82 жастағы алматылық қария Амангелді Шыңғысов бүгінде мегаполистегі вокзал маңы мен хостелдерді жағалап, күн кешіп жүр. 40 жыл тұрған үш бөлмелі пәтеріндегі ұлы мен келініне сыймадым деген қарт әке «дала қаңғып жүруге мәжбүр» болғанын айтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Кезінде атағы жер жаратын «Гүлдер» ансамблінің солисі болып, білдей бір филармонияда қызмет істеген қария бүгінде барар жер, басар тау таппай көшеде қаңғып жүр. Бұл туралы «Алматы» телеарнасының «Шешімі бар» бағдарламасыда айтты.
82 жастағы Амангелді Шыңғысовтың айтуынша, ол 33 жастағы ұлы мен келініне сыймай, үйден кетуге мәжбүр болған. Содан бері ол қала вокзалдарындағы ақылы жатын орындарда түнеп, хостел жағалап жүр. Киген киімі ұқыпты, мәдениетті, сөзі түзу ақсақалдың вокзал маңында әлдебіреулерден көмек сұрап тұрғанын көрген Шыңғыс Байсеріков есімді азамат оған назар аударып, мән-жайды біліпті.
Айтуынша, ол қарттың бойынан ішімдікке құмар, үй-күйсіз адамдарға тән ешбір белгі байқамаған. Сол себепті қарттың сөзіне сеніп, оған барынша көмек қолын созып, хостелдердің біріне орналастырыпты. Амангелді қарттың сөзіне сенсек, оның қазіргі үш бөлмелі пәтерінде ұлы мен келіні тұрады. Алайда ол «келінім босағаны аттаған күннен бастап-ақ мені жақтырмады», деп мәлімдеп отыр.
«Ұлым келінімнің сөзіне еріп, осылай жасап отыр. Маған көп нәрсенің керегі жоқ, бір бөлме берсе болды, менде қанша жыл өмір қалды?», – дейді ол.
Ал Амангелді ақсақалдың ұлы болса, оны ішімдікке құмар жан ретінде сипаттайды. «Онымен қарым-қатынасымыз дұрыс емес. Ішімдікке құмар. Барлық туыстарымыз осыны айта алады. Есімді білгелі бері ішіп келе жатыр. Үйленгенге дейін де. Тәуліктеп далада жүретінмін. Ол ұйықтап қалған кезде үйге келіп, түнейтінмін», – деп қысқа қайырды ол журналистерге. Ақсақалдың өзі ұлының мәлімдемесі шындыққа жанаспайтынын айтады.