×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Өліп бара жатса да, қайынағасымен жағаласпауы керек - Бекболат Тілеухан ХАҚ партиясы жайлы

18.09.2021, 11:08
Өліп бара жатса да, қайынағасымен жағаласпауы керек - Бекболат Тілеухан ХАҚ партиясы жайлы
фото: ашық дереккөзден

Қазақстанда тіркелмеген ХАҚ партиясының құрылуына, жұмыс істеуіне, қаржылық жағдайына мәжіліс депутаты Бекболат Тілеуханның қатысы бар деген ақпарат жиі айтылады. Себебі, партия жетекшісі – Тоғжан Қожалиева оның туған келіні, ағасы Рамазан Тілеуханның ұлы – Мейрамның әйелі. Депутат Qasqa Jol Youtube арнасында журналист Абай Сейфуллаға берген сұхбатында Қожалиеваның партия құруына о бастан қарсы екенін айтқан, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

«Мен әйел адамның саясатпен терең айналысқанына өте қарсы адаммын. Оның үстіне келінің айналысса тіпті біртүрлі. Інің шеттеп тұрып, келінің белсенді болуы менің ұстанымыма да жат, қайшы нәрсе. Сосын партия бастауға үлкен харизма, керемет шешендік керек. Өзінің параметрлері болады. Оның ешқайсын келінімнен көрмеймін. Сондықтан алдын ала болмайтын нәрсеге мен күш салмаймын. Партияның ХАҚ деген аты ғана әдемі, тапқырлықпен қойылған. Басқа ештемесі жоқ», - дейді депутат.

Айтуынша, қозғалыс құрыларда Тілеуханмен ешкім ақылдаспаған.

«Бірақ мен «айналыспай-қойыңдар. Партия ашатын адамның кейпі сен сияқты болмайды» деп ауырлау айттым. Қошқар болар қозының маңдай алды дөң келеді. Менің позициямды олар да біледі. Мен Nur Otan-ның белсенді мүшесімін, гимнінің авторымын. Сондай адамның келіні бүйректен сирақ шығаруы біртүрлі ғой. «Двойной» ойын ойнаған сияқты. Сертшіл, жыраулар мұрасын насихаттаған адамға жараспайтын нәрсе. Сондықтан барынша қарсы шықтым. Тілімді алмады», - деді ол.

«Жала жабам, қаралаймын дегендердің бәрінің оң жамбасына осы жақсы келіп тұр. Туған ағасының баласының әйелі деп айта береді. Бірақ өмірлік көзқарасыма қайшы. Үйіме келсе, келінім ретінде дастарханым ашық. Тәрбиесі бөлек болып тұр ғой. Әйтпесе, қазақтың дәстүрлі ұғымында өліп бара жатса да, қайынағасымен жағаласпайды. Не болмаса, шындап кетсе айырылысып, барикаданың ар жағына шығуы керек. Бірақ оған да бармайды»,- деп ашынды жыршы.