Назар аударарлық мәселе бүгін мәжілісте қаралды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
“ОБЪЕКТИВТІ АҚПАРАТ АЗ”
Әуелі мәселені парламенттің жалпы отырысында мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай көтерген. Ол кейінгі кезде БАҚ-та қарулы күштердің айналасында жағымсыз материалдар күн сайын көбейіп бара жатқанын, оның себебі де барын атап өтеді. Әскерге үйінен сап-сау кеткен бала кемтар болып оралып жатады, табытпен оралып жатқандар да бар.
– Жасөспірімнің жүрегін шайлықтыратын, әскерге баруға ынтасын төмендететін осындай ақпараттар жастардың әскерге баруға деген талабын төмендетіп барады. Осы тұста біздің әскердің, Қарулы күштердің айбынын көрсететін, келбетін танытатын контенттер жетпейтіні анық аңғарылады. Ақпараттық кеңістікте коммуникацияның жетімсіздігі көрінеді. Дұрыс объективті контенттердің болмауының себебі неде? – деп сұрады депутат Қорғаныс министрлігінің өкілдерінен.
Аманжол Әлтайдың айтуынша, бұған мәдениет және ақпарат министрлігі ғана жауапты емес – қорғаныс министрлігінің де міндеті. Әлтай қорғаныс министрлігі басқа жауапты министрліктермен бірлесіп, бағдарлама қабылдауы керек деп есептейді.
“АЛЫП-ҚАШПА ӘҢГІМЕЛЕР”
Жалпы парламентте мәжілістің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне әскери-патриоттық тәрбие мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырған. Сұраққа алдымен, сол жауап берді. Құспан Әлтайдың сөзін қоштап, БАҚ-тың “айыбын одан ары апарып тастағандай” сипатта жауап берді. Ол әскери қызмет туралы “жағымсыз, тіпті анайы ақпараттар “ мәжілістің жұмыс тобында да, арнайы ұйымдастырылған дөңгелек үстелде де әбден талқыланғанын айтады.
– Қарулы күштер – біздің қоғамның ажырамас бөлігі, анық айнасы. Демек, күнделікті өмірде, қоғамда басбұзарлық, ұрлық, құмар ойын, өз-өзіне қол салу, қарыз бату секліді зардапты көріністер болса, олар армияда да кездесетіні заңды нәрсе. Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің деген. Соның кері ғой. Дегенмен, статистика бойынша, осыдан 25-30 жыл бұрын болған жағдайлармен салыстырсақ, қазіргі армияда құқықбұзушылықтың саны айтарлықтай азайды. Алайда армияда келеңсіз жағдайлар кездеседі. Мемлекет басшысы бұған әрдайым назар аударады, – дейді ол.
Айгүл Құспан әр жағдай төтенше оқиға ретінде қарастырылып, кінәлі адамдар жазасын тартуы керек деп айтқанын есіне алды.
– Біз әріптестермен әскери бөлімдерге жиі барамыз. Сарбаздармен, командирлермен кездесеміз. Сарбаздардың аналары комитетімен де бірлесіп, жұмыс істейміз. Оны Лилия Хайруллина деген кісі өте жақсы басқарып жатыр. Сондықтан, біздің көргеніміз бойынша, ақпарат кеңістігінде таралып жатқан әскери қызметшілер арасындағы жаппай жарғылық емес қатынастар туралы алып-қашпа сөздер – шындық ауылынан алыс деп сендіремін сіздерді. Біздің әскерде антына, борышына адал адамдар қызмет етуде. Олар әрдайым Отанды қорғауға дайын. Бірақ сіз айтқандай, әскери қызмет туралы ақпаратты түзету керек. Жөндеу керек, – дейді ол.
Айгүл Құспанның сөзінше, ол үшін екі мәселе заң жобасында қарастырылған. Біріншісі – Қорғаныс министрлігі жанында әскери-патриоттық тәрбиелеу жөнінде Үйлестіру кеңесі құрылады. Бұл кеңес көп шаруамен қатар, армияның имиджіне қатысты мәселелерді қарап, шешімін іздемек. Екіншіден, қорғанысты ақпараттық-идеологиялық тұрғыдан қалыптастыру деген жаңа ұғым енгізіледі. Бұл жаңа тетік бүкіл БАҚ арқылы армияның жаңа, оң бет-беделін қалыптастырады деген жоспар бар.
“ҚОРҒАНЫС МИНИСТРЛІГІ ОЛАЙ ОЙЛАМАЙДЫ”
Осы әңгіме парламент қабырғасында көтерілгеннен кейін журналистер осы мәселенің мәнісін қорғаныс министрінің орынбасары Шайх Хасан Жазықбаевтан сұраған.
– Армияның беделінің құлдырауын БАҚ-тың жағымсыз жаңалықтарды көп беруі деген пікір айтты. Шынымен де, ақпаратты ашық беру, әскердегі бар мәселені ашық көрсетуде журналистер кінәлі болып тұрмыз ба? – деп сұрады журналистер министрдің орынбасарынан.
Шайх Хасан Жазықбаев “Қорғаныс министрлігі олай ойламайды” деп жауап берді.
– Сіздер таратқан ақпараттан Қарулы күштердің беделі түсіп жатыр деген сөз дұрыс емес деп ойлаймын. Бірақ ақпаратты бұрмалаудан, болмаған нәрсені болды деп айтудан беделі түсуі мүмкін. Сондықтан, бүгін осы заң жобасын қарастырған кезде болашақта бәріне стратегиялық тұрғыдан қарап, сапасын дұрыстап, әскерге дейінгі жастардың әскери-патриоттық тәрбиелеу жүйесін құру, тек мерзімді әскери қызметкер емес, болашақ сержант, офицерлердің де әскери-патриоттық тәрбиесін арттырып, келеңсіз жағдайларды азайтуға үміттенеміз, – дейді ол.
АРМИЯДАҒЫ ӨЛІМ
Кейінгі жылдары «армияда көз жұмды» деген бір сарбаздың топырағы суымай жатып, екіншісі жан тапсырып жатыр. Қорғаныс министрінің орынбасары – генерал-майор Бақытбек Сыдықов қарулы күштерде соңғы төрт жылда 40 әскери қызметкер өзіне қол салғанын хабарлаған. Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы соңғы үш жылда Қазақстанда 270 әскери қызметкер қайтыс болғанын айтқан. Ulysmedia.kz порталы әскерде туысы қаза болған, жараланған оқиғалар жайлы жазып келеді.