×
498.34
519.72
4.85
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
498.34
519.72
4.85

«Хочешь, уходи на х*р...»: Ұлттық арна продюсері танымал әншіні жобадан «қуып жіберген»

«Хочешь, уходи на х*р...»: Ұлттық арна продюсері танымал әншіні жобадан «қуып жіберген»
Коллаж Ulysmedia

Танымал әнші Ақбота Керімбекова Qazaqstan ұлттық арнасының «Жұлдызды жұп» жобасының продюсері Динара Адамнан қорлау сөз естігенін айтып, «Қазақстан» телерадио корпорациясының басқарма төрайымы Ләззат Танысбайға үндеу жолдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ДАУДЫҢ БАСЫ...

Әншінің үндеу жасауына «Жұлдызды жұп» атты жаңа жобаның дұрыс ұйымдастырылмауы себеп болған. Оның айтуынша, Алматыдан Астанаға ұшып келген соң SAAD мейманханасына барған. Жоба ұйымдастырушылары онда бөлме брондалғанын, сол жаққа орналасуын сұраған. Алайда ол мейманханада орын брондалмаған болып шыққан. Бірден жауапты қыздарға хабарласып, мән-жайды түсіндіріп, өзінің қатты ауырып келгенін, мәселені тезірек шешуін сұраған әншіге «Басқа жерге ауыссаңыз» деген. Көшіп-қонып жүруге шамасының болмай тұрғанын айтып, назын жеткізген әншіге жоба продюсері Динара Адам хабарласып, жекіп, «я устала уже от всех этих капризов, все ваши капризы у меня выше голова стоят. Хочешь, уходи на х*р из этого проекта» деп айтып салған.

«САХНАДА ЖҮРГЕН ӘНШІЛЕРДІ ОСЫЛАЙ «ПОСЛАТЬ» ЕТЕ БЕРСЕ...»

Дәл осылай! Қазақта «қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына налимын» деген сөз бар. Ұлт ұлт болғалы маңдайымызға бұйырған жалғыз ұлттық арнамыздың маңдайалды жобаларына Алаш түгілі, адамның қадірін білмейтін, бірде-бір рет қазақша ойланып, ой қорытып көрмеген біреулер жетекшілік еткесін, көрген күн осы екен…

Қазір қоғамда төл арналарымыздың осы тектес музыкалық жобаларына сын көп. «Тұрқы жоқ әнші, сұрқы жоқ сөз, ұлты жоқ ән қаптады» деп өкпелейді халық. 30 жылға жуық Қазақтың ғана әнін айтып, сахнада жүрген әншілерді осылай «послать» ете берсе, ән өнеріне қызмет етуге кімде құлық болады дейсіз? – деді ашынған әнші.

«ТЕЛЕАРНА ТЕНДЕРІН ҰТЫП АЛУДЫҢ ЖОЛДАРЫ ҚАНДАЙ?»

Ақбота Керімбекова осындай ақшалы жобаларды тек осы Динара Адам ұтып алатынын, бұл күмән тудырмай ма деген сауалын да ортаға тастады.

Жеке өзіме бұл жоба түк те қызық емес, тек, «мен болмасам, кім? Өз авторларымның туындылары халыққа жете берсін. Жасымды, жолымды пұлдап мен қатыспасам, менің орныма шөпті де, шөңгені де өлең ғып жүрген біреу табылады ғой» деген оймен шақыруларына келісім бергем. Бұған дейін бұл жобадан, бұл продюссерлік құрамнан бір тиын гонорар да алып көрмегем.

Өзге елден келетін «әйдік» әншілердей райдер де қоймаймыз. Қарапайым күтіп алу әдебін сақтаса, менің бұларда нем бар? Сонысымен қоймай, анадай сөз айтады!.. Бұл кім сонда?! Сосын, байқаймын, осындай ақшалы жобаларды тек осы Динара Адам ұтып алады. Бұған дейін не ұлттық арнаға, не ұлтқа берері бар жобасы болмаса да!.. Бұл күмән тудырмай ма? Жалпы, телеарна жариялайтын тендерді ұтып алудың ресми, бейресми жолдары қандай? Бұл жобаға қанша бөлінді, одан қатысушыларға қаламақы, дұрыс жатын орын қаралмаса, онда, мемлекет қаржысы қайда кетіп жатыр? – деді ол.

«ӨЗ ҮНДЕУІМДІ ЛӘЗЗАТ ТАНЫСПАЙҒА ТІКЕЛЕЙ ЖОЛДАҒЫМ КЕЛЕДІ»

Қазақы әншілерді «мамбет» санайтын, Қазақ руханиятына қосқан титімдей үлесі жоқ Динара Адамға бар жобаны ұтып ала беретін күш қайдан, қалай біткен, осыған дейінгі атқарған жұмыстарының есебі қандай деген сауалдар да мені ойландыра бастады. Сосын, ең ұлы режиссерлерді дайындайтын Кельндегі университетте профессор болған Болат Атабаевтың туған жерінде ұлттық арнаның бір музыкалық жобасын жасай алатын режиссер жоқтай, осы Динараның шешімімен Ресейден, Украинадан, т.б. шет елден режиссерлердің келіп, халықтың бәленбай ақшасын қалтасына басып, біздің өнерге жасап жүрген «қызметін» қай деңгейде бағалауға болады деген сұрақ та менің көкейімде тұр. «Спортымызды легионерлер құлдыратты» деп зар қақсап жатырмыз, ал теледидарымызды ше?.. Осы ретте, мен, көп әртістің «аузының ұшында» жүрген сауалды, осы өз үндеуімді Ұлттық арнаның басқарма төрайымы Ләззат Танысбайға тікелей жолдағым келеді. Қаржылық бөліністер мен оның орынды, тиімді жұмсалуы бойынша тексеруші органдарға да осы үнім жетсе деймін! Құрметпен, Ақбота Керімбекова, - деп жазды әнші.

ҰЛТТЫҚ АРНА МӘЛІМДЕМЕСІ

«Qazaqstan» телеарнасы бағдарлама түсірілімі қарсаңында қатысушылар орналасатын қонақүй нөмірін алдын ала рәсімдеуде қателік кеткенін мәлім етті.

Әнші Ақбота Керімбекова келіп түскен қонақүйде оған арналған нөмір бос болмай шыққан. Ұйымдастырушылар тарапынан мәселе шешімі ретінде бірден өзге бірнеше қонақүйден нөмір таңдау ұсынылды, бірақ әнші одан бас тартты, - делінген ұлттық арна хабарламасында.

Сондай-ақ арна көрерменге жол тартатын музыкалық бағыттағы жобаларды өндіруші компаниялар арасындағы байқау ірі продакшндар арасында әр маусым сайын жарияланатынын, отандық нарықта мұндай жобаларға маманданған шығармашылық ұжымдар көп еместігін атап өтіп, жобаны Динара Адамның командасы жүзеге асыратынын жанамалай түсіндіргендей болды.

ДИНАРА АДАМ

Танымал қазақстандық продюсер. Бұған дейін «Екі жұлдыз», «Астана жұлдызы» сынды жобалардың, сондай-ақ әншілер - Адам мен Қайрат Түнтековтің продюсері болған.