АҚШ-тың Джорджия штатында тұратын отбасы асырап алған қазақ қызы Динара өзіне қол жұмсады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы белгілі журналист, «Шетелдегі қазақ балалары» жобасының авторы Жанар Байсезім айтты.
Америкадан жеткен суыт хабар жып-жылы болып тұрған күздің күнін суытып жіберді. Бір сәтте айналамдағы әсем бояулар қарайып, шайылып кетті.
Бұл қалай болғаны, неге, не үшін?!
Сұрақ көп, жауап жоқ…
Неткен өкініш…
Неткен қасірет…
Динара, кешір мені, кеш бізді…
Рухың пейіште шалқысын.
Жап-жарық едің…Қош бол, Жарық Күн.
P.S. Динараның қазасын туған анасына қалай айтарымды білмей, құлазып отырмын, – деп жазды ол.
Қостанай өңірінің тумасы марқұм Динараны америкалықтар алты жасында асырап алған екен. Ол психология мамандығы бойынша оқыған еді.
Жанар Байсеміздің Ulysmedia.kz тілшісіне айтуы бойынша, бұл – суицид жасаған екінші қыз.
2013 жылы журналистің кейіпкері болған Даяна есімді қыз да өзіне қол жұмсаған.
Балалардың құқығын қорғау комиетінің мәліметі бойынша 1999-2012 жылдар аралығында 8806 бала өзге мемлекетке берілген. Ал 2013-2019 жылдар аралығында 157 бала шекара асқан. Жалпы алғанда 20 жыл ішінде 8963 бала шет ел отбасына берілген.
Бейресми мәлімет бойынша 10 мыңға жуық бала Америка асты деген мәлімет бар.
2012 жылы ҚР «Неке және отбасы туралы» Кодексі күшіне енгеннен бастап Қазақстанда бала асырап алу тәртібі өзгеріп, тек аккредитациядан өткен агенттіктер арқылы жүзеге асатын болды.
Өзге ел азаматтарының бала асырап алу процесі 2012 жылға дейін тек «Неке және отбасы» заңымен іске асқаны үшін талап жеңіл болған. Сол себепті 1999-2012 жылдар аралығында шет елге кеткен бала саны көп болды. Ал 2013-2020 жылдар да талап қатаңдап, арнайы шетелдік агенттіктерді аккредитациялау арқылы іске асты.
Еске салсақ, 2023 жылы елімізде сәбилер үйіне қабылданған бүлдіршіндер саны 8,5%-ға өскен.