×
523.17
550.06
4.93
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
523.17
550.06
4.93

«Бауыздап тастаймын деді»: Алматы облысында әйел күйеуінен 13 жыл бойы қорлық көрген

«Бауыздап тастаймын деді»: Алматы облысында әйел күйеуінен 13 жыл бойы қорлық көрген
Фото: видеодан скрин

Алматы облысында "13 жыл бойы күйеуімнен қорлық көрдім" деген 34 жастағы Қамар Алпамыс жұбайының заңмен жазалануын талап етеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«ӨМІР БОЙЫ АНА БОЛУ БАҚЫТЫНАН АЙЫРЫЛДЫМ»

31-телеарнаның «Информбро» жаңалықтар бағдарламасының мәліметінше, ер адамның зілдей жұдырығынан жапа шеккен әйел полицияға арыз да жазған. Алайда, жәбірленушінің айтуынша, құзырлы орган өкілдері 8 айдан бері шарасыз отыр. Тергеушілер түлкі бұлаңға салып, қозғалған қылмыстық іс орнынан жылжымай қалды дейді.

34 жастағы Қамар Алпамыс кейін қорқынышты түсіне айналатын ер адаммен 13 жыл бұрын отау құрып, одан 3 қыз дүниеге әкелген. Айтуынша, күйеуі қол көтеруді неке қиған күннен 3 ай өте салғанда бастап, кейін оны әдет қылған. Қамар сонда да кешіріммен қарап, төзіп келдім дейді.

Мен сені бауыздап өлтіріп тастаймын деп мойнымды машинаның әйнектеріне қажады. Былай ішімнен ұрып, еңкейгенде бетімнен ұратын. 2023 жылы майда менің ішегім іріндеп кетті. Жарылып кетті. Соның салдарынан мен өмір бойы ана болу бақытынан айырылдым, – дейді келіншек.

Тұрмыстықтық зорлықтың құрбаны болған әйел басынан өткен сұмдықты туған-туыстарынан ұзақ уақыт бойы жасырып келген. Осыдан 8 ай бұрынан Қарасай аудандық полиция басқармасына жүгініп, арыз жазған екен. Бірақ құзырлы органнан қолдау болмапты.

Әділетсіздіктің буынан тұншығамын. 8 ай бойы 4 рет жауап бердім, 4 беттестіруге қатыстым. Ең мықты деген адамдардың өзі маған адвокат болса да, Қарасай аудандық полициясы ешбір қозғалыс жасап отырған жоқ, – дейді келіншек.

ПОЛИЦИЯ МӘЛІМДЕМЕСІ

Ал Алматы облыстық Полиция департаменті бұл жайтқа қатысты "денсаулыққа қасақана зиян келтіру" дерегі бойынша қылмыстық іс тіркелгенін ғана хабарлады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде заңды шешім қабылдай отырып, мән-жайларды жан-жақты, толық және объективті зерттеу үшін заңда көзделген барлық шаралар қабылданатын болады.

Тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етілмейді.

Құзырлы орган өкілдері қылмыстық іс бойынша күдіктінің бар-жоғын мәлім етпеді. Жәбірленушінің сөзіне сенсек, зорлық көрсеткен азаматты уақытша қамауға алмақ түгілі, шара қолданылмаған. Әділдік іздеген Қамар Алпамыс енді прокуратураға шағым түсірмек, – дейді Алматы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Еске салсақ, бұған дейін Көкшетауда күйеуінің қорлығынан әйел асылып өлгенін, ал полиция істі тоқтатып тастағанын жазған едік.