзіміз шалды.

Мәжіліс депутаты Дархан Мыңбай «Бөрте» спектаклінде

Қойылым басталғаннан-ақ қымбат декорациялар мен жарықтандыру арқылы спектакльдің көрнекі бейнесінен суретшінің мәнерлі образы бірден байқалады. Пейзаж фрагменттерін бейнелейтін интерьер, шапқыншылық көрінісі мен алтын орда айналасы кескіндеме мен архитектуралық композициялар арқылы салтанатты көңіл-күй тудырмай қоймайды. Мәселен, Шыңғыс хан сарбаздары меркіттерді жаулап алғанда айнала өртке оранғандағы көріністер алып LED экраннан видео түрінде көрсетіліп, алма-кезек ауысып тұрды. Мұндай видео жабдықтарды жалға алу және орнату қызметтері үшін 9 млн 110 мың теңге шамасында қаржы кеткен.

Көрермендер сахна ортасында жел тұрып, жаңбыр жауғанын айтып таңданыс білдірді. Әрине, мұны тап басып айту қиын, әйтсе де сметалық құжатта мұндай жаңбыр мен арнайы эффектілерге 800 мың теңгеден көп қаржы жұмсалған.

Ал сахнадағы бас кейіпкерлердің 650 мың теңге тұратын әйгілі костюмдері мен 200 мың теңгелік бас киімдерінің құнын спектакль сахналанбай жатып-ақ дүйем ел хабардар болған. Еске салар болсақ, кейіпкер костюмдеріне жалпы 13 млн 100 мың теңге жұмсалған еді.

«Бөрте» пьесасының авторы – белгілі жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дулат Исабеков. Қалай болғанда да Кеңес әдебиетінің көрнекті өкілі болған жазушы қолтаңбасынан социалистік реализмнің ықпалы анық байқалып тұрды. Сахнадағы Шыңғыс хан мен Бөрте қимылы Алтын Орда дәурінің айбарлы үнін елестеткеннен гөрі асүйде абың-күбіңді әңгіме еткен ерлі-зайыптының екеуара күңкіліне көбірек ұқсағандай. Кей тұста тұстас прозаны кезек-кезек оқыған ене мен келін диалогы драматургиялық өрнегін жоғалтып алып та жатты. Иә, актерлік құрамда мін жоқ. Бөртенің рөлінде Вена академиясының түлегі, актриса – Айя Шәріп ойнаса, Шыңғыс хан бейнесін белгілі актер Еркебұлан Дайыров сомдап шықты. Кей сыншылардың айтуынша, «Менің тағайындалған күйеуім», «сендердің қандықолдарың қан» деген сынды талғампаз көрерменге тұрпайы естілер сөз тіркестері сахнадан бірнеше мәрте айтылып қалды.

«ҚАЗАҚТЫҢ ҚАЗЫНАСЫН КІМ ЖЕМЕЙ ЖАТЫР»

Үзіліс арасында мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанды сөзге тарттық. Ол қойылымның идеялық-көркемдік тұрғыда үздік екенін айтқанымен, бюджет көлемі туралы сауалымызға ойлана жауап берді.

«Үлкен шығарма. Өзім театр өнерінің бір кісідей жанкүйерімін. Алматыдағы театрлардан бастап, аймақтағы театрлардың бәрін көріп шықтым деуге болады. Қанша дегенмен италиялық режиссер қолтаңбасы көрініп тұр. Ал Дулат Исабеков – қазақтың классик жазушысы. Өз бойынан өткізген идеяны сахнаға алып шыққан. Бүгінгі қоғам, өмір, басымыздан өтіп жатқан көптеген паралелльдерді көріп отырмын. Билеушілер мен олардың отбасындағы жағдай, туыстық қарым-қатынастар, әлеуметтік қайшылықтар мен орда маңайындағы оқиғалар арқылы қоғамдағы саяси-әлеуметтік жағдайлардың беті ашылады. Шын мәнінде көңіл толқытатын қойылым болып жатыр», – деген Жанарбек Әшімжан қойылым бюджетінің ауқымды екенін, сондай-ақ осы төңіректе айтылып жатқан сыни пікірлермен таныс екенін жеткізді.

Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан

«Бүгін ғана фейсбук әлеуметтік желісінен жазушы Думан Рамазаннның осы қойылымға қатысты пікірін оқыдым. Өте ауыр жазылған. Не айтуға болады? Менің ойымша, үлкен бюджет. Қазақтың қазынасын кім жемей жатыр. Өнер үшін бұл соманы құрбан етуге болатын шығар. Қазақ театры үшін құбылыс деуге болады. Десе де, өте үлкен бюджет екен, қатты қайран қалып тұрмын», – деді ол.

«Бөртенің» бюджетіне қатысты сынмен театрға келген көрерменнің дені таныс болғанымен ыңғайсыз сұрақ санады ма, ашық пікір білдіруден көбі қашқақтады. Қойылымға арнайы келген Зәуре Төлеусариева есімді астаналық зейнеткер билет құны қымбатқа түскенін айтты.

«Өзім билетті 5 мың теңгеге сатып алдым. Үнемі партерге алушы едім, бұл жолы артқы жақтан орын тиді. Өте қымбат, 25 мың теңге дейді. Ал спектакльдің бюджеті көп сияқты. Бірақ режиссерлерді шетелден алдырса, сондай баға кететін шығар», – дейді зейнеткер.

Зейнеткер Зәуре Төлеусариева

Әйгерім Әмірәлі есімді көрермен де қойылымды ұнатып көргенін, актерлік құрамның, декорацияның жаңаша көрініс тапқанын айтты.

«Бір жылап, бір күліп, өз-өзімізге әлі келе алмай жатырмыз. Ал бюджетіне көп ақша жұмсалған екен. Қайда кетпей жатқан ақша, кетсе өнерге кетсін деген пікірдемін», – деп жылы жымиды ол.

Қазақ тілінде қойылған спектакль орыс тілінде ілеспе аудармамен жүрді. Ұзақтығы 2 сағат 30 минут. Бірінші үзілістен соң залдағы көрермендер қатары едәуір сиреп қалғаны байқалды.


Театр директоры Айнұр Көпбасарованың айтуынша, «Бөрте» спектаклі 2022 жылы 22-23 маусым күндері Италияның үш бірдей ұлттық театрына шақырту алған. «Италия министрлігі арнайы шақырып отыр. Бұл қазақ театрының жетістігі. Жол ақысын өздері көтереді», – деді ол. Спектакль Түркістанда 3-4 желтоқсан күндері тағы да сахналанады.

«Бөрте» қойылымының бюджетіне қатысты қоғамды түрлі пікір айтылып жатыр. Олардың кейбірі Түркістан облысының ең кедей әрі балалар суициді бойынша алға шыққан өңір екендігін алға тартып, 246 млн теңгені бір спектакльге бөлуді орынсыз ысырап деп санайды.